Байтақ елдің географиясы неге толық оқытылмайды?

24

Республикалық атаулы мектеп өткізген «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбына арналған онлайн-жиында республиканың жүзден астам ғалымы мен география пәні мұғалімі «Қазақстан географиясына» жеке дербес пән дәрежесін қайтару мен оны «Қазақстанның физикалық географиясы», «Қазақстан Респуликасының экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп бөліп, жеке пән ретінде екі оқу жылы аясында оқытуға арналған бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ про­фес­соры Ұлжалғас Есназарова «Қ.Тоқаев Қазақстан халқына ал­ғаш­­қы Жолдауында ашық қоғам құру мақ­­сатында халықпен байланысты күн­­делікті өмірде тұрақты түрде жақсар­туды атап өткен болатын. Сондықтан «География» мен «Қазақстан геогра­фия­сы» пәндерін оқытудағы жаңар­тыл­ған білім бағдарламасында жіберіл­ген олқылықтарды Парламент қабыр­ғасына дейін жеткіздім. Бұл кем­­ші­­ліктердің басты себебі, «Жаңар­­тылған білім бағдарламасын» құрасты­рушылар негізінен тәжірибесі аз педагогтер. Негізгі кемшілігі – оқу жоспарында «Қазақстанның географиясы» пәніннің болмауы. КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік республикалардың географиясын оқытуда барлық егемен мемлекеттер өздерінің «Физикалық географиясы» және «Экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсын мектеп бағдарламасына енгізіп оқыта бастады. Тәуелсіздікке дейін Қазақстан географиясы КСРО географиясының құрамында өте аз сағат көлемде оқытылып келді. Себебі өз елінің географиясын тек сипаттама түрінде отар елдер ғана оқитыны белгілі болатын. Ал жаңа мазмұнға негізделген оқу жоспарында «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсы оқу бағдарламасынан толығымен алынып тасталғаны өскелең жастарымызға патриоттық және саяси білім, тәрбие беруде жіберілген үлкен қателік», деді.

Жиында Қазақстандағы жалпы орта білім беретін мектепте еңбек етіп жүр­ген гео­графия пәні мұғалімдері мен ға­лым­дар жаңартылған география пәні бағ­дар­ла­­ма­сы мен оның негізінде жазыл­ған оқу­лықтар туралы өз ойларын ортаға салды.

Атырау облысы Жылыой ауданы №3 мекте­бінің зерттеуші мұғалімі, Ы.Ал­­тын­­сарин медалінің иегері Есен­­­құл Жиен­­құлов еліміздегі білім деңгейі­нің 20-орыннан 60-орынға төмен­деп кет­кеніне қынжылысын білдіре келе, мәселені терең зерттеуді ұсынды.

Бүгінде география пәнін оқытудың мүлде сын көтермейтініне тоқтала келіп, «Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес шиыршық әдісімен жазылған оқулықтар оқушылардың географиядан толық білім алуына мүмкіндік бермей отыр» деді. Мысалы, 5-11-сыныптарда оқыту бағдарламасы бірдей. Бір сынып көлеміндегі бағдарлама келесі жылы да қайталанады. Сонымен бірге жаратылыстану пәні бойынша 5, 6-сыныпта өтетін тәжірибе сабақтары физика мен химия пәндерінде де қайталанып берілген. Бұл нақты география пәнін оқытудың орнына бірін-бірі қайталауға соқтыруда. Сол үшін негізгі тәжірибелік жұмыстардың әр пәнге қатысты өтуі қажеттігін ұсынған Е.Жиенқұловтың айтуынша, «Физикалық география» курсы әр жерде шашырап жүрсе, «Материктер мен мұхиттар географиясы» түгелімен жойылған. Ал шындығында география­ның негізгі білімі сан жылдар бойы оқы­тылып келген «Физикалық география» мен «Материктер мен мұхиттар» гео­графиясында жатыр. «Шетелдердің экономикалық географиясы» да назардан тыс қалған. Мұндай жағдайда оқушылар «Қандай заңдылықтар бар?», «Қандай елдер ілгері дамып келеді?» деген сұрақтарға жауап таба алмайтыны анық. Сондықтан да 5, 6, 7-сыныптағы курстарды жылда қайталамай, 5, 7-сыныптарда физикалық және материктер мен мұхиттар географиясын, ал шетелдердің географиясын елтану ба­ғы­тында жоғары сыныптарда енгізу керек­тігін ұсынған ол 10, 11-сыныпта оқытылатын геосаясат, геоэкология, геоинформатика студенттердің жоғары оқу орнында игеретін тақырыбы екенін жеткізді. Сонымен қатар 8, 9-сыныптарда «Қазақстанның физикалық географиясын» мен «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын» оқыту уақыт күттірмейді. «Жаңа мазмұндағы білім бағдарла­масы енгізілген алғашқы кезде «Қазақстан географиясының» толық алып тасталғаны белгілі. Бұл дербес мемлекет үшін қисынсыз жайт. Мәселе профессор Ұ.Есназарованың тарапынан бірнеше мәрте көтеріліп, Парламентке дейін жеткенде барып, бір жыл оқытылатын «Қазақстан география­сы» енгізілді. Алайда бір жылдық курс ішінде физикалық, экономикалық және әлеуметтік географияны меңгеру мүмкін емес. Көлемі жағынан Атырау облысынан сегіз есе кіші Израиль мемлекеті өз географиясын екі жыл бойы аптасына екі сағаттан, барлығы 136 сағат көлемінде оқытады. Ал жер аумағы жағынан ал­ғашқы ондықта тұрған тәуелсіз елдің гео­графиясын оқыту барысы елдігімізге сын. Осы мәселені құптаған Түркістан облысы Жетісай қаласындағы №9 мектеп мұғалімдері Айжан Еспенбетова мен Түйменгүл Әріпбаева бірнеше жылдан бері балалар оқып жүрген география пәнінің жүйесіздігін алға тартты. Мұны келешек ұрпақты сауатсыздандырумен байланыстырған ұстаздар номенклатура, картамен жұмыс істеуге де жете көңіл бөлінбейтінін негізге алды.

География пәні шиыршық әдісімен оқы­туға келмейді деген ұсынысқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­вер­ситетінің қауымдастырылған профессоры Айгүл Сергеева да өз ойын білдірді. Ғалым көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің тәжірибесіне назар аудара отырып, бұл елдерде география оқулығының мазмұны көп жылдар бойы сыннан өткен қалыптасқан оқу бағдарла­масы бойынша жүргізіліп жатқанын және айтарлықтай өзгеріс болмағанын жеткізді. Сонымен қатар бұл елдер оқулықтарында кешенді түрде оқы­тылып келген бірізділік қалыптасып, бар­лық сала қамтылған. «Өкінішке қарай, жаңа мазмұндағы оқулықтарда кейбір салалар ұмыт қалған. Қолданбалы географияда ауытқу басым. Биология, химия, тіптен Әліппеге қатысты ол­қы­­лықтардың қоғам наразылығын туғыз­ғаны белгілі» деген ғалымның айтуынша, жер аумағы жағынан алқашқы ондықтағы Қазақстанның географиясын жарты тоқсанда игеріп шығудың өзі қисынсыз. Сондықтан да жаңартылған бағдарламаға дейінгі география пәнін оқыту жүйесін негізге ала отырып, ғы­лыми, әдістемелік тұрғыдағы жаңа та­қы­рыптарды, елде болып жатқан жетіс­тіктерді оқу бағдарламасына енгізіп, толықтыру қажет.

Қызылорда облысы Төретам кенті №80 мектеп-гимназиясы география пәні­нің мұғалімі Серік Ниязов 5-6-сынып­тарда жаратылыстану пәні бойынша тақырыптардың күрделілігін, оқушының жас ерекшелігіне сәйкес еместігін әрі түсініксіз, тартымсыз жазылғанын айтады. Ұлан-байтақ жеріміздің физикалық географиясының оқытылмауын келешек ұрпақ үшін қиянат дей келе 8-сыныпта аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат Қазақстанның физикалық геогра­фиясына арналуы қажет деген ұсынысын білдірді. Қазір жаңартылған білім мазмұнында бағдарлама бойынша 7-сынып оқушылары физикалық, әлеуметтік, экономикалық география курсын қатар меңгеруге мәжбүр. 7-8-сыныптарда физикалық география курсын оқушы жақсы тәмамдаса, алдағы 9, 10, 11 сыныптарда экономикалық география саласын оңай игеретіні анық. Осы орайда «Қазақстан географиясын» бөлек пән ретінде қарастыру керек» деген С.Ниязов жалпы географияны оқыту­да 2013 жылғы оқу бағдарламасын негіз­ге ала отырып, жаңа ғылыми мәлімет­термен толықтыру дұрыс бағыт дейді.

Оқулықтардағы олқылықтар жа­йын қозғай келе Павлодар облысы Ертіс ауданы география пәнінің жоғары санатты зерттеуші-педагогтері Әлімбек Махметов пен Аққу Сматаева, Максим Горький мектебінің география пәні мұғалімі Дәурен Илиясов мұғалімдер­дің оқулықтардан қателік теруден шар­шағанын айтты. Ұстаздарды жаратылыстану, география оқулықтарында балалардың жас ерекшеліктеріне көңіл бөлінбей, ғылыми тілде жазуға ұмтылыс болғанымен, ғылыми мәліметтерді орыс тіліндегі мәтіннен аударғанда кет­­кен қателер нәтижесінде көптеген анық­­та­ма­лардың дұрыс болмауы, басқа пән­дермен интеграциялауда да ол­қы­­лық­­тар­дың көптігі алаңдатады. Қате­нің аты – қате. Жауабы сәйкес кел­мей­­­тін тап­сыр­малар бар. Мысалы, ІІ тоқ­­санда 5-сы­нып оқушылары жара­тылыс­тану бағ­дарламасы бойынша заттың мас­са­лық үлесін пропорция арқылы есеп­т­еп шығаруы керек, ал про­пор­ция­ны оқушылар математика са­ба­ғынан әлде­қайда кешірек өтетін­дік­тен, про­пор­цияның не екенін және оны қалай құ­рас­тыру керек еке­нін қай­дан біле қойсын? 8-сынып оқу­лы­­ғы­ның тілі ауыр, тіпті түсініксіз. Оқу­шы түгілі мұғалімді ойландырып тас­тайды. Оқу­шыға проблемалық, ізденіс, ғы­­лы­ми-зерттеу тапсырмаларын орын­да­тып, географиялық ғылы­ми тео­рия мен тәжірибе бірлігін дәлел­деу, өзін­дік жұмыс арқылы білім жинау қазіргі өмір тала­бы. Оқулық ішін­дегі тақы­рып­тар көлем­ді келеді. Дидакти­ка­ның заң­ды­­лықтары – оқулық тілі, маз­мұнның қара­­­па­йым­­дылығы, педагогика ғылы­мын­дағы негізгі принцип – «Оңай­дан қиынға» мүлдем ескерілмеген. Осы олқылық­тар­дан оқушылардың география пәніне қызығу­шылықтары кейінгі жылдары төмендеп кеткен.

Мектеп жасындағылар 5, 6-сыныптарда жаратылыстану пәнін оқып, бірнеше ғылымды танып білуге бастау алса, 7-сыныпта әлемге ойша саяхат жасай бастайды. Материктер мен мұхиттарды танып біледі. Геотарихи мәліметтер, геоэлементтер осы кезде оқушылардың есінде қалары анық. 8,9-сыныптарда бала санасы арыдан ойлауға қалыптасып, елін, жерін тануға құштар болары анық. Бұл сыныптарда ұлан-байтақ атамекеннің табиғатын, Жер-Ананың байлығын, шаруашылығын, қалалары мен елді мекендер тарихын, халықтың тұрмыс-тіршілігін танып, демографиялық, статис­тикалық мәліметтерімен сусындауы тиіс. Ал 10, 11-сыныптар ересек өмірге баспалдақ іспетті. Бұл бала санасы дамып, арыдан ойлай алатын, оған қарым-қабілеті жететін жасқа келген, өмірге деген құлшыныс сезімі қалыптасып келе жатқан жас. Жоғары сыныптарда дүние жүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясымен «Елтану» бағдарламасы арқылы таныса алады. Балалар дүние жүзі географиясынан жер шарындағы халықтардың тұрмыс-тіршілігінен, шаруашылық іс-әрекеттерінен хабардар болып, эко­номикалық жетістіктері тұрғысында құнды ақпараттар алып шығуы тиіс. Осылайша бұрынғы бағдарламаның озық тұстарын негізге алған жамбыл­дық географ-ұстаздар Қ.Бердіш, Б.Нұр­мұхамедов, С.Құлымбетов, С.Бек­зат­хан, Е.Даржан, Қ.Қоспанов, Б.Жұма­беков жаңартылған мазмұндағы бағдар­ламаның жүйесіздігіне тоқталды. Мате­риалдар аралас берілген. 8-сыныпта 11-сыныптағы «Елтану» бағдар­лама­сының материалдары кездеседі. Есесіне еліміздің табиғаты туралы материалдар жеткіліксіз. Осы орайда бұрынғы бағдарламаны өңдеп қай­тару­ды құптаған ұстаздар тобы жинақ­талған бағдарлама жағдайында ғана сапалы білім болатынына сенім артып отыр.

Дүние жүзі елдерінің озық тәжіри­белерін пайдаланудың артықшылық­тарын да мойындау қажеттігін алға тартқан Жамбыл облысы Меркі ауданы №44 ЖББМ география пәнінің мұға­лімі Г.Найзабекова жаңартылған маз­­мұн­да жазылған оқулықтар теория­лық тұрғы­дан да, мәтіннің ауқымды­лығы, материал­ды меңгеру жағынан да қиындық тудырып отырғанын жеткізді. Сондықтан 5-9-сыныптарға дейін қазір оқытылып жүрген 2 бөлімде жазылған география оқулықтарының мазмұны қайта қарастырылып, өңделіп оқулық болып басылып шықса деген ойын жеткізді. Ал Нұр-Сұлтан қаласы №56 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Д.Сейдазимова мен Б.Қырғызбаева географияның зерттеу әдістері, картография мен географиялық деректер базасы, жоғары сыныпта геоинформатиканы жылда тереңдете бергеннен гөрі географияның тікелей тақырыптарын оқытудың тиімді екенін алға тартты. Балалар төменгі сыныпта картаның, бағдарлаудың, зерттеудің не екенін білсе, әрі қарай жоғары сыныпта түрін ауыстырып қайталай берудің қажеті қанша? Егер бала өз Отанының, туған жерінің тау-тасын, өзен-көлін, табиғатын, топырағын білмесе расторлық, векторлық тәсілмен картаның жасалуы кімге керек?» деген мәселе көтерді.

Осы орайда Атырау университе­тінің география, туризм және су ре­сурс­тары кафедрасының меңгеру­шісі А.Жұмағазиев, география ғылым­дарының докторы, ЕҰУ профессоры О.Мазбаев, география ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Г.Оразымбетова, Қызылорда облыстық «Өрлеу» БАҰО аға оқытушысы О.Мықанова, Павлодар облысы Ертіс ауданы география пәні мұғалімі Ә.Махметов, Шығыс Қазақстан облысы география пәні мұғалімі С.Белдеубаева, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Дарын мектеп-интернатының география пәні мұғалімі Б.Аманқұлов, Батыс Қазақстан облысы мектеп директоры А.Майемер, Нұр-Сұлтан қаласы география пәні мұғалімі Г.Жайлаубекова, Атырау облысы Құлсары қаласы география пәні мұғалімі Д.Елтезерова, Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Ш.Оңалбаева, Г.Шотай, И.Тучиева, Солтүстік Қазақ­стан облысынан Е.Аманжолов, орал­дық географтар Б.Құлбабаев, А.Тұр­ғынбаев, Б.Ипекенов пен Атырау об­лысы Махамбет ауданындағы мек­теп­тің география пәнінің мұғалімі С.Қой­бақов және тағы басқа да ұстаз­дар қауы­мы жаңа мазмұндағы география пәні бағ­дарламасын талдай келе, 5, 6-сы­нып­тың «Жаратылыстану», 7, 8, 9-сы­нып­тардағы «География» пәні кәсіби деңгейде жетілдірілмеген, құрамында бастапқы негізгі ұғымдар мен терминдерді анықтау жағы кемшін деген тоқтамға келді. Бұл өз кезегінде географиялық білімнің деформациялануына соқтырады. Сонымен қатар қазір мектепте жұмыс істеп жүрген география пәні мұғалімдері бағдарламамен танысу барысында жеке тақырыптар бойынша оқу мақсаттары нақты қойыл­ма­ғанына, логикалық ойлау мен білім алу­шы­лардың мотивациясын қалыптас­тыруға ғана бағытталғанын қаперге алды. Барлық кемшілікті негізге алған ұстаздар «География» пәнінің оқу мәні мен мақсатын, түпкі нәтижесін зерт­теуді толық білмеудің салдары гео­графия ғылымын бейберекеттікке соқты­рады деп дабыл қаға отырып, оқу бағ­дар­ла­ма­сында «Қазақстан Республик­асын­ың гео­графиясы» курсын 8, 9-сыныптарда мін­детті дербес жеке оқу пәні ретінде қал­дыру қажеттігін ұсынды. Өйткені тари­хын, тілін, географиясын терең мең­геруге мән берген елдерде ғана Отанға деген сүйіспеншіктің өрістейтіні анық.

egemen.kz