Қоғам

Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттік құрылуы мүмкін

Заң жобасы 7 тараудан және 30 баптан тұрады.

Мәжілістің жалпы отырысында «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Сонымен қатар оған қатысты ілеспе түзетулер де қарастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды. Оның айтуынша, бұл құжат Қазақстанда кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттейтін алғашқы құқықтық негіз болмақ.

Заң жобасы 7 тараудан және 30 баптан тұрады. Құжатта рейтингтік қызметті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың толыққанды жүйесі ұсынылған. Ал ілеспе түзетулер аясында 3 кодекс пен 18 заңға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Жаңа заңның негізгі мақсаты – рейтинг нәтижелерін пайдаланатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің ашық әрі тәуелсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сонымен бірге құжатта осы саланы бақылау, мониторинг жүргізу және қаржылық қызмет тұтынушыларының сауаттылығын арттыру мәселелері де қамтылған.

Заң жобасында рейтингтік агенттіктердің қызметін ұйымдастырудың жаңа моделі ұсынылған.

Жалпы, заң жобасы қаржы нарығының ашықтығын арттырып, оған деген сенімді күшейтуге бағытталған.