Биылғы қыс қандай болады? Синоптиктер болжамы
Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мамандары мәлімдеді
Қазгидромет орталығы 2025 жылғы қараша айы мен алдағы қыс мезгіліне арналған алдын ала ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мамандардың мәліметінше, қараша айында елдің басым бөлігінде қар жауып, ауа температурасы күрт ауытқып отырады.
Қараша айы
Қараша айында Қазақстанның басым аумағында жауын-шашын қар түрінде түседі. Тек республиканың оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарында жауын-шашын қар аралас жаңбыр түрінде болады деп күтіледі. Ай бойы солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде қатты жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман сияқты қолайсыз ауа райы құбылыстары жиі байқалуы мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, қараша айында ауа температурасы жиі өзгеріп тұрады. Республиканың солтүстігі, орталығы және шығысында айдың бірінші онкүндігінің басында ауа температурасы түнде 2–7 градус аяздан 0–5 градус жылыға дейін, күндіз 2–7 градус жылыдан 5–10 градус жылыға дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы түнде 7–12 градус аязға дейін, күндіз 0–5 градус аязға дейін төмендейді.
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 5–12 градус аяздан 10–16 градус аязға дейін, елдің орталығы мен шығысында 18 градус аязға дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы 3 градус аяз–2 градус жылыдан 5–10 градус аязға дейін ауытқуы мүмкін. Қараша айының соңында аяз күшейіп, түнде 15–20 градусқа дейін, күндіз 10–15 градусқа дейін төмендейді деп болжанады.
Республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнгі уақытта ауа температурасы 3–12 градус аяздан 0–7 градус жылыға дейін, күндіз 1–6 градус жылыдан 8–18 градус жылыға дейін ауытқиды. Қараша айының соңында кей күндері түнгі уақытта ауа температурасы 5–15 градус аязға дейін, күндіз 0–5 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін.
Жалпы, қараша айында ауа температурасы елдің барлық өңірінде климаттық нормадан 1 градус жоғары болады деп болжанады.
Жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында, ал елдің батысында және солтүстік-шығысында нормадан көп болады деп күтіледі. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының басым бөлігінде, Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Қостанай облысының солтүстік-шығысында және Абай облысының шығысында жауын-шашын мөлшері жоғары болады.
Алдын ала болжам бойынша, 2025–2026 жылғы қыс мезгілі қоңыржай жылы өтеді. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады. Дегенмен, кей кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ және тұман сияқты құбылыстар жиі қайталануы мүмкін. Сондай-ақ, қыс мезгілінде температураның күрт ауысуы салдарынан қар жамылғысында мұз қабыршағы түзілуі ықтимал.
Желтоқсан айы
Желтоқсан айында ауа температурасы елдің басым бөлігінде норма шамасында сақталады. Солтүстік-батыс өңірлерде (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Ақмола облысының солтүстік-батысында) ауа температурасы нормадан 1 градус жоғары болады деп күтіледі. Ал Шығыс Қазақстан облысының қиыр солтүстік-шығысында ауа температурасы нормадан 1 градус төмен болады. Желтоқсан айындағы жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма деңгейінде, ал орталық пен шығыс аймақтарда нормадан аз болады.
Қаңтар айы
Қаңтар айында ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында сақталады. Республиканың шығысында, атап айтқанда Абай, Жетісу және Алматы облыстарында, сондай-ақ Қарағанды мен Павлодар облыстарының шығысында ауа температурасы нормадан 1 градус төмен болады деп күтіледі. Қаңтар айында жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде норма шамасында, ал республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады. Бұл өңірлерге Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстары кіреді.
Ақпан айы
Ақпан айында орташа айлық ауа температурасы республика бойынша нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері елдің барлық өңірінде климаттық норма шамасында сақталады.
Алдын ала болжам бойынша, 2026 жылдың наурыз айында Қазақстан аумағында ауа температурасы нормадан 1 градус жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан көп, ал Маңғыстау облысының көп бөлігінде нормадан аз болады деп күтіледі.
Синоптиктердің айтуынша, қыс пен көктем аралығында ауа райы тұрақсыз болып, температураның күрт өзгерістері жиі байқалады. Мұндай құбылыстар көлік қозғалысына, ауыл шаруашылығына және энергетикалық жүйелерге әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты мамандар азаматтарға ауа райының жедел болжамдарын қадағалап, көктайғақ және бұрқасын кезінде жолға шыққанда аса сақ болуға кеңес береді.