Баспанада бала-шағаның сыңғыр күлкісі естілді

40

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы өңірдің барлық ауданында бастау алғаны баршаңызға мәлім. Жамбыл ауданында игілікті іске бейіл берген тұрғындар 10 ауылда баспана көтеріп жатыр. Соның бірі – Айша бибі ауылындағы керемет үлгідегі тұрғын үй. Бүгінде құрылысы толығымен аяқталған.
Баспана кілтін табыстау рәсіміне қатысқан Бердібек Мәшбекұлы ауыл азаматтарын ауызбіршіліке шақырып, бағзы дәстүрімізді кеңінен насихаттап жүрген қазына қариялармен әңгімелесіп, баспана жайын сұрады.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаевтың айтуынша, таразыда салмағы ауыр амалға жергілікті кәсіпкерлер мен көпшілік демеушілік жасаған. Іргетасынан бастап, ішкі жиһаздарына 7 млн аса қаражат жұмсалса керек. Ақсақал бастысы шығын емес, қоналқадан естілген бала-шағаның сыңғыр күлкісі екенін де тілге тиек етіп, сауапты іске атсалысқан барша игі жақсыларға алғыс-алқауын білдірді.
Баспанаға зер салған өңір басшысы бөлмелерді аралап, отбасы мүшелерімен тілдесті.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі