Қоғам

«Ернұр 2 жасында атқа мініп, шаба бастады»: үш жасар шабандоз балақайдың әкесі сұхбат берді

Жетісулық 3 жасар Ернұр есімді шабандоздың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен таралып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатыр. jambylinfo.kz. тілшісі кішкентай шабандоздың әкесі Алмасқа хабарласып, аз-кем сұхбаттасты.

– Алмас, Ернұр батыр неше жасынан бастап атқа міне бастады?

– Ұлым Ернұр 1 жасынан атқа мінуге құмарта бастады. Ат көрсе болды, бірден атқа қолын шошайтып, мінемін деп жылайтын. 1,5 жасқа келгенге есекке мінуді үйреттім. Ал 2 жасында атқа мінді. Міне, осы қыстан бастап атқа мініп, өзі шабатын болды.

– Сіздің әлеуметтік желіде жүктеген видеоларыңыздан Ернұрдың қозы көтеріп, шалма салып жүргенін көруге болады. Мұның бәрін өзіңіз үйретіп жүрсіз бе?

– Иә, өзім үйретемін. Біз Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында тұрамыз. Мамандығым – мал дәрігері. Ал хоббиім – бәйгеге ат қосу. 2012 жылдан бері ат дайындап, бәйгеге қосамын. Жалпы, бала не көрсе, соны қайталайды деген рас екен. Мен не істеймін балаларым да соны айна қатесіз  қайталайды.

– Ернұрды қосқанда неше балаңыз бар?

– Төрт ұлымыз бар. Ернұр үшінші баламыз. Кішкентайымыз енді 1 жасқа толады. Ұлдарымның бәрі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне араласып өсіп келеді.

– Ернұр батырдың мінезі қандай?

– Ернұрдың мінезі бірбеткей, айтқанынан қайтпайды. Шабандоздық қанымызда бар ғой. Бұйырса, ұлым өскенде көкпаршы болады деп сенемін.

– Ернұр балақай әлеуметтік желіде танымал болып, өзінің жұлдызға айналғанын біле ме?

– Жоқ, әлі кішкентай ғой. Ойын баласы, ойында түк жоқ. Ал ұлымыздың бүкіл елге танымал болып жатқанына біз қуанып жатырмыз. Інім Ернұрды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген екен. Бірден ел ішіне таралып, танымал болып кетті.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!