Асыл мұратқа жетелеген асқақ арман

0 83

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Себебі сынаптай сырғыған адамзат ғұмыры сынаққа толы. Арманмен қанаттанбағандар сөз жоқ бұл сүрлеуден сүрінері анық. Оған тек рухы мықтылар ғана төтеп беретіні ақиқат. Тағдыр аяғын тұсауласа да тауы шағылмаған тараздық жас Ерлан Сейдәзім сом жүректі сондай оғланның бірі. Ол қоғамның қорғасындай анықтамасы – мүмкіндігі шектеулі деген ұғымға сыймайтын, өз мүмкіндігінің шексіздігін ілкімді іспен дәлелдеп келе жатқан өрен десек асып айтқандық болмас.

Ерлан жарық дүние есігін айқара ашқанда Жер-анаға аяғын нық тіреген өскін еді. Өз аяғымен желмен жарысып өсіп, құстай ұшып мектепке де барды. Тараз топырағында кіндік қаны тамған елгезек Ерлан осылайша қара танып, білім алып жүреді. Ойын баласы ойда жоқта бір күні талдан құлап, ет қызуымен ештеңені елемей құлын-тайдай шауып кете береді. Бірер күннен кейін түскі уақытта оның жан дүниесін жайсыздық билеп, әлсіз қалпында ұйқыға кетеді. Кешқұрым ол жалындаған жанарын ашқан бойда аяғынан әл кеткенін байқайды. Осылайша дана халқымыз отау иесі деп тұжырымдаған он үш жасында ол өз еркімен жүру қабілетінен айрылады. Бауыр еті баласының бұл халіне алаңдаған ата-ананың бармаған жері, баспаған тауы қалмады.
– Ойнап жүріп талдан құлағанымда аса қатты ауырлық сезіне қойған жоқпын. Бірнеше күн өткеннен кейін түскі уақытта белім ауыра бастағанын байқадым. Қайта-қайта әжетханаға барғым келді. Осылайша үйде көзім ілініп кетіпті. Оянсам түн болған. Өз еркімнен орнымнан тұра алмадым. Әкем көтеріп тұрғызды. Жүру қабілетімнен айырылып қалдым. Ата-анамның алып бармаған жері жоқ. Қаншама дәрігердің алдынан өттік. Нақты диагнозын ешкім дөп басып айта алмады. Ақыры қырғызстандық емхананың бір бас дәрігері ем-дом шаралары дұрыс жүргізілсе, екі аптада аяққа тұрып кететінімді айтты. Бірақ, ол болжам сөз жүзінде қалды. Кейбіреулер инфекция деп тұжырымдады. Дегенмен ол болжам да қате болып шықты. Соңында миелит, яғни жұлынның қабынуы деген тоқтамға келді. Адамның мұндай күйі орталық ми жүйесінің басқа ағза мүшелерімен байланысы бұзылғанда орын алатын көрінеді, – деп еске алады Ерлан.
Осы сәттен бастап Ерланның оқуы үйінде жалғасады. Дегенмен ғұмыры енді бүршік жарып келе жатқан жас өскіннің жаздан бұрын ертерек күзі жетіп үлгергені жанын жегідей жеп, Ерланның оқу оқымақ түгіл, өмір сүруге де қызығушылығы болмайды. Салы суға кеткен ол күйзелісті бастан кешіп, 11 сыныпты аяқтайды. Осы уақытта Ерланның анасы қашықтан оқытатын арнайы курстардың біріне баласын оқуға беруге талпынады. Өз кезегінде бұл курс салы суға кеткен Ерланды санаулы уақытта кәсіпкерлік әдістеріне, психологиялық кеңестер мен компьютерлік сауаттылыққа баулып шығады.
– Курсты бір жылда оқып шығып, арнайы сертификатты қолыма алдым. Дейтұрғанмен мен одан әрі не істеу керектігін білмедім. Ештеңеге зауқым соқпады. Сол сәтте мен Тараз қаласындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың «Жандану» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Заитжан Юлдашевпен таныстым. Ол кезде мен өздігімнен компьютер, телефон құрылғыларын жөндеп, ғаламтор сайттарын жасай алатынмын. Осылайша 2014 жылы мені аталған қоғамдық бірлестіктегі мүмкіндігі шектеулі жандарға компьютерлік білім беріп, дәріс үйретуге жұмысқа шақырды. Күні бүгінге дейін сол жерде жұмыс істеп келемін. Бірлестік жылына 20 мүмкіндігі шектеулі азаматты оқытуда. Компьютерлік білімнен бөлек онда құқықтық, психологиялық дәрістер өтіп, ағылшын тілі де үйретіледі. Олардың барлығы да қашықтан оқытылады. Дәріс беру кезінде тек қана сабақпен шектелмейміз, арасында хал-жағдай сұрасып, сырласып, ақыры бір-бірлерімізге бауыр басып кетеміз. Сөз арасында оқушылар өздерінің күйзелістерін, мұң-мұқтаждарын да менімен бөлісетіні жасырын емес. Сондай сәттерде мен оларға шынайы көмектескім келеді. Өзімді де олар үшін керек сезіне бастадым, – дейді ол.
Қазірде бірлестіктің жұмысына белсене араласып кеткен Ерланды түрлі қоғамдық іс-шараларға да жиі шақырады. Өз кезегінде ол өзі дәріс беріп жүрген мүмкіндігі шектеулі жастардың мәселесін ешқашан тасада қалдырған емес. Олардың жетістіктерімен де мақтанады. Осылайша ол тағдыр тауқыметін жеңіп жүрген жастардың мүддесін қорғайтын «Жас ұрпақ» қоғамдық бірлестігін құрды. Ең алдымен Ерлан бірлестік аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың компьютерлерін тегін жөндеу мәселесінің шешімін іздейді. Оған қоса ол компьютерлік бағдарламаларды да тегін орнатып беруді ойластырады.
– Сабақ барысында мен көптеген оқушыларымның өз бетінше ғаламторға кіре алмайтынын, қажетті бағдарламаларды қолдануды білмейтінін аңғардым. Көпшілігі маған «Электрондық Үкімет» порталы арқылы қажетті анықтамаларын алып беру туралы өтінішпен қайырылатын. Кейбіреулері тіпті компьютерді қоса алмайды да. Әрине, мен олардың барлығына қолдан келген көмегімді аянған емеспін. Жалпы, біздің өңірде осындай көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Сондықтан мен оларға осы бағытта қолдау көрсететін жобаммен «Zhas project»-ке қатыстым. Бұл жобам көпшілікке ұнағанымен кездейсоқ іріктеу кезінде өтпей қалды. Дегенмен ол менің қанатымды қайырған жоқ. Керісінше жаңа идеяларды дүниеге алып келді. Өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі мені осылайша «Nur Otan» партиясына алып келді. Онда мені бірден кадрлық резервке қосты. Жуырда партияішілік праймеризге қатыстым. Себебі бізде әлі күнге мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесінің толыққанды шешімі табылған жоқ. Күні бүгінде дейін жеке, кәсіптік орындарда пандустар орнатылмаған. Орнатылса да ол ешқандай талапқа сай емес, сапасыз. Саяси додада жоғары ұпай жинамасам да мен тағдырластарымның мәселесін қаузадым. Әлі де шама шарқым жеткенше осы мәселелердің шешімін іздейтін боламын. Себебі мен қай істе де тек өзіме сенетін жанмын, – дейді Ерлан.
Өз сөзінде Ерлан өмірдегі басты қамқоршылары ата-анасы екенін де мақтанышпен жеткізді. Өзі үйдегі бес баланың кенжесі. Бауырлары да оған қолдау білдіруге әрдайым әзір.
Рас, қазіргі таңда тепсе темір үзетін азаматтар «Екі қолға бір күрек» таппай жүргенде Ерланның ісі, талпынысы еріксіз көңілге қуаныш ұялатады. Бала күнінен Ерлан көлік құралын басқаруды да армандапты. Осылайша ол өз бетінше жол жүру ережелерін оқып, емтиханын тапсырып, ата-анасының қолдауымен алғашқы темір тұлпарын тізгіндейді. Несиеге алған алғашқы көлігін де өз күшімен төлеп біткен ол қосымша қаражат жинап ескі «Volkswagen Passat» автомашинасы «BMW»-ға ауыстырады. Қазіргі таңда Ерлан қалада емін еркін осы көлікті өзі басқарып жүр.
Өз сөзінде Ерлан сын сағатта кеңес беріп қолдау көрсеткен «Қамқор ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мамырайымоваға да алғысын жеткізді. Ұзақ жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып жүрген бірлестік төрайымы Ерланға әлі күнге дейін қарайласып жүретін көрінеді.
Сонымен қатар Ерлан салауатты өмір салтын да мықтап ұстанған. Тұрақты түрде жаттығу залына барып, шынығып тұрады. Жеті қазынаның біріне жататын Старк атты итін де жанынан тастамайды. Қазіргі таңда медиаторлыққа ден қойып, осы бағытта білімін жетілдіруде. Ғаламтор арқылы танысқан Салтанат есімді қазақтың қара көзімен шаңырақ көтеруді жоспарлап жүргенін де жасырмайды.
Одан бөлек, Ерлан нақты уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың қоларбасын жөндейтін, техникалық қызмет көрсететін орталық ашуды мақсат етеді. Өзінің айтуынша, арнайы үйде және көшеде қозғалуға арналған қоларбалар 4 және 7 жылда беріледі екен. Сәйкесінше жолдардың, тротуарлардың сапасыздығынан арбалар ерте істен шығатын көрінеді. Ал оларды жөндейтін орын облыста жоқ. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың әр жерге сандалуына тура келеді. Жөндейтіндер табылған күннің өзінде жұмыстың сапасына кепілдік бермейді.
– Осы жобам бойынша мен облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қабылдауында болдым. Идеям ол кісіге ұнады. Себебі жоба қоларбаларды жөндеп қана қоймай, сонымен қатар адамдарды жұмыспен қамтуға да ниетті. Бұл орталықта қоларбаны бояудан бастап, кешенді жөндеу жұмыстарын толыққанды жүзеге асыруға болады. Ең бастысы бұл қызмет түрі мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін, ақысыз негізде жүзеге аспақ, – дейді Ерлан.
Қазіргі таңда Ерланның аталмыш жобасы тиісті қаражатын күтуде. Іс жүзеге асса, көптеген мүмкіндігі шектеулі жандардың игілігіне жарайын деп тұр. Өз сөзінің соңында Ерлан қоғам үшін тау қопаратын тұлға болмасам да, өскелең ұрпақ үшін, ел игілігі үшін тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам деген арманын жасырмады. Біз оның толағай талпынысын, ерік-жігерін, қажыр-қайратын ісінен көріп-ақ сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың болмысындағы шынайы патриоттықты көрдік. Қарапайым, мейірімді, ашық-жарқын табиғаты Ерланға деген ел сенімін одан сайын еселей түсетіні тағы бар. Себебі оның ісі де, мақсаты да өзінің замандастарына ғана емес, кейінгі өскелең ұрпаққа да үлгі болары анық.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.