Қоғам

Ішкі тыныштық – ілкімді істердің нәтижесі

Ішкі тыныштық – ілкімді істердің нәтижесі

Санаулы күндерден соң тарих қойнауына енетін 2020 жылдағы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытқа жоспарланған істерді талқылау мақсатында облыс әкімі өңіріміздегі дін, мәдениет, спорт, ішкі саясат саласының қызметкерлерімен кездесті. Алдымен басқарма басшыларының баяндамасын тыңдалып, түйіткілді мәселелердің шешімі кеңінен талқыланды.

Облыс тұрғындарының спортпен шұғылданып, өнерін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баршылық. Діни нанымда адаспай, қоғамдық мәдениетті тұрақтандыру үшін айтулы шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұған мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы да аз емес. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

– Әр іске бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы мен оның нәтижесін халық көруі үшін жұмысты жандандырыңыздар. Құрғақ есеп емес, керегі – істің берер жемісі. Ішкі саясат басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарымен, әсіресе әлеуметтік желімен жұмысты күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатсын. Қазір елдің көпшілігі әлеуметтік желілерде отырады, бар ойын да сонда ақтарады. Халықтың керегін бағамдап, соған қарай жұмыс жүргізу керек. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен де жұмысты оң жолға қою керек. Берілген қаржыға лайықты жұмысты көретін болайық, -деп, мәдеиет саласының басшылығына филармония тек облыс орталығында емес, елді мекендерді аралап, халыққа тұщымды концерт беруі керектігін тапсырды.

Сондай-ақ, облыс басшысы Бердібек Машбекұлы келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мәнді, мағыналы өткізуге жүйелі жоспар құруды тапсырды. Және шын еңбекпен елдің елеулісі болған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығын жоғары деңгейде өткізу керегін ескертті.

 

Қамар Қарасаева