Ең төменгі баға — әлеуметтік дүкенде

49

Мереке күні облыс орталығынан тағы екі әлеуметтік азық-түлік сауда павильоны ел игілігіне берілді. Оның бірі «Қарасу» мөлтек ауданында болса, екіншісі Абай даңғылы (157А) бойында орналасқан. Жалпы жыл соңына дейін аймақта осындай 17 әлеуметтік сауда нүктелерін ашу жоспарланып отыр екен. Мұндай әлеуметтік дүкендердің игілігін ең алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер көріп отыр. Себебі әлеуметтік азық-түлік дүкендерінде баға бағамы қолжетімді. Мамандардың айтуынша мұндағы баға нарық бағасынан 20 пайызға төмен екен. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мерекеде есігін айқара ашқан әлеуметтік азық-түлік сауда павильондарына арнайы бас сұғып, тауарлардың бағасы мен сапасына қанықты.

— Ең алдымен жергілікті, отандық тауарөндірушілердің өнімдеріне басымдық берілу қажет. Ол үшін шаруа қожалықтарымен ешқандай алыпсатарларсыз тікелей жұмыс жасаңыздар. Себебі бағаны бейберекет көтеретін сол алыпсатарлар. Мұндай дүкендер ең алдымен аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін тиімді. Сонымен қатар қаланың шалғай аумағындағы Шөлдала, Шалғай Қарасу, Құмшағал елді мекендерін де қамту қажет. Және сатушылардың мәдениетіне де баса мән беріңіздер. Сатушылар әрбір келушімен мәдениетті болуы тиіс. Ең төменгі баға осы әлеуметтік дүкендерде болуы керек. Сондай-ақ барлық әлеуметтік дүкендердің сыртқы келбеті халықтың көзі дағдыланатындай бірізді болуы тиіс, — деді облыс басшысы.

Дүкен сөрелеріндегі әрбір өніммен жіті танысып шыққан аймақ басшысы қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа алдағы уақытта ашылуы жоспарланып отырған осындай дүкендерге жер беру мәселесін жедел шешуді тапсырды. Мамандар алдағы уақытта лимон жемісін сырттан тасымалдамай, өзімізде өсіру ісін қолға алуды жоспарлап отырғандарын да тілге тиек етті.
Айта кетсек, тәуелсіздік күні жұмысын бастаған жаңа әлеуметтік дүкендерде ас атасы 55 теңгеден, сүт 160 теңгеден, ал күнбағыс майы 420 теңгеден саудалануда.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ