Қоғам

«Бос жатқан жер жау шақырады»: депутат Өзбекстанның тәжірибесін Қазақстанда енгізуді ұсынды

Танашеваның айтуынша, 32 жыл ішінде көрші елде халық саны 15 миллионға өссе, бізде небәрі 4 миллионға артқан

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының мүшелері Қазақстандағы отбасылардың әл-ауқатын арттыру үшін Өзбекстандағы сияқты отбасы және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет құруды ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Мәжіліс депутаты Гаухар Танашеваның айтуынша, қазір елімізде демографиялық саясат туралы қабылданған заң да, тұжырымдама да жоқ. Бірақ демографиялық проблема бар. 


Оның пікірінше, табиғи өсімді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдау қажет. 


Осыған байланысты депутаттар Өзбекстандағы демографиялық өсімнің оң динамикасын ескеріп, отбасылардың әл-ауқатын арттыру мақсатында сол елден үкімет жанындағы Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет құру тәжірибесін қабылдау ұсынып отыр. 


Танашева комитет құру туралы бастаманы алғаш рет 2019 жылы көтергенін еске салды, бірақ бес жыл бұрын бұл ұсыныс қолдау таппаған. Комитет мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ ана мен баланың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін және отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ететін негізгі орган болады. Демографиялық өсімнің тағы бір маңызды жолы – көші-қон ағынын арттыру. 


Сол себепті фракция депутаттары үкіметті отанына оралғысы келетін адамдар үшін жағдай жасауға, бюрократияны болдырмауға, құжаттарды рәсімдеу процесін жеделдетуге, сондай-ақ жеңілдіктер мен төлемдер алуға көмек көрсетуге шақырды.