Аудан басшысы қарияларды мерекемен құттықтады

62

Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. Алдымен Асубай Сүлейменовтың отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат тарту еткен аудан басшысы ерліктің елге мұра, ұрпаққа үлгі екендігін айта келе Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді.
-Бүгінгі жас буын өзіңіздей тұлғаларға еліктеп өсуі керек. Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Қазыналы қарттарымыз ұлағатты болашағымыздың кепілі. Еліміздегі барлық қарияларымыздың дендері сау, жастары ұзақ болғай», — деді Е. Садырқұлов.
Мұнан соң Ерболат Салқынбекұлы Жаңатұрмыс ауылында тұратын соғыс ардагері Шалданбай Шаңбаевтың шаңырағында болды. Сонымен қатар, Ерболат Салқынбекұлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қуандық Шолақтың отбасында болып, ел тарихында қазақ әдебиетінің, қара өлеңнің алатын орны ерекше екенін жеткізіп, арнайы жаңа жылмен құттықтады.