Кезектен аттап, заңды «таптап»  кеткендер кімдер?

Сын мен шын

0 78

    «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді. Десе де елімізде мұқтаж жандарды баспанамен қамту бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Болашаққа бағдаршам болған бағдарлама да, жүйелі жоспар да баршылық. Алайда кезегін күтпей, «әкесі» мен  «жәкесін» араға салып, заңсыз үй иемденіп жатқан көлденең көк аттылар да кезігіп жатыр. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс  бойынша департаменті  мәлім етті.

Жасыратыны жоқ коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды пайдалануға беру қызметі тұрғындарды көп толғандыратын сала болып табылады. Осыған дейін «Адал көмек» акциясы аясында  «Аntikor» орталығында елімізге  танымал адам құқықтары жөніндегі қорғаушы А.Умарованың қоғамдық қабылдауында көпбалалы аналар тарапынан Тараз қаласында тұрғын үй мен  жатақхананың  кезексіз берілуі туралы шағымдар айтылған болаты. Осыған орай  Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс  бойынша департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, Тараз қаласында тұрғын үй  беру қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізген еді.

  – Біз ең әуелі Тараз қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды алуға мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтардың тізімін анықтадық.  2005 жылдан бері  санаттар бойынша тұрғынжай алуға кезекте  тұрған азаматтардың саны 13 138 адамды құраған. Өз кезегінде тұрғынжай алуға есепке тұрғандардың динамикасына қарайтын болсақ, 2016-2018 жылдар аралығында әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар орта есеппен 870 азамат тіркелген.  2019 жылы болса, өтініш берген  азаматтардың саны 1239 жетіп, 42 пайызға   өскен. Сол сияқты көпбалалы отбасылар санатына 2016-2018 жылдар аралығында орта есеппен 152 азамат тіркелсе, 2019 жылы  837 азамат кезекке қоюға өтініш берген. Яғни,  көпбалалы отбасылар санатына тіркелгендердің саны 4,5 есеге өсіп кеткен.

  Негізі еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес

тізімге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Рас Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, жетiм балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа»  алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы»  ордендерімен наградталған көпбалалы  отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды бірінші кезекте алуға құқығы бар. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, жоғарыда аталған кезекте тұрғандар осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, ешкімнің де басым құқығы болмайды.

  Алайда нақты Заңмен белгіленген тәртіпке қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №4194 қаулысымен «Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға уақытша тұру мақсатында жатақханадан бөлме берудің ішкі тәртіп ережесін» бекіткен.

   Аталған ережеге сәйкес, мұқтаждар тізімінде тіркелген азаматтардың ішінен қосымша өтініш қабылдау арқылы 2019 жылы 180 азаматқа уақытша тұруға тұрғын-жай берілген, — дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы.

      Рас Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №498 хатымен ұсынылған ақпараттарға сәйкес, ереже көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтардың наразылықтарын сейілту мақсатында  жатақханадан 180 отбасыға демеушілік жасау негізінде туындағандығын және жатақханадан бөлме беру тәртібі Заңның 67, 68, 74, 75 және 76 баптары сүйене отырып жүргізілгендігін көрсетіп отыр. Алайда мониторинг кезінде ереже негізінде берілген тұрғынжай алуда Заңмен белгіленген кезектіліктің сақталмағандығын анықталған.

– Атап айтсақ,  2005-2018 жылдар аралығында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар санаты бойынша  8099 азамат кезекте тұрғанымен, жатақханадан бөлме берілген 180 отбасының 57 –сі  коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай кезегіне тек 2019 жылы тұрған.

Сол сияқты 2020 жылы «Арай» тұрғын алқабынан пайдалануға жоспарланған тұрғынжай алуға мұқтаждар тізімінде тіркелген азаматтардың ішінен өтінішті 717 азамат білдірсе, соның 197-сі тізімге 2019 жылы тіркелген.

  Сонымен қатар облыстық әділет департаментінің ұсынған ақпаратына сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №4194 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға уақытша тұру мақсатында жатақханадан бөлме берудің ішкі тәртіп ережесінің» мемлекеттік тіркеуге ұсынылмағандығын және құқықтық сараптамадан өтпегендігін көрсетті.

  Өз кезегінде Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілері туралы» Заңында, реттелетін қоғамдық қатынастар шеңберiнде көп мәрте қолдануға арналған, жеке-дара айқындалмаған тұлғалар тобына қолданылатын, тұрақты немесе уақытша сипаттағы жалпыға мiндеттi мінез-құлық қағидалары сияқты талаптардың құқық нормаларына жататындығы және әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары әділет органдарынан тіркеу қажеттілігі жайлы жазылған.

          Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес ел  азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды тiзiмдерде белгiленген кезектілік тəртібімен беру ғана көзделген. Сонымен қатар, тұрғынжайды мұқтаж азаматтарға уақытша беру нормалары аталған Заңда қарастырылмаған.

  Ал ережеде белгіленген талаптар, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына нормаларына қайшы келу арқылы басқа да 2005 жылдан тұрғын жай алуға кезекте тұрған азаматтардың құқықтарын бұзады.

  Қазіргі таңда орын алған жағдай бойынша,  департаментке тұрғын жай алмаған және мұқтаждар тізімінде кезекте тұрған азаматтар көптеп арыз жазып, наразылық білдіріп жатыр. Сол себепті зерделеу қорытындысын облыс әкімі мен жауапты мекемелерге жолдап, шара қолдану туралы ұсыным білдіріп отырмыз, – дейді  «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Н. Дәрменқызы.

        Міне осылайша кезектен аттап өтіп, баспаналы болғандардың ісін департамент мамандары әшкере қылып отыр. Қазіргі таңда олар  Тараз қаласындағы мұқтаж азаматтарға тұрғын жайды Заңмен белгіленген тізімнің кезегімен беруді ұйымдастыру, қала әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №4194 қаулысын құқықтық сараптамадан өткізу арқылы әділет органында тіркеу және  заңсыздық дәлелдемелері анықталған жағдайда, қаулының күшін жою бойынша шаралар қабылдауды ұсынып отыр. Тараз қаласы әкімдігі қазірдің өзінде аталған шарттардың бірқатарымен келісіп, биыл баспананы тек тізім арқылы беруге ант-су ішіп отыр екен. Демек құзырлы мекеме өз қателігін мойындап отыр деген сөз. Ең басты сауал – былтыр кезексіз пәтер кілтін иемденген  57 тұрғынның ендігі жағдайы не болмақ? Және биыл кезексіз өтінім жолдаған 197 азаматтың сұранысын Тараз қаласы әкімдігі қалай қанағаттандырмақ?  Әлде «Ойбу, байқаусызда бізден қате кетіпті» деп,  талайдың үмітін үзе ме?

Әрине көпбалалы аналарды қолдау керек шығар. Алайда кезектен аттап, заңды «таптап» қаулы күшіне енген 2019 жылы ғана тізімге тұрған 57 азаматқа үй үйлестіре салу санаға сыя ма? Оған қоса биыл тағы 197 көпбалалы отбасы үй алуға өтінім беріп отыр екен. Бар үйді өтініш бергендерге беретін болсақ, 2005 жылдан бері үй кезегінде тұрған өзгелердің  жағдайы не болмақ? Бір ғана мысал 2010 жылдан бергі 9 жыл ішінде 1 ғана жетім бала өз кезегімен үй алған екен. Қалғандары көпбалалы аналардың көлеңкесінде қалып кеткен. Бұл мәселені облыс пен қала әкімдігі зердеден өткізіп, екі жаққа да бір тиімді шешім шығарады деп сенеміз. Әйтпесе, бұның арты жақсылыққа апармайтынын әркімнің іші біліп отыр.

 Қала әкімдігі не дейді?

Бұл мәселеге қатысты Тараз қаласы әкімдігінің айтар өз уәжі бар. Олардың сөзіне сүйенсек, бәрі заң шеңберінде жасалған көрінеді.

— Облыс әкімінің тапсырмасымен былтырғы жылы баспанаға мұқтаж азаматтарға 8 жатақханалық үлгідегі  үй тұрғызу көзделген болатын. Соның біз  төртеуін салдық.

Аталған үйлерге мұқтаж жандарды орналастыру үшін Ереже бекітіліп, сол бойынша келіп түскен 401 өтінішті толықтай зерделеп шықтық. Нәтижесінде 180 адам баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы аналарға басымдық бергеніміз рас. Себебі сол тұста көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту бірінші кезекте тұрған болатын.

Былтыр пәтерлі болған 57 көпбалалы ана 2019 жылы кезекке тұрды дегенмен келіспеймін. Себебі олар оған дейін толық емес отбасы сынды кезекте болған. Алайда жаңа Ережеге байланысты  санаттарын ауыстырды. Бірақ арасында қалалық тіркеуге жаңадан тұрған аналар да кезікті.

Қаулы мәселесіне келер болсақ, оны біз Әділет органына тіркеуге міндетті емес етінбіз. Себебі ол қалалық комиссияның отырысында мақұлданған. Десе де биыл прокуратура мен агенттіктің тексерісінен кейін Ереже  күшін жойып, жаңадан салынған үйлердегі пәтерлерді тек кезекпен бердік. Яғни, биылға өтінім берген 197 азаматтың өтінімі қанағаттандырылған жоқ.

2010 жылдан бері бір ғана жетім бала өз кезегімен үй алды деген ақпарды да жоққа шығарғым келеді. Қаңтар-ақпан айының өзінде біз төрт үйді пайдалануға берсек, заң бойынша соның 20 пайызы жетім балаларға үйлестірілді. Бір сөзбен айтқанда қала әкімдігі тарапынан үй беру кезінде ешқандай заң бұзушылыққа жол берілген жоқ, -дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Тұрғын үй саласына жауапты маманнан осындай жауап естідік. Ғазиз Нұрланұлы  Ереже күшін жойса да, былтыр баспаналы болған 180 азаматты тұрғын үйден шығарып тастай алмайтындықтарын ашып айтуда. Алайда биылға өтінім берген 197 азамат кезектен тыс үй алмайтыны анық болып тұр.

 Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.