Елбасы – бағымызға біткен көшбасшы!

0 63

Келесі жылы біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Уақыт өткен сайын өз тарихымызға қайта үңіліп, біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің жаңа беттерін ашып, көне дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, жаңа құндылықтарды қалыптастырудамыз. Ғасырлар қойнауынан асыл азаматтарымыздың мұрасын аршып алдық.

Тәуелсіздіктің мәнін толық түсіну үшін, ең алдымен тарихымызды білуіміз керек. Сол арқылы бүгінгі заманның ерекшеліктерін айқындаймыз және болашағымызды нақты бағдарлаймыз. Өз еліңнің тарихын білмей, бүгінгі күнді түсіну қиын болады, сонымен қатар болашақты жоспарлау мүмкін емес.
Белгілі ресейлік тарихшы-ғалым, академик В.Ключевскийдің мынандай сөзі бар: «История нас ничему не учит. Она лишь наказывает нас за незнание ее уроков». Яғни бізге бүгінімізді түйсініп, болашағымыздың сұлбасын көру үшін өткенімізге үңілу қажет.
Тәуелсіздік біз үшін ұлы ұғымдардың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасиетін де білеміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жылдар мен ойлар» деп аталатын кітабында былай жазады: «Қазақстан Тәуелсіздігінің формуласы – бұл тең мәнді екі ұғымның – азаттық пен жауаптылықтың қосындысы. Жауаптылықтың арқасында ғана қазақстандықтар дамудың дұрыс стратегиялық жолын таңдай алды, мемлекет құрып, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалды». Яғни Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, оны мәңгі ұстап қалу, қорғау, нығайту, өркендету – әрбір азаматтың борышы.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Оны біз кезінде Грузия, Украина, Қырғызстан мемлекеттерінде көрген болатынбыз. Осы оқиғалар барлық тәуелсіз елдерге сабақ болуы керек деп ойлаймын.
2011 жылы біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Сол мерекенің қарсаңында Ұлыбританияның белгілі жазушысы әрі қоғам қайраткері Джонатан Айткен менен сұхбат алды. Ол кезде мен Білім және ғылым министрінің орынбасары едім. Джонатан Айткен тәуелсіз Қазақстан және Елбасы туралы бірнеше кітап жазып, олар қазақ және орыс тілдеріне аударылып, жарық көрген. Сұхбат барысында «Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар. Олардың көбінде президенттік басқару жүйесі пайдаланылады. Олар өз мемлекет басшыларын «Президент» деп атайды. Ал сіздер Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты «Президент» және «Елбасы» деп атайсыздар. Ол неліктен? Сонда өз Президенттеріңізді басқалардан артық көрсеткілеріңіз келе ме?», деп Джонатан Айткен маған бір өте қызық сұрақ қойды.
Мен сонда оған «Президентті Елбасы деп атау – үлкен мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік» деп жауап бердім. Екі мысал келтірейін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көп қиындықтар болғаны белгілі: экономика күйреген, саяси жүйе тұрақталмаған, жалақы мен зейнетақы, студенттердің шәкіртақысы уақытылы берілмейді, халық жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етілмеді. Сол жылдары Елбасы әлемде теңі жоқ халықаралық «Болашақ» бағдарламасын бекіткен болатын. Оның мақсаты – қабілетті жастарды іріктеп, оларға дамыған мемлекеттердің іргелі университеттерінде сапалы білім алуға жағдай жасау. Сонда «Осы бағдарламаның қажеті не, мемлекеттің жағдайы жақсарғаннан кейін жасауға болмас па еді?», деген көптеген пікір айтылды. Ал бүгін мыңдаған жас осы бағдарлама арқылы шетелде білім алып, елге оралып, түрлі салада нәтижелі еңбек етуде. «Болашақ» бағдарламасы – Тәуелсіздіктің айқын көрінісі. Бірде-бір дамыған мемлекеттердің өзінде осындай бағдарлама жоқ. Шетелде оқитындар өз ақшасына білім алады.
Екінші мысал – астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру. Елбасы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі депутаттарының алдында осы ұсынысты жасағанда, олар дауыс беріп сырттай қолдағанымен, іштей толық келіспейтіндігі көрініп тұрды. Халық та Елбасының бұл ұсынысын түсініп қабылдаған жоқ. Үлкен саяси батылдық көрсетіп, барлық жауапкершілікті Елбасы өз мойнына алды. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
Осы екі мысал Елбасы феноменін айқын көрсетіп тұр.
Алланың берген бағы шығар, біздің көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болғаны. Халықтың тағдыры емес, өзінің қара басын ойлап, елінен шетелге қашқан президенттерді де білеміз ғой.
Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылықтарға ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер Орталыққа (Мәскеуге) қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Құдайға шүкір, Елбасымыздың жастарға деген қамқорлық саясатының негізінде бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан айырылды. Бүгінгі жастарымыз алғыр әрі келешекке үлкен үмітпен қарайды. Елбасына сенеді, саясатын қолдайды. Осы құндылықтардың барлығын жастарымызға тәуелсіздік беріп отыр.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде осыдан 4 жыл бұрын, Тәуелсіздіктің 25 жылдығының қарсаңында «Тәуелсіздік» залы ашылған. Бұл залда «25 жылдың 25 жұлдызды сәті» деген тақырыпқа материалдар жинақталған. «Тәуелсіздік туралы» Декларациядан бастап, Халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне дейін әр қазақстандыққа тарихи мәні, тағдырлы мағынасы бар оқиғалар сипатталады. Осы залда бүгінде облыстың көптеген іс-шаралары өтуде.
Биылғы Тәуелсіздік мерекесі жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жағдайында өтіп отыр.
Шынын айтсақ, карантин кезінде адамзаттың қоғамдағы көп мәселелерге көзқарасы өзгерді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды ерекше бағалайтын болдық. Біздің менталитетіміз, психологиямыз, сана-сезіміміз өзгере бастады. Елбасымыз айтқандай, адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажырлық, денімізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Сабырлық, тәртіп, жауапкершіліктің, бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында одан да өтеміз.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.