Қоғам

Елімізде алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болды

Алаяқтар жалған аккаунттар мен нөмірлер арқылы қызметкерлерге хабарласып, деректердің таралуы немесе қаржыға қауіп төніп тұрғанын айтады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаскүнемдер енді өздерін компаниялардың, мемлекеттік органдардың және жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырып жүр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Алаяқтар жалған аккаунттар мен нөмірлер арқылы қызметкерлерге хабарласып, деректердің таралуы немесе қаржыға қауіп төніп тұрғанын айтады. Олар жағдайды әдейі ушықтырып, жедел шешім қабылдауға итермелейді әрі психологиялық қысым көрсетеді.

Бұдан кейін “мамандар” немесе “құқық қорғау органдарының қызметкерлері” ретінде басқа адамдар байланысқа шығып, нақты нұсқаулар береді. Нәтижесінде азаматтарды ақшасын “қауіпсіз шоттарға” аударуға көндіреді. Қаражат түскен соң, алаяқтар байланысын үзіп кетеді.

ІІМ банктер мен мемлекеттік органдар ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін ескертеді.