Қоғам

Ауылда автокөлік сырлап, ақша тауып жүр

Ауылда автокөлік сырлап, ақша тауып жүр

Бұрын адам көп шоғырланған аудан немесе облыс орталықтарынан ғана кездестіретін шаштараз, тігін цехы, техника жөндеу орталығы секілді сервистік қызмет көрсетуге қатысты кәсіп түрлері бүгінде ауылдық елді мекендерде де кең өріс жая бастады. Бірі мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаларға қатысу арқылы өз ісін дөңгелетіп отырса, ал енді бірі ешкімнің қолдауынсыз-ақ жеке кәсібін ашқан. Қолынан келген істі табыс көзіне айналдырып, елдің алғысына бөленген жастың бірі – Қайрат Үкібаев. Ол Жамбыл ауданы Шайдана ауылында тұрады.

Ырзығын өзгелердің темір тұлпарын әрлеп-сырлау арқылы табатын Қайрат Бекболатұлы әу баста жанына жақын кәсіппен ауылда айналысамын деп ойламаса керек. Айтуынша, Тараз қаласында елдің соғылған көлігін жөндеп жүргенде карантин басталып, ауылға қайтуға тура келіпті. «Шектеу шаралары жеңілдетілсе, жұмысыма қайта оралармын» деп ой түйген кейіпкеріміз үйде бос жатпай, ауылдастарының көлігін қалпына келтіруді әдетке айналдырған. Кейіннен тұтынушы көбейіп, жұмыс ауқымы ұлғайған.

Техниканың тілін тапқан Қайрат қазір 28 жаста. Отбасылы, балалы-шағалы. Жұмысқа деген ыждаһатынан бөлек, кісінің көңіліне, жағдайына да қарайтын артықшылығы бар. Таразда 180 мың теңгеге бағаланатын сырлау жұмыстарын Қайрат 100 мың теңгеге істейді. Оның атын естіген тараздықтар бүгінде Шайданаға іздеп барып, шағын сарайының алдына кезекке тұратын көрінеді. Жұмысы сапалы, баға жүйелі болса, кез келген қызметке сұраныстың артатыны орынды. Жұмыс қауырт болғандықтан, қазір ағасы Әсет қолғабыс етіп жүр. Олар «Өзгеге қызмет көрсете отырып, өзіңе жұмыс істегенге не жетсін? Қалада біреудің қол астында еңбек етсең, табысың бөлінеді, жалға алған орын үшін тағы шығындаласың. Мұнда ақыны тек еңбегімізге ғана аламыз» дейді. Ертеректе көлік жөндеу, сырлау-әрлеу секілді жұмыстарды өзге ұлт өкілдері атқаратын. Қазір бұл істі қазақ балаларының меңгергені қуантады. Қайраттың «Көлік жөндеу, бояу шеберханасын ашсам» деген арманының орындалып, іске асуы аудандағы осы саланы дамытудың басы-қасында жүргендерге байланысты. Олар болам деген баланың белін бууға көңіл бөліп, қолдау білдірсе жұмыс жанданғалы-ақ тұр. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының бір бағыты – елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жастардың кәсіппен айналысуына жағдай жасау емес пе?..

  Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Жамбыл ауданы