Қоғам

Көлік тізгіндейтін жандар үшін жағымды жаңалық жарияланды

Жаңа жылдан бастап көлік иелері үшін жағымды жаңалық бар

2026 жылғы Салық кодексіне енгізілген өзгерістер салық жүктемесін азайтып, кейбір санаттағы автокөліктер үшін төлемді екі есеге дейін төмендетеді. Бұл туралы Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Қуаныш Тұрсынов мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жаңа ережеге сәйкес, пайдаланылғанына 10 жылдан асқан жеңіл көліктер үшін салық 0,7 коэффициентпен есептелмек. Ал 20 жылдан асқандарға 0,5 коэффициенті қолданылады. Бұл өзгеріс мыңдаған көлік иесінің қалтасын жеңілдетпек.

Мысалы, 2010 жылы шыққан, қозғалтқыш көлемі 2500 текше см көліктің салығы 2025 жылы 27 мың теңге болса, келесі жылы небәрі 19 мың теңгені құрайды. Ал 2002 жылғы 2900 текше см көлік иесі 38 мың теңге орнына 19 мың теңге төлейтін болады.

2013 жылдан кейін тіркелген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын жеңіл көліктерге салынатын қосымша салық алынып тасталды. Бұл әсіресе джип, жол талғамайтын көлік иелері үшін тиімді.

Мәселен, 3500 текше см қозғалтқышы бар көлік иесі 2025 жылы 183 мың теңге төлесе, жаңа жылдан бастап 59 мың теңгемен шектеледі. Ал 5700 текше см қозғалтқышты көліктің салығы 791 мыңнан 460 мың теңгеге дейін қысқарады.

Шаруа және фермер қожалықтарына да жеңілдік қарастырылған. Олар пайдаланатын бір моторлы көлік құралы (пикап түріндегі) салықтан толық босатылады.

Көлік құралдарын бұрынғыдай «пикап», «джип», «лимузин» деп бөлу тоқтатылды. Енді санат жүргізуші куәлігіндегі категориямен (А, В, С, D) анықталады. Сонымен қатар заңды тұлғалар енді ай сайын есеп бермейді — тек жыл соңында декларация тапсырады.

Жаңа Салық кодексі көлік иелеріне айтарлықтай жеңілдік әкелді. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе ескі көліктер мен көлемді қозғалтқышы бар автокөлік иелері салықты аз төлеп, қомақты қаражат үнемдейді.