Бұлақ көзі байланып, айналасы лайланып жатыр
Бұлақ көзі байланып, айналасы лайланып жатыр
Жұмыр жердің бетінде бір тамшы суға зар болып өмір сүріп жүрген елдер қаншама десеңізші? Тіпті еңбекақыны ақшамен емес, сумен есептесетін елдер де бар. Сонау алыс Африка құрлығында бір жұтым батпақ суды бақыт санайтын жұртқа қарап, осыншама мөлдіреген өзен, көлі, сылдыраған саф бұлағы бар берекелі байтақ даланы ұрпағына қалдырып кеткен бабалар рухына риясыз разы болып, шүкіршілік айтасың. Десек те құлқынын құбыр суы құрғатпай әрі соған құмарланып алған бүгінгі сіз бен біз, әсіресе қала өміріне бойы әбден үйренген көпшілік Табиғат-Ананың кәусарын көзге ілмей барамыз. Оның анық дәлелін облыс орталығындағы Балуан Шолақ көшесі бойындағы бұлақтың бүгінгі көрінісінен-ақ байқауға болады.
Бұрын бабаларымыз бұлақ көрсе күллі ауыл болып ұлан-асыр той жасап, Құран оқытып, Жаратушыға разылығын білдірген деседі көнекөздер. Ондағысы кейінгі өскелең ұрпаққа Табиғат-Ананы аялап, жер несібесін ардақтап, берекесін қорғап, аманаттау еді. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген өсиет содан қалса керек-ті. Жыл сайын көктем келе бұлақ көзін тазалап тұруды дәстүрге айналдырды. Ауылдық жерлерде осы игі әрекеттің жұрнағы әлі де сақталған. Ал қалада жағдай басқаша. Бүгінде Тараздың көркі талайға таңсық. Керісінше ғасырлар қозғалып, жылдар жылжып, айлар алыстаған сайын ажарланып, жасарып келеді. Бірақ көріп жүріп көңіл бөлмейтін мәселелер әлі де бар. Ол жоғарыда атап өткен «Мамыр» бауы мен «Қант зауыты» тұрғын алқабы арасындағы теміржол өткелі маңындағы бұлақтың жайы. – Бұрын бала күнімізде осы бұлақтың маңайында өстік. Суына шомылып, ішіп те жүретінбіз. Ол кезде бұл бұлақтың өзі де, жан-жағы да тап-таза болатын. Сол кездегі жағдаймен қазіргі бұлақты мүлде салыстыра алмайсың. Айырмашылығы жер мен көктей. Қазір айналасына адам жолай алмайды. Жап-жақсы бұлақ қоқыс қалдықтарынан көз ашпай тұр. Маңын қамыс, шөп басып кеткен. Ары-бері өткендер пластик құтыларды, басқа да қоқыстарын тастап кетеді. Ал қоқыстың ондай түрлері суда ұзақ уақыт жата беретіні белгілі. Бұлақтың дәл осындай күйге түсіп, қараусыз қалғанына біраз болды. Осы бұлақтың көзін қайтадан ашып, жан-жағын тазалау жұмыстары қолға алынса екен деген өтінішіміз бар, – дейді қала тұрғыны Мырзабек Қонысбай. Расында бұлақтың қазіргі көрінісі адам шошырлық. Тау болып үйілген қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жер-Ананың бауырынан сылдыраған тіршілік көзі төңірегінің тазалық жұмыстарын көрмегеніне талай уақыт өткені анық байқалады. – Кезінде осы бұлақты атпен кешіп тазалайтын. Бала кезде бұлақтың тазалануын талай қызықтап тамашалайтынбыз. Уақыт өте келе бұлақтың жайы көзден таса қала берді. Қазір енді жанына жақындай алмаймыз. Қоқыс иісі қолқаны қабады. Жан-жағы тікен, шөп қаулап өсіп кеткен. Қолында мал ұстайтын кісілер бұлақ маңына мал жая бастағаннан бері осындай күйге түсті. Әйтпегенде оның суы өте таза, ішуге жарамды еді. Табиғат-Ананың құдіреті – әлі де осындай күймен күресіп, бұлақтың суы толастамай шығып жатыр. Сондықтан Балуан Шолақ бабаның атымен аталатын көшеміздегі бұлақ тазаланып, қорғауға алынса екен, – дейді қала тұрғыны Самал Жапарқызы. Осылайша жасанды субұрқақтармен көне шаһарды көркейтеміз деп жүргенде табиғи бұлақтың тағдыры жанға батып тұр. Өкініштісі сол бұлақтың тазалығына жауаптыларды да тап басып таба алмадық. Қаладағы каналдар, арық, ағын су жүйесінің тазалығына жауапты «Тараз-ирригация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері бұлақтар оларға емес, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарайтынын айтса, аталмыш басқарма мамандары сауалымызды өздеріне қарасты су ресурстарына жауапты бөлімге сілтеді. Бір қызығы, ол бөлімнің мамандары тек су қоймаларына ғана жауап бере алатын болып шықты. Айналып келгенде осылайша алыс-шалғайда, айдаладағы емес, облыс орталығындағы бұлақ ешкімге керек болмай шықты. Дәл осы кезде бабаларымыздың «Судың да сұрауы бар» деген ескертуі еріксіз еске түседі...
Нұржан Қадірәлі