Әскери қызметші — мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі

0 88

Әскер – ел қорғаны.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін алдына қиын да маңызды міндет қойды. Ол өзінің Қарулы Күштерін құру еді. Қазақстан өзінің дербес әскерін құруға заңды құқығын 1992 жылы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды.

Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштері бірден оңай құрыла салған жоқ. Онда түйткілді мәселелер жеткілікті болды. Оның ең бастысы кадр, тәжірибе мәселесі болды. Алайда тынымсыз әрекеттің арқасында Қарулы Күштеріміз аяғынан нық тұрып, бүгінде айбынды әскеріміз тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды. Яғни, бүгінде мемлекетіміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді.

Сәрсенбінің сәтті күні ауданымыздың аумағында орналасқан 91678 әскери бөліміне Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының рұқсатымен арнайы мақала жазуға бардық. Ондағы мақсатымыз – әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, жас сарбаздармен сұхбаттасып, жас ұрпаққа тағылымды патриоттық рухтағы мақала дайындау.

91678 әскери бөлімі ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік зор үлесін қосып келе жатқан әскери бөлімдердің бірі.

Әскери бөлім 2000 жылы Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде батальон болып жасақталып, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысып, Бауыржан Момышұлы ауылына келіп шоғырланды. Бірінші Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болды. Кейін жеке батальон болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды.

Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, жуалылық генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ағамыздың идеясымен құрылған.

2001 жылы әскери бөлім жаңа ашылғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп көріп қайтты.

Әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі жайлы әскери бөлімнің командирі подполковник Жоламанов Еркін Жоламанұлымен сұхбаттастық.

Патриотизмі биік ұлт ешуақытта ешкімнің қолжаулығына айналмайды

-Әскери бөлімде бүгінде 70 сарбаз бар. Яғни көктемде 40, күзде 30 сарбаз қабылданған. Олар әскер қатарында тура бір жыл болады.

Әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасы әскери тапсырмаларды орындауға барлық жағынан толық қамтамасыз етілген.

Сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Әр апта сайын түрлі оқу-жаттығу кестелері бойынша оқиды, жаттығады. Жеке уақыттарында жаңалықтар көреді, шахмат ойнайды, спортпен шұғылданады, тағы да басқа сүйікті істерімен айналысады.

Тәртіп қатаң. Әр бөлімшеде бір офицер мен бір сержант сарбаздардың күн тәртібін қадағалайды. Әскери басқармадан да арнайы бөлінген сержанттар қадағалап отырады.

Сарбаздар арасында тәртіпбұзушылық болмас үшін бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға жоспар құрылады. Жоспар бойынша дәріс оқылып, басқа әскери бөлімдердегі  құқық бұзып, жазаланғандар, яғни құқықбұзушылықтың соңы неге апаратыны туралы фильмдер көрсетіледі.

Біздің таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк.

91678 әскер бөлімінің жауынгерлік тапсырмасы бір сөзбен айтқанда – таулы аймақтардағы қорғаныс және ұрыс беруге арналған.

Әскери бөлімнің соңғы жетістіктеріне тоқталсам, Монғолияда өткен халықаралық армия ойындарында, нақты айтқанда «Аравт» ат марафонында Қырғызстан мен Ресей құрамасын басып озып, жүлделі  ІІ орынды иелендік. Ойынның шарты бойынша сайыскерлер 130 шақырым қашықтықта марафонға қатысып, қысқа қашықтықта эстафетадан өтеді. Жарыс жолы ретінде орманды, су бөгеттері мен құмды жерлер таңдалған. Жарыстың бірінші кезеңі негізінен атқа байланысты болса, екінші кезең жауынгерлердің дайындығын бағалайды.

Сонымен бірге әскери бөлімнің жалпы дайындығын тексеру мақсатындағы байқау қорытындысында біздің әскери бөлім жалғыз «5» деген бағаға бағаланған бөлім болды. Бұл да әскери бөлімнің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Ендігі жоспарымыз «Алтын жебе» әскери оқу-жаттығуына қатысып, жоғары көрсеткішке қол жеткізу.

Қарулы Күштеріміздің қанаты қатайып, бұғанасы бекіген сайын жауынгерлік әлеуеті де жыл сайын артып келеді.

Қазақстан әскеріндегі сап түзеп тұрған сарбаздар мен сардарлардың да Отанға деген патриоттық сезімі артып, рухы биіктей түсуде.

Қазақстанның тыныштығын, бейбітшілігін сақтау, елін, жерін қорғау – кез келген қазақстандық азаматтың Отан, туған ел, туған жер алдындағы қасиетті борышы.

Әскери қызметшінің туған жерге деген айнымас адалдығы мен ерлік істері өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Әскери қызметшінің қиындыққа толы және халық игілігі жолындағы ерен еңбегі елімізде жоғары бағаланып келеді. Әскери қызметші – мемлекетіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі.

Патриотизм – Отанын, туған елін сүю, яғни патриоттық отбасыңа, Отаныңа берілгендік, үлкенді сыйлау, заңды, тәртіпті, салт-дәстүрді сақтаудан басталады.

Патриотизмі биік, ерлігі кемел ұлт ешуақытта ешкімнің құлына, қолжаулығына айналмайды.

Ер жігіттің Отанын қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал, еңбекқорлық, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық, жауапкершілік – адам үшін ең қажетті қасиет. Ер азаматтың бойында бұл қасиеттердің шыңы әскер қатарында қалыптасады. 91678 әскери бөлімі түрлі әскери оқу-жаттығуларға қатысып, үздік көрсеткіштерге қолжеткізуде. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында ең үздік әскери бөлімдердің қатарында. Сондықтан таулы-егерьлік полкте, Батыр Баукеңнің жерінде, елінде қызмет ету бөлімдегі кез келген әскери қызметші үшін үлкен абырой деп есептеймін. Әскери бөлімнің абыройы, Отанымыздың тыныштығы мен бейбітшілігі, жетістігі үшін біз қашанда адал қызмет етуге дайынбыз!,- дейді 91678 әскери бөлімінің командирі подполковник Еркін Жоламанұлы.

 

Әскердегі әр күніміз қызықты

Бұдан соң әскери бөлімдегі жас сарбаздарды әңгімеге тарттық.

Өзін Нурахунов Бахтим Нұрмахаметұлы деп таныстырған жас сарбаз 2001 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында өмірге келген. Әскер қатарына үстіміздегі жылы 7 маусымда алыныпты.

-Мен Алматыдағы «Сымбат» колледжін бітірдім. Мамандығым – дизайнер. Қолыма дипломымды алған соң әскерге баруды шешіп, бес күн құжаттарымды жинадым да, әскер қатарына алындым.

Бұл әскери бөлімге алғаш келгенде тамаша табиғатына қатты таңқалдым. Ерекше сезімде бодым.

Әскер қатарында болып, Отанына адал қызмет ету – әрбір ер азаматтың борышы. Әскерге  келген ер жігіт рухани жағынан үлкен дайындықпен келуі керек. Ер жігіт батыл, намысшыл болуы тиіс.

Алғаш келгенде ұйқыдан қиналдым. Үш күннен кейін үйреніп кеттім. Қазір тіпті алдын ала оянып аламын. Өзіме рота командирі аға лейтенант Сатым Айдосты үлгі тұтамын.

Әскер жігітті тазалыққа, тәртіпке, батылдыққа тәрбиелейді.

Әскерде бірге болған достарым мен үшін ерекше қымбат. Бәрі үшін де солай деп ойлаймын. Себебі, бір жыл, 365 күн бойы біргеміз, бірге тамақтанамыз, қиындықта да, қызықта да біргеміз.

Сарбаздың әскердегі бір күні былай өтеді:

6:30-да ұйқыдан оянамыз. Содан дене шынықтырамыз, таңғы ас ішеміз. 9:00-де оқу-жаттығу басталады. 13:00-де түскі ас. Жеке уақытымыздан кейін 15:00-ден 16:50-ге дейін қайтадан сабақ. Әрі қарай дене шынықтырып, кешкі ас ішеміз. Кешкі 19:30-дан 20:50-ге дейін жеке уақытымыз. Яғни, ертеңге киімдерімізді дайындаймыз да, ақпараттық тәрбие бөлмесінде өз қалауымыз бойынша бірі кітап оқыса, бірі шахмат ойнайды, бірі домбыра, бірі гитара тартады, бірі спортпен шұғылданады. Қысқасы, барлық мүмкіндік бар. Концерт қоямыз, КВН ойнаймыз, осылайша әр күніміз қызықты өтеді. Кешкісін ата-анамызбен сөйлесеміз, кешкі серуенге шығамыз.

Әскери бөлімде тамақ өте жақсы. Күнде ас мәзірі өзгеріп отырады. Ірімшік, айран, жұмыртқа, үйде күнде іше бермейтін тамақтар мұнда бар.

Ендігі арманым – туған жеріме аман-есен, абыроймен оралып, еліме пайдамды тигізе алатындай кәсіпкер болу.

Қазір кей жастар шетелге еліктейді. Сонда оқып, сонда жұмыс істеп, сонда тұрғысы келеді. Бұл дұрыс түсінік емес. Өз еліміздің қадірін білуіміз керек. Жас ұрпақ өз Отанын шексіз сүю үшін патриоттық тәрбиеге әрбір отбасы, мектеп ерекше көңіл бөлуі керек.

Біз мұнда сарбаздар бір-бірімізбен доспыз. Әскерде бір жыл ғана бірге боламыз. Сондықтан бір-бірімізді ренжітпейік, қадірімізге жетіп, сыйласа білейік деген түсінік қалыптасқан,- дейді Бахтим Нұрмахаметұлы.

 

Әскер маған шыншыл, табанды, намысшыл болуды үйретті

Ал, Маңғыстау облысы Атырау қаласынан келген Абылай Тәжібай есімді сарбаз әскери бөлімге үстіміздегі жылы 22 маусымда келіпті.

Абылай Тәжібайұлы 2000 жылы дүниеге келген.

-Алғаш келгенде біраз қиналдым. Бірақ Ант қабылдау рәсімі өткен соң әскери өмірге бейімделе бастадым. Мен Ақтауда Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университеттің заң факультетінде оқимын. Оқуымды бір жылға уақытша тоқтатып, әскерге арнайы өз еркіммен келдім. Келгеніме көп болған жоқ. Бірақ тазалықты, қару-жарақты қалай пайдалану керектігін, саптық жүрісті, дене шынықтыруды үйрендім. Әлі де үйренеріміз көп. Әскерде әр күнің әртүрлі, қызықты өтеді. Уақыт тез өтіп жатыр. Рота командиріміз капитан Әкетов Серік Нұржанұлын өзіме үлгі тұтамын.

Әскер маған әсіресе, қандай қиындық болса да табанды болуды, шыншыл, намысшыл болуды үйретті.

Мен болашақта ішкі істер министрлігінде қызмет еткім келеді,- дейді жас сарбаз.

 

Сарбаздармен жеке-жеке жұмыс жасаймын

Сарбаздармен тығыз жұмыс жасайтын маман ол – психолог. Әскери бөлімге психолог болып лейтенант Нұралдинов Қанат Ермекұлының келгеніне көп уақыт болмапты. Лейтенант Алматыдағы Құрлық әскерлері университетінің психология факультетінің алғашқы түлектерінің бірі. Яғни, өз ісінің болашақ нағыз шебері.

Қанат Ермекұлы 15 жасынан бастап  әскери салада екен. Алғаш 15 жасында Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-интернатта оқиды.

Әскери бөлімде психологтың жұмысы өте жауапты. Себебі, психолог жас сарбаздардың жандүниесімен жұмыс жасайды.

-Әскерге келген әр сарбаздың мінез-құлқы, психологиясы әртүрлі. Біреуі үйдің еркесі болса, бірі тұңғышы дегендей. Сондықтан мен олармен жеке-жеке жұмыс істеймін. Олармен ашық әңгімелесемін. Олар маған ішкі сырын айтады. Мен олардың сырына берік болуым керек. Әр сарбаз жеке тұлға. Олардың әскерден есейіп, жақсы азамат болып қайтуы үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз. Сонымен бірге сарбаздардың бір-бірін түсініп, жақсы қарым-қатынаста болуы үшін жұмыс жасаймын. Аптаның әр жексенбісінде тренингтер өткіземін.

Жалпы мен әскери өмірді таңдаған ер азаматтардың бірімін. Әскери өмір ең бірінші адамның жауапкершілігін талап етеді. Тәртіп, биік рух, ар-намысты талап етеді. Сондықтан жас жігіттерді әскерге шақырамын! – дейді лейтенант Қанат Ермекұлы.

Әскери бөлімде бізді командирдің орынбасары капитан Саян Байбосынов ертіп жүрді. Саян Байбосынов жергілікті редакция  журналистерінің әскери бөлімнен патриоттық рухта мақала дайындау туралы ұсынысына ризашылығын білдіріп, әскери бөлім алдағы уақытта да байланыста болуы жас ұрпаққа өз пайдасын тигізетіні жайлы айтты.

Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Биік рухты, өр мінезді, білімді де білікті азаматтарымыз көп болсын!

 

Перизат шымыртайқызы,

«Jańa ómir»

Жоғарыдағы суреттерді түсірген

Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.