Құдай қосқан көршілер
Құдай қосқан көршілер
Өмірдің әр құбылысынан өнеге ала білген бабаларымыз «Көршіні Құдай қосады» деп, маңайындағыларға бөлекше құрметпен қараған. Бұл ұғым біздің халықта қазіргі уақытта да сақталып келеді. Мысалы, белгілі спортшы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтың туып-өскен ауылы Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөненде қазақтармен бірге қырғыз, өзбек, қарашай, шуваш, кәріс, орыс ұлтының өкілдері қатар қоныстанып, татулық туын берік ұстанып отыр. Ұлтына қарамай бәрі бірдей мереке-тойларда бас қосып, бір дастарханнан дәм татады. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп білетін қазақтың Құдайы тамақ, наурыз көже тарату, шілдехана, беташар, құда түсу секілді салттарын да санасына сіңірген. Қос Айт мерекелерінде де наным-сенімдері бөлек демей, бәрінің үйінде ақ дастархан жайылып, бір-бірін құттықтаған жұрт ізгі тілектерін ақтарысып жатады. Олардың ортақ тілінің қазақ тілі екені де көпке үлгі етерлік.
Ұлты қарашай болғанымен, күллі әлем көз тіккен байрақты бәсекеде қазақтың көк Туын көкке көтерткен Ислам Ілиясұлы бүгінде туған ауылынан жырақта тұрса да бал дәурені өткен аймақпен байланысып отырады. Аудан орталығында орналасқан өзінің атындағы спорт мектебінде тәрбиеленіп жүрген жеткіншектердің жетістігімен де хабардар. Бірқатар талантты балалардың танылуына, үлкен жарыстарға қатысып, бақ сынауына қолдау көрсетіп, демеушілік етіп те жүр.
– Адам баласына туған жері өмір сыйлаған анасындай қымбат әрі өте ыстық. Менің алаңсыз, арманшыл балалығым өткен ол ауыл әрдайым жүрегімнің түкпірінен орын алады. Қазақы ауыл болғандықтан, біз де қазақшаға тіл сындырдық. Қазақ, қарашай тілдері өте ұқсас та ғой. Күні ұзаққа есіктеріне құлып салмайтын, бір-бірімен емен-жарқын араласып, ахуалдарын білісіп тұратын көршілерім өзімнің туған бауырларымдай сезіледі. Анам Розаның әңгімелерінен де көршілеріміздің арасындағы ыдырамас достықты көп естимін. Әкем дүниеден өтер шағында төсек тартып жатып, бізге: «Айналайын балаларым! Қазақтың қонақжай, бауырмал халық екенін өздерің көріп өстіңдер. Сұрапыл соғыс жылдарында титтей асына дейін бәрімізбен бөлісіп ішетін. Сендердің туыстарың да, бауырларың да солар» дегені әлі күнге құлағымда жаңғырады, -деді өткен күндерін бізбен бөліскен балуан.
Түбі бір елді замана көші қалай құбылтып, айырса да айналдырып әкеп қосқан тағдыр тоғысына таңқалмасқа шараң жоқ. Қапқазда дүниеге келгенімен түркі елінің қара шаңырағы саналатын ұлы далада бойжетіп, қазақ жігітімен бірге өз отауын тіккен Маржан апа адал еңбегімен ауылдастарының құрметіне бөленді. Бүгінде Құлан өңірінде бұл кісіні танымайтын жан кем де кем. Тіпті, бұдан бұрын тұрған ауылындағы көршілері әлі күнге іздеп келіп, хал сұрасып кетеді екен.
Бірнеше ұлт өкілдері біріккен бұл ауылдан қаймағы бұзылмаған қазақылықты көрдік. Көнекөз ананың әңгімесінен ұлағат алдық. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген бабалар сөзіне сүйенген жұрттың бірлікшіл пейіліне марқайдық. «Ынтымақ ырысқа бастайды» деген сөздің растығына тағы да көз жеткіздік.
Қамар ҚАРАСАЕВА