Ердің бақыты – әйел

27

Табиғатынан жаны нәзік болып жаратылғанымен мойнындағы міндеті, жауапкершілігі салмақты қыз-келіншектердің, әсіресе ауыл әйелдерінің тұрмысына қоғамның назарын аударту үшін 15 қазан – Бүкіләлемдік ауыл әйелдерінің күні болып белгіленген. Мерекені атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Әлем әйелдерінің 4-ші конференциясында ұсынылып, сол жылдан бері аталып өтіп келеді.

Зерттеушілердің пайымдауынша, дүние жүзіндегі 500 миллион ауыл әйелі кедейшілікте өмір сүреді екен. Сондықтан аталмыш мерекеде алтын бесіктегі әрбір шаңырақтың шырайын келтіріп, тұрмыстың тауқыметіне төтеп беріп, ұрпақ жалғастыра жүріп, елге еңбек етіп те үлгеретін әйелдер жайлы кеңірек айтқан жөн болар.
Қазақ қызы деген аяулы атқа дақ түсірмей, келіндік міндетін мүлтіксіз орындап, бүгінде көпбалалы ана атанып отырған Гүлнара Әлімбаева ауылдық жердегі үлкен бір ұжымды басқарып отыр. Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің директорлығын абыроймен атқарып жүрген Гүлнар Еділбайқызы 7 баланың анасы.
– Өзім де, жолдасым да көпбалалы отбасыдан шыққанбыз. Бүгінде тұңғыш қызым да 7 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, «Алтын алқа» иегері атанды. Жаратқанға сансыз шүкірлік, біздің бар байлығымыз – балаларымыз. Өзім 11 ағайындымын. Әке-шешем 50 жыл мал баққан кісілер. Балаларының білім алуына бар мүмкіндікті жасады.
Математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып, ауыл мектебінде жұмыс істедім. Мұғалімдіктің көп уақытты, жиі ізденісте жүруді талап ететін қызмет екенін білесіздер ғой. Таңғы сағат 5-те тұрғаннан үйдің шаруасын реттеп, балалардың ас-суын әзірлеп, мектепке барып, сабақтарымды аяқтап, кеште келе салысымен кешкі астың қамы, мал келетін уақыттағы қарбаласқа кірісеміз. Түскі үзілісте үйге келіп, ата-ененің шайын беріп кетесің, түнде ел жатқанда балаларды ұйықтатып болып, кір жуу, нан пісіру секілді жұмыстарыңды бітіріп, түнгі сағат 1-2 шамасында тынығасың.
Артық ештеңеге мойын бұрғызбайтын сол қым-қуыт тірлік адамды шаршатпайды, керісінше шынықтырады деп ойлаймын. Уақыттың қадіріне жеткізеді. Әр секундтың қандай қымбат екенін жаныңмен сезінесің. Өміріңнің әр сәтінің бос өтпегеніне қуанасың, – деген ұстаз-ана уақыттың қадірін білген адам ештеңеден ұтылмайтынын аңғартты.
Өмірде барлық адам түрлі жағдайлармен сыналатыны ақиқат. Сондай сәттерден сүрінбей өтуге жақындарыңның жан жылуы үлкен ықпал ететінін кейіпкеріміздің әңгімесі тағы да дәлелдеді.
– Ауылдық жерлерде қазір бар жағдай жасалуда. Бұрын біз ас-суымызды әзірлеу үшін от жағып, алдын ала отынымызды дайындап, барлық шаруаны өз қолымызбен атқаратынбыз. Қазір үйдегі шаруаны жеңілдеткен небір құрылғылар, автоматты тұрмыстық техникалар іске қосылса да зымыраған уақыт кейде үлгертпей кетеді.
Адамды есейтетін де, абыройға кенелтетін де, тіпті түрлі қиындықтардан жол тауып, алып шығатын да еңбек екені даусыз. Дана Абай айтпақшы, «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық – аздырар адам баласын» дегендей, бала тәрбиесінде де еңбекке бейімдеуді қолдансақ, біз адаспаймыз. Бүгінде балаларымыздың алды отбасылы, шүкір, 10-нан аса немере сүйіп отырмыз.
Біздің қазақта еншілес деген жақсы дәстүр бар. Сол дәстүрмен мен осы әулетке келін болып түскенімде дүниеге келген қайын ағамның ұлын бізге еншілес етіп берген. Сол ұлымыз шаңырақ көтергенде небары 28 жаста едім, құдағи болып төрге оздым. Біздің халықтың көрегендігін осыдан-ақ байқауға болады. Жас келін өзінің тұңғышын дүниеге әкелгенге дейін еншілеп берген бала арқылы оны аналық жауапкершілікке тәрбиелеп, жастай құдалыққа араластырып, оң-солын ертерек танып, жөн-жоралғыны жастай үйренуге жетелейді. Егер сол салтымызды үзбей жалғастырсақ, бәлкім қазіргідей жас жұбайлар арасындағы ажырасу мұншалық артпас па еді деп ойлаймын. Өз отбасынан тәрбиесі, ұстанымы бөлек өзге шаңыраққа келін болып түскен қыз балаға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жас бойжеткенге мұндай өзгерістерді бірден игеріп кету оңай емес. Мұндайда қайын ененің рөлі ерекше. Менің жолым болғаны сондай, өте тамаша қайын ене бұйырды. Білмегенімді үйретеді, бірақ ақыл айтып, «мынауың дұрыс емес, ол былай болады» деген емес. Тіпті қателескен ісімді де көңілге жағымды етіп, жылы сөзімен көрсететін.
Әрине қайын ене туған анаңдай бола алмайды. Дегенмен жат жұрттағы жақын адамың. Сондықтан жақын адамыңның жан жылуын сезіну – қиындықтарға төтеп беруге үлкен қолдау болады. Бүгінде өніп-өскен әулетке айналып, ел-жұртқа сыйлы шаңырақ болуымызда, қызметте ұжымымның құрметіне бөленуімде енемнің үлесі орасан зор. Өйткені үнемі «Үйдің шаруасы ешқашан бітпейді, жұмысыңда ұятқа қалма» деп отыратын.
Мектептегі жұмысымды жаңадан бастаған кезімде кәсіби тұрғыда көп нәрсені үйреткен ұстаздарым Болат Асылбаев, Нафиса Малбағарова мақтау арқылы көтермелеп, кемшілігімізді батыра айтумен шыңдайтын. Әлі есімде Болат ағай педагогикалық кеңесте бір кемшілігімді бүкіл ұжымның алдында айтқанда іштей қатты ренжіп, жылап келгенмін. Сонда енем де, күйеуім де айтылған кемшілік кейін сабақ болатынын түсіндіріп, жұбатқан еді. Расында сол жиналыстан кейін мен әрбір нәрсеге мұқият мән беруді әдетке айналдырдым. Енді ойлаймын сын адамның мінін бетіне басу емес, шыңдау екен. Егер сол ұстаздарым кезінде қамшыламаса, қазір бүгінгідей деңгейге жетпес пе едім? Сондықтан, жастарға айтарым – ешқашан сыналудан қашпаңыздар. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегеннің төркінін ұғыныңыздар, – дейді «Алтын алқа» иегері Гүлнара Әлімбаева.
Қазақылықтың қаймағын бұзбай, салтты сақтаған ауылдың бейнеті көп тіршілігін талмай көтере жүріп, сенім артқан қызметті де қалтқысыз атқара білген қазақ келіндерінің мықтылығына талайлар тәнті болған.
Татулықпен тамсантқан ауылымды,
Ардақ тұтқан аға-іні, бауырымды.
Ізеті мол қазақтың келіндері,
Бағалаттың баршаға қадіріңді, – деген ақын Сәнімкүл Желдербаева шаңырақты шайқалтпау үшін темірдей төзіммен, ерен еңбекпен әулетінің абыройын асқақтатқан қазақтың келіндерінің көркем келбетін суреттесе керек-ті.

 

Қамар Қарасаева,

Қордай ауданы