Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

55

Қайрат ДОСАЕВ,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығына сәйкес қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып белгіленген. Атаулы дата Нұрсұлтан Әбішұлының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру тапсырмасы аясында еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру, өндірістік қызметкерлерді ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын насихаттау арқылы жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын оятуды көздейді.

Азаттық алғалы бері елімізде еңбек қатынастарын реформалау тұрақты жүргізіліп келеді. 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Еңбек туралы» заңы қолданысқа енгізілді. 109 баптан тұратын «Еңбек туралы» Заң еңбек қатынастарын реттеу саласына көп өзгерістер алып келді. Алғаш рет жеке еңбек шарты және жұмыс беруші деген ұғымдар пайда болды. Заң сол кездегі экономикалық дамуымыздың сатысына сай келді. Бірақ экономикамыздың одан әрі өркендеуі халықаралық қатынастардың дамуына, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылуы, еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру керектігін айқындап берді.
Сонымен қатар еңбек қатынастарын реттеу жалданып жұмыс атқаратын азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға тікелей қатысты болғандықтан, 2007 жылы Еңбек кодексі қабылданды. Осы кодекспен еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік мәселелерін реттеу қарастырылды. Еңбек кодексі қабылданғаннан бергі уақытта еліміздің экономикалық даму деңгейі өзгерді. Іс жүзінде қолдану барысында кодекстің кейбір баптарына өзгерістер енгізу қажеттігі туды. Сонымен қатар еңбек қатынастарын реттеуді жоғары деңгейге көтеру барысында кодекске көптеген өзгерістер мен қосымшалар, оның ішінде көп баптарға редакциялық және баптың мәнін нақтылайтын түзетулер енгізу қажеттілігі алдымыздан шықты. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 4 мамырында ҚР Президенті «Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, ол 16 мамырдан қолданысқа енгізілді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сала мамандарына жүктеген тапсырмаларын мүлтіксіз орындау мақсатында облысымызда нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Жалпы, тәжірибе көрсетіп отырғандай, еңбек қатынастары саласында жеке және ұжымдық даулар туғызатын, әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыратын негізгі мәселе – жалақының уақытылы толық көлемде төленбеуінен болатыны жасырын емес. Осы орайда, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы жылдың басынан бері 419,3 миллион теңге жалақы қарызын анықтап, толығымен өндіріп берді. Нәтижесінде 3944 жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында жоспардан тыс – 59, ішінара 3 тексеру жүргізіп, 496 жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарады.
Жалпы, еңбек қатынастары туралы сөз қозғалғанда бірінші кезекте еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі тұратындығы белгілі. Қолданыстағы еңбек заңнамасында жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа қабылдаған кезде еңбек шартын жасауға міндетті және адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жол берілетіндігі айқындалған. Қазіргі таңда көптеген қарапайым жұмысшылар «сұр» схемасы бойынша еңбек қатынастарын заңдастырмай, ауызша келісім бойынша жұмыс істеп, еңбекақыларын қолма-қол алуды әдетке айналдырып, өзінің әлеуметтік тұрғыда көптеген қолдаулар мен қорғаулардан айрылып отырғандығына мән бермеуде. Ал облыс әкімінің өкіміне сәйкес «Бейбітшілік пен келісім» жобасының аясында құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының құрамындағы мемлекеттік еңбек инспекторлары жергілікті жерлерге шығу арқылы азаматтармен кездесулер өткізіп, олардың еңбек қатынастарына қатысты жеке сұрақтарына тиісті түсіндірмелер беру жұмыстарын жүргізіп, өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға тырысуда.
Еңбек адамдарын әлеуметтік және материалдық көтермелеу мақсатында облыстың 5370 кәсіпорнында ұжымдық шарт қабылданды. Еңбек саласын цифрландыру, еңбек шартын электронды E-HR жүйесіне ауыстыру бағытындағы жұмыстар да жоғары деңгейде атқарылуда. Бүгінгі күнге облыстың 4567 кәсіпорны 154 814 жұмыскердің еңбек шартын электронды форматқа ауыстырды. Ағымдағы жылдың наурыз айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасына сәйкес, облыстағы ірі және орта кәсіпорындармен тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 41 кәсіпорын 19 377 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23 мың теңгеге немесе 26 пайызға көтерді.
Жыл басталғалы салада атқарылған жұмыстар аз емес. Алда тұрған міндеттер де ауқымды. Бастысы еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарымыз қарқынды түрде жалғасын таба бермек.
Еңбек күні мерекесі баршамызға құтты болсын. «Еңбек – ырыс бұлағы, адамның бақыт шырағы» дейді. Ырыстарыңыздың бұлағын ағызатын, бақыттарыңыздың шырағын жаққызатын еңбек атты ұлы жолда табысты болыңыздар деп тілеймін.