Қоғам

Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания себеп болған - депутат

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Мәжілісте заң жобасы туралы баяндама жасаған Елнұр Бейсенбаев бұл заңның отбасы институтына да ықпал ететінін жеткізді. 

Сондай-ақ ол лудомания суицидтің де өршуіне ықпал еткенін, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсаса, олардың әрбір бесіншісі лудомания кесірінен осындай қадамға барғанын айтты. 

Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алып, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен. Сонымен қатар депутаттың сөзінше, жаңа заң жобасы бойынша өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Сондай-ақ заңсыз лоторея терминалдарын мүлдем жою қарастырылған.

Депутаттар бұл заң жобасын Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында бастамашы болып, әзірлеген. Заң жобасы азаматтарды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділікті (лудоманияны) қалыптастырудан қорғау бөлігінде заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Депутаттардың сөзінше, заңның қарастырылып келе жатқанының өзіне 2 жылға жуық уақыт болған. 

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бірнеше рет бұл мәселеге ерекше тоқталған еді. 

Мемлекет басшысы құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттағанын да жеткізген еді.