Болат Үмбетәліұлы Бекжанов

23

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Тараз қаласы және Талас ауданының Құрметті азаматы Болат Бекжанов 62 жасқа қараған шағында жарық жалғаннан өтті.
Ол 1958 жылдың 4 қарашасында Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген. Жамбыл мәдени-ағарту училищесін (қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі), Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы сол кездегі облыстық Абай атындағы қазақ драма театрында актер болып бастағанын жұрт жақсы біледі. Бұдан соң 1982 жылы «Ойық» кеңшарындағы мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері болып қызмет етті.
1989 жылдан облыстық телерадио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор, «Aq jol» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлық-этнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, облыстық «Aq jol» газетінің әдеби қызметкері, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз жөніндегі хатшысы болып еңбек еткен. 2005-2010 жылдар аралығында облыстық «Araı» қоғамдық саяси және танымдық жастар газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Кейін Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде бас редактор, «Театр.kz» журналының редакторы болып тер төкті. Өмірінің соңғы жылдарында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры қызметінде болды.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына және қалың оқырманына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

 

Облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың аппараты және облыстық қоғамдық кеңес, облыстық ардагерлер кеңесі