Ғасырлар бойы армандаған азаттық

52

Кез келген адамзат баласына, ұлт пен ұлысқа, ел деген мәртебелі қауымға Елтаңбадан ерек, Тудан биік һәм Тәуелсіздіктен қастерлі ұғым жоқ десек, асып айтқандық болмас. Себебі жұмыр жердің бетінде өз арман-мақсаттарының, бабалар аманатының, кешегісі мен келешегінің иесі өзі болғанымен, киесі егемендік, ардақты азаттық. Әр сәті ардай бағалы, намыстай қастерлі, өмірдей қымбат осы күнді, тәңір тартуы болған тәуелсіздікті қазақ халқы өзінің пайда болу кезеңінен дұғасына қосып, батасына арқау етіп аңсап келгені жасырын емес. Құраннан кейінгі қасиетті тарихында оған қанмен жазылған деректер аз емес.

Әрине, қарт тарихтың әр әжімін тінтіп, қоламтасын қопарудың қажеті жоқ деуге де болмас. Дегенмен, бізде мақтануға да, мұңаюға да, жұбануға да, рухтануға да тұрарлық тағдырлы тарихымыз бар. Оны ешкім де, ешқашанда жоққа шығара алмайды. Ол тарихты біздің ұлыстың маңдайына Жаратушының өзі жазған. Бүгінде сол киелі пешене шындыққа, көз сеніп, көңіл марқаятын ақиқатқа айналды.
Кешегі «қара қазан, сары баланың қамы» бұл күнде дамыған дара қоғам болып, бұқара Мәңгілік елдің бағы туралы ұрандата сөз сөйлейтін риясыз халге жетті. Ата-бабалардың арманда кеткен ақ сәулесі ұрпақтың бесігіне жылу төгіп, азаттықтың ауасымен тыныстауда. Расымен күнде көріп жүргендіктен таудың да биіктігі байқалмауы мүмкін. Алайда ол тауды биіктетіп тұрған бабалардың топырағы екенін де басқан әр ізімізде сезіну біздің маңдайға жазылған міндетіміз.
Қазіргі қоғамның көз үйренген картинасында мерекелік іс-шаралар, марапаттар мен жүлделер, күйбең тіршілік, білім, ғылым, өнердегі бәсекелестіктің бояуы басымырақ. Алайда осының барлығы тек тәуелсіздіктің арқасында өтіп жатқанын аңғара бермеуіміз мүмкін. Тәуелсіздік болмаса өнердің де, кәсіпкерліктің де, ән мен күйдің де, жыр мен бидің де, арман-мақсатыңның да, жоспар, жұмысыңның да өткені түгіл, бүгіні мен болашағы жоқ екені жасырын емес. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірі бөлек, киесі алабөтен.
Қазіргі қазақы қоғамдағы өмір өрнектерінің өлшемі іспетті күнтізбесінде не көп, мереке көп. Мейлі дүниежүзілік, халықаралық, республикалық, мейлі кәсіби, мейлі ұлттық, әйтеуір санасаң екі қолдың саусағы жетпейтін атаулы сәттер аз емес. Жалпы қоғамдық түгіл, жеке адамның, отбасының өзінде әрбір жасы той, әр қуанышы думанға толы. Әрине, әр қуаныштың өз орны, мән-мағынасы болуы заңдылық. Дегенмен, осының барлығы тәуелсіздік мерекесінің қасында салтанаты жұпыны, салмағы қаңбақтай. Себебін айтпасақ та түсінікті. Мереке түгіл, әрбір күнді тәуелсіздіксіз елестету ұлтқа да, ұрпаққа да қасіретті. Түсінгенге тәуелсіздіктің әр күні мереке.
Қазақтың отыздан астам ханы ең басты мәселе – жердің кеңдігі мен елдің егемендігі жолында тақтан ғана емес, аттан түспей ғұмыр кешті, ақтық демін тауысты. Аң стилінде тау еркесі арқар, аспан төресі қыран, дала сесі бөрі, шың серісі барыс, осының барлығы да еркіндікті аңсаудан бедерленді. Түркі халқы үшін күн, түн ұйықтамай Ұлы даланың рухына айналып кеткен Тоныкөк, Күлтегіннің қаны, мәңгі мұраты уақыт арнасымен осылайша ұрпақтан ұрпаққа дарып, тамырына тамып, дауылға діңін тосып, боранға бас имеген ерлік бәйтерегін биіктете берді. Бүгінде сол алып бәйтеректің ұшар басында Самұрықтың ұясындай мемлекет тәуелсіз ғұмыр кешуде. Ол – біздің қарашаңырақ Қазақстан.
Халқын азат ету үшін абақтыдан аруақ болып бір-ақ шыққан арыстандар – Алаш арыстары, елге атылған оққа жүрегін тосқан жолбарыстар – Желтоқсан жауқазындары, рухтардың сүрлеуіне айналған тар жол, тайғақ кешу осы тәуелсіздікке алып келді. Міне, содан бері, қазақ ұлысы аңсаған азаттыққа қол жеткізген сәттен бастап бүгінге дейін 29 жыл желдей есіп өте шығыпты. Сол тарихи тағдырлы сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алғандағы алғашқы сөзінде: «Қадірлі халайық! Біз бастан өткеріп отырған осындай ғаламат тарихи өзгерістердің куәлары мен қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Қазір біздің көз алдымызда әлемнің картасында жаңа мемлекеттер пайда болып, қоғамдық саяси және экономикалық формациялар, мемлекеттік басқарудың формалары ауысуда десек, асырып айтпаған болар едік. Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді. Тарихтың жаңа оралымы сәтінде Қазақстан халықтары өздерінің батыл таңдауын – өркениетті демократиялық қоғамды таңдады», деген болатын. Қазақ ұлысы сол жүрісінен жаңылмай, бүгінде тәуелсіздіктің отыз жылдығы мен бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену жолында теңіздей талпынып, арнасына сыймай асуларды бағындырып келе жатыр. «Тәуелді» деген ұғымды тудырған күштілер мен обырлар» деп қаранарымыз Шерхан Мұртаза айтқандай, шүкір, бүл күнде обырлық пен озбырлықтың ордасын бұзып, оғлан ұрпақ Отанның үмітін сан салада абыроймен ақтап, ту ұстаған бабалардың сенімі мен сертін іспен дәлелдеуде. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деп Әлихан Бөкейханов айтқан перзенттік парыз бен парасаттылық, уақыт талабы мен жауапкершілік тәуелсіз ел жастарының жүрек төрінен орын алғаны да көңіл қуантады. Өйткені аяулы болған халқымыздың болашағы енді баянды болғай. Қазақ хандығының бес жарым ғасырлық белесі секілді тәуелсіздігіміздің де ғасырлы асуларын атап өтетін күнді ұлысымызға нәсіп етсін. Һәм құтты болсын, мәртебелі Тәуелсіздік күні!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ