Қоғам

Былтыр елімізде әлеуметтік инспекторлар 2,6 мыңнан астам тексеру жүргізді

Тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 1087 ұйғарым берілген

Өткен жылы елімізде халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын қорғау мақсатында әлеуметтік инспекторлар 2,6 мыңнан астам тексеру жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 695 тексеру жүргізген. Оның 741-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 751-і жоспардан тыс, 1 203-і прокуратураның талабы бойынша.

Тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 1087 ұйғарым берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 230,3 млн теңгеден астам айыппұл түрінде 973 әкімшілік жаза қолданылды.

Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 178, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 112, мемлекеттік мекемелер – 117, балабақшалар – 470, мектептер – 805, колледждер, лицейлер – 145, ауруханалар, емханалар – 89, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 101, оңалту орталықтары – 11, дүкендер – 22, сауда үйлері – 39, ДК – 50, мәдениет үйі – 12, мұрағаттар, мұражайлар – 13, банктер – 12, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер – 33, нотариустар – 4, санаторийлер – 8, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері – 9, полиция пункттері – 8, стомалогия – 4, автобус паркі, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 9, кітапхана – 4, БЖСМ, спорт мектептері – 16 және басқалар қамтылды.

Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша мейрамханаға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.

Бұл ретте қазақстандықтар мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістерді байқауда.

2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді.