Қоғам

Көлік жүргізушілеріне ауа райына байланысты ескерту жасалды

Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Жаңа жыл мерекелері кезеңінде, 30 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының аумағында ауа райының тұрақсыз болуы күтіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бірқатар өңірлерде қар жаууы, боран, тұман, көктайғақ және ауа температурасының күрт өзгеруі болжануда. Бұл, әсіресе, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін.

Ең күрделі жол жағдайы елдің солтүстік, орталық және батыс өңірлерінде күтіледі. Аталған аймақтарда қар құрсауы, көріну қашықтығының төмендеуі және жолдарда мұз қабатының пайда болуы ықтимал. 

Ал оңтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақыттарда көктайғақтың түзілуімен қатар жаңбыр мен сулы қар жаууы мүмкін.

Осыған байланысты жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мереке күндері республикалық маңызы бар автожолдарда 1700-ден астам арнайы техника мен шамамен 2500 қызметкер жұмылдырылады. Жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, жауапты кезекшілер бекітілген.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында 1403 нөмірі арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық қызмет көрсетеді. Бұл нөмірге хабарласу арқылы азаматтар автожолдардың жай-күйі мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы өзекті ақпарат алып, қажет болған жағдайда көмекке жүгіне алады.