Аудан әкімдері әлеуметтік дүңгіршекке неге бас ауыртқысы келмейді?

63

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығы, «Асарлатып үй салу» жобасының жүзеге асырылуы және әскерге шақыру науқанының барысы қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан әкімдері қатысты.

Мойынқұмда бірде-бір қойма жоқ

Жалпы өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 3 бағытта (тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткеру, сауда жүйелерін несиелендіру және сауда желілеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу) жұмыс атқарылуда.
Жыл басынан бері 4 мың 513 тоннаны құрайтын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарық бағасынан 5-50 пайыз төмен бағамен өткеріліпті. Нан бағасын тұрақтандыру үшін наубайханаларға 700 тонна бірінші сұрыпты ұнның келісі 110-115 теңгеден босатылған. Қыркүйек айынан бастап әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, бүгінге дейін 924 миллион теңгені құрайтын 807 тонна тауар сатылған.
Ал сауда жүйелерін несиелендіру бағыты бойынша облысымызда қыркүйек-қазан айларында «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасына республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге несие беріліп, 4 сауда желісі, 3 қайта өңдеуші кәсіпорын несиелендірілген.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Амановтың айтуынша, қазіргі таңда тұрақтандыру қорының есебінде 1917,7 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Жыл басынан салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляция деңгейі облыс бойынша 106,8 пайыз болса, Мойынқұм ауданында 128,2 пайыз, Байзақ ауданында 120,7 пайыз, Жуалы ауданында 115,8 пайыз, Жамбыл ауданында 115,2 пайыз, Талас ауданында 111,8 пайыз, Сарысу ауданында 109,8 пайызды құрап, облыстық деңгейден жоғары қалыптасқанын жеткізді. Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы шекті мәнінен 15 пайызға өсіп кеткен.
Сонымен қатар Қайрат Тілеубайұлы облыстағы қоймалардың жай-күйіне тоқталды. Баяндамашының айтуынша облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 241,8 мың тоннаны құрайтын 231 қойма жұмыс істеп тұр. Бүгінде 221 қоймада 141,9 мың тоннадан астам өнім сақталуда. Өкінішке қарай Мойынқұм ауданында бірде-бір қойма болмаса, Талас, Сарысу аудандары бір-бір қоймаға тәуелді болып отыр. Ал егін шаруашылығы ерекше дамыған Т.Рысқұлов ауданында 3, Меркі ауданында 8 қойма ғана бар екен.
Жиын барысында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Олжас Қаржауов облыс әкімінің тапсырмасына сай салынып жатқан әлеуметтік дүңгіршектер туралы баяндады. Олжас Есалханұлының сөзіне сүйенсек, 15 әлеуметтік дүңгіршекке Тараз қаласынан 19 орын дайындалған. Жаңа форматтағы дүңгіршектер 15 желтоқсанға дейін орын-орнына қойылады.
– Қаланың қай аумағында әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындар көп тұрады, дүңгіршектерді сол жерлерден ашу керек. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстарды аудандарда да жандандыру қажет. Әлі ешбір ауданда әлеуметтік дүңгіршек ашылған жоқ. Әлде аудан тұрғындарының бәрі шалқып өмір сүріп жатыр ма? Құрметті аудан әкімдері, мүмкін сіздердің ойларыңызша бәрі керемет шығар. Шын мәнісінде аудандардағы баға жаға ұстатарлықтай. Аудан орталықтарында қанттың әр келісі 300-400 теңгеден, картоптың әр келісі 100-120 теңгеден сатылып жатыр. Т.Рысқұлов ауданында 180 теңгеден сатылуы тиіс қанттың келісі 290 теңгеден сатылуда. Картоптың әр келісі 140 теңгеден саудалануда. Егер қазір картоптың бағасы осындай болса, қыс-көктемде қанша болады. Жуалы ауданының сауда сөрелерінде картоп 150 теңгеден тұр. Картоп өндірісі ерекше дамыған Жуалы ауданында картоптың 150 теңгеден сатылуы ақылға сыйымсыз. Бағаны тұрақты бақылап, мониторинг жасап жатқандарыңызды айтасыздар. Бәрі өтірік. Босқа уақыт жоғалту. Егер нәтижесі болмаса мониторинг жүргізудің қажеттілігі қанша?
Әрбір ауданда желтоқсанның он бесіне дейін ең кем дегенде 2-3 әлеуметтік дүңгіршек ашылуы керек. Алдымызда мерекелер келе жатыр. Тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар арзандатылған тауарлармен қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Б.Сапарбаев.

«Асарлатып үй салуда асығыстыққа бой алдыруға болмайды»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы аясында жүзеге асып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша өңірде тұрғын үйге мұқтаж 117 отбасы анықталған болатын. Жалпы 117 тұрғын үйді 112 елді мекенде тапсыру жоспарланыпты. Қазіргі уақытта 38 үйдің құрылысы аяқталып, 29 үй тапсырылған. Жуалы ауданында 10, Байзақ ауданында 8, Меркі ауданында 4 үй тапсырылса, Жамбыл, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас, Шу, Мойынқұм, Қордай аудандарында 1 үйден ғана пайдалануға беріліпті.
– Аталған аудандарда жоба аясында еріктілерді, жастарды, демеушілерді жұмылдыру бойынша ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде орындалмай отыр. Анықталған мәселелер бойынша аудандарға бірнеше рет ескерту беріліп, құрылыс мәселелері бойынша штаб отырысында талқыланып, тиісті ұсынымдар берілген болатын. Әрбір аудан әкімдерінің атына құрылыс жұмыстарын жандандыру бойынша қызметтік хат жолданды. Дегенмен жоғарыда аталған аудандар тапсырманы тиісті деңгейде орындамай отыр, – деді аталған мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайықбай Шалдаров.
Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы жобаға атсалысып жатқандарға үлкен алғысын білдіріп, аудан әкімдеріне әрбір үйдің сапалы салынуын тапсырды.
Сонымен қатар әскерге шақыру науқаны бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ғалымжан Тасжановтың баяндамасы тыңдалды. Ғалымжан Алтынбекұлының баяндамасын тыңдаған өңір басшысы жұмыстың нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Талғат Нұрханов