Қоғам

Арлы ақынды аза тұтады ақиқат

Арлы ақынды аза тұтады ақиқат

Әзірейілінің оранған шапанына, Аты да көп, аурудың түрі де көп. Аузы ашылған ажалдың апанына Салып алды ақынның бірін ерек.

Көне ме анау көрге бұл ақын бірақ?.. Сене ме анау жұрт оның өлгеніне... Өлеңі анау – қайғырып жатыр жылап, Бөлеп алау жүрегін жөргегіне...

Жадау күннің жанарын мұнар басқан, Жүдеу жел де сыңсиды жоқтау айтып. Сынық қанат армандар мұң арбасқан Бірге ұшқан қосылмақ топқа қайтіп?..

Сәні бар-ды толтырған сахнаны, Әні қалды айтылмай жетімсіреп. Жалған ғана жар сала аһ ұрады, Бақи өмір басталды екінші деп...

Жүк артқандай жөңкіле көшті бұлттар, Жұбатқандай қараша-ай қазан айды. ...Кір дүниеге болмаған еш кіріптар Арлы Ақынды ақиқат азалайды!..

 

Үміт БИТЕНОВА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі