Кәсіподақ бар жерде еңбек дауы болмайды

31

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиынды ашқан Бердібек Машбекұлы, еңбек адамының құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, ұжымдық шарттардың саны мен сапасын арттыру секілді мәселелер күн тәртібінен түспейтінін, межелі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жалғаса беретінін атап өтті.

Алғашқы баяндаманы жасаған 122 мыңнан астам мүшесі бар облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген азаматтық қоғамның ең ауқымды тобының ағымдағы жылдың он бір айында атқарған жұмысын, алдағы міндеттер мен жоспарлар жайын баяндады.
Ағымдағы жылы өңірде еңбеккерлердің жұмыстан қысқартылуына, құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру мәселелері бойынша кәсіпорындармен 8342 меморандум қабылданып, көрсеткіш 62 пайызға жеткен. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.

Сонымен қатар өткен жылдың 11 айында 54 жазатайым оқиға орын алып, 14 адам қайтыс болса, биыл екі есеге азайыпты. Сонымен қатар кәсіподақтық инспекцияның араласуымен негізсіз кем төленген, заңсыз ұсталып қалған, қате есептелген жалақы және өзге де олқылықтарды жою мен алдын алу арқылы соңғы 5 жылда 1 миллиардтан астам қаржы кәсіподақ мүшелеріне өндіріліп берілген.
Кәсіподақ мүшелері індетке қарсы күресте де жұмылған жұдырықтай әрекет етіп, көптеген игілікті істер атқарыпты.
Мұнан кейін облыстық көпбейінді аурухананың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Рысалықызының баяндамасы тыңдалды. Баяндамашыны тыңдаған өңір басшысы Бердібек Машбекұлы медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруға кәсіподақ өз үлесін қосуы керектігін жеткізді.
–Әрине дәрігерлердің еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда медицина қызметкерлерінің олқылықтарына қатысты әлеуметтік желіде де, түрлі кездесулерде де тұрғындар базынасын айтып жатады. Сондықтан арнайы комиссия құрдық. Комиссия барлығын тексереді, – деді Б. Сапарбаев.
Ал ҚР Кәсіподақтар федерациясына қарасты «Меркі-RADON» шипажайының бас директоры Серік Мақажанов бірқатар ұсыныстарын тілге тиек етті.
– Шипажайға 1984 жылы тартылған 1500 метр су құбыры 36 жылдан бері ауыстырылмаған. Бүгінгі таңда Меркі шатқалындағы 20-ға жуық нысан сусыз отыр. Шипажайдың аумағында жеке секторлар көптеп шоғырланған. Барлық көліктер шипажай аумағында орналасқан тауға апаратын жалғыз көпірден өтеді. Бұл жағдай демалушыларға кедергі келтіреді және өміріне қауіп төндіреді, – деді С.Мақажанов.
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» облыстық филиалының төрағасы Ерлан Сатыбалдиев те бірқатар мәселелерді көтерді.
– Медицина мекемелерін сатып алған жеке кәсіпкерлер ашығын айтқанда білгендерін істеп жатыр. Қай-қайсысы болмасын негізгі жұмысын ысырып қойып, ең алдымен кәсіподақты таратудан бастайды. Салдарынан көптеген заңбұзушылықтар орын алып жатыр. Мамандардың негізсіз қудалануы, дәрігерлердің еңбек демалысының дұрыс төленбеуі секілді мәселелер өршіп тұр. Сондықтан жекеменшікке өткен медицина мекемелерінің жұмысын бақылауға алу керек секілді, – деді Е.Сатыбалдиев.
Ал «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов жалақы жайын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтылған әр мәселе бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырма беріліп, шешімін табанынын жеткізді.

 

Талғат Нұрханов