Қоғам

Күн бетінде дақтар жоғалып, ірі тәждік ойық геомагниттік дауылға себеп болмақ

Бір тәуліктің ішінде оның аумағы шамамен 50%-ға кеңейген

Ресей Ғылым академиясының Ғарыш зерттеулері институты жанындағы Күн астрономиясы зертханасының мәліметінше, Күннің Жерге қараған бетінде дерлік ешқандай дақ қалған жоқ, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ғалымдардың айтуынша, әдетте дақтардың азаюы жарқыл белсенділігінің де төмендеуімен қатар жүреді. Қазір жоғары дәлдіктегі ғарыштық суреттерде бар болғаны төртке жуық көмескі дақ қана байқалады. Ұқсас жағдай Күннің екінші жағында да болуы ықтимал.

«Егер өзгеріс болмаса, алдағы аптаның басында жарқылдардың саны нөлге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл – ауа райына тәуелді адамдар үшін қуанышты, ал радиобайланыс әуесқойлары үшін қолайсыз жағдай», – дейді бақылаушылар.

Сонымен қатар, дүйсенбі, 18 тамыздан бастап, Күн тәжіндегі ойық аймаққа байланысты геомагниттік дауылдар күтілуде.

Ал 15 тамыз күні ғалымдар Күннің Жерге қараған бетінде ірі тәждік ойықтың жылдам ұлғайғанын хабарлаған еді. Бір тәуліктің ішінде оның аумағы шамамен 50%-ға кеңейген.

Мамандардың болжамынша, дәл осы ойық аймағынан «әсіресе жылдам әрі тығыз күн желі» таралады, өйткені қараю құбылысы Күн атмосферасының тек жоғарғы емес, төменгі қабаттарында да байқалып отыр.