Кибербуллинг қатері
Кибербуллинг қатері
Таяқтың екі ұшы секілді ғаламтордың да жақсы, жаман тұстары төңірегіндегі талас толастамай тұр. Интернеттің ақпарат алмасудағы жылдамдығы мен оңтайлылығын алға тартатын тараптың уәжін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де оның уақыт пен көзге зиянын былай қойғанда тұтас ғаламды шырмауына алған «тордың» жасөспірімдердің өміріне қатер төндіретін жайттардың орын алып жатқаны да ащы да болса шындық. Кибербуллинг деп аталатын қауіп-қатердің заманауи түрімен біздің қоғам бірер жыл бұрын бетпе-бет келгенімен жауаптылардың оның ащы сабағынан қорытынды шығаруға асығар түрі жоқ.
Қазақ үшін аты таңсық болғанымен заты таныс кибербуллинг ұғымы желі қолданушысын ғаламторда қудалау, мазалау, кемсіту мағынасын береді. Тереңге тартатын интернет иіріміндегі онлайн бопсалау, зорлық-зомбылық жасаудың заты біздің қоғамға таныс деуіміздің де өз себебі бар. Отандық интернет кеңістігіндегі кеңінен етек жайған кибербуллинг әрекеті 2017 жылдың ақпан айында байқалды. Cол жолы «Көк кит» деп аталатын ойынның ережесіне сай жасөспірімдер арасында кең тараған «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің қолданушылары аталған ойын ұйымдастырушыларынан түрлі тапсырмалар алған. Оның кейбірінің тіпті бұл тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, өз әрекеті жайында есеп жіберіп отырғаны белгілі болды. Ең сорақысы сол, бұл тапсырмалардың соңғы нүктесін жасөспірім өз-өзіне қол жұмсау арқылы қоюы керек еді. Алайда, тиісті құрылымдардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде онлайн режимде оқушыларға «әмірін» жүргізіп отырғандардың жолы кесілді. Сол жолғы «Көк китке» қатысты статистикалық деректердің өзі-ақ қазақстандық интернет кеңістігінің балалар үшін қауіпсіз еместігін аңғартты. Сәйкесінше, ата-аналар да балаларының онлайндағы «ортасына» көз қырын салуды әдетке айналдырды. Әйтсе де, бұл бақылаудың «24 сағат/7 күн» режимімен жалғастырудың мүмкіндігі жоқтығын ескерсек, кибербуллингті мемлекет тарапынан бақылаудың арнайы механизмін қолға алу қажеттілігі туындайды. Құқықтық қатынастарды реттеудің әлемдік тәжірибесінде интернет-платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, заңнама аясында интернет қолданушыларды кибербуллингтен қорғау мақсатында арнайы заң қабылдаудың мыңдаған мысалын кезіктіруге болады. Мәселен, Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар заңға сай 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал көршіміз Ресейде интернет арқылы жәбірлеу, қорқытып-үркіту фактілерінің көптеп орын алуынан Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік кодекске түзетулер енгізіліпті. Аталған түзетулер де онлайн режимдегі бопсалаушылардан жәбірленушілердің құқықтық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде дәл осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса назар аударып, балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келгенін атап өтті. Іле-шала Қазақстан Респуликасы Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев бастаған депутаттық топ Премьер-Министрге сауал жолдап, жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғау шараларын қолға алуға шақырды. Шындығында жұмыс пен оқу, құжат айналымы онлайн режимде қолжетімді болған сәтте кез келген адамның интернеттегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы ықтимал. Ал ресми статистика кибербуллингтен зардап шегушілердің 12 пайызын 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайтынын айғақтайды. Психологтар интернеттегі зорлық-зомбылық, қорлау, бопсалау әрекеттеріне тап болған жағдайда бұл жайында ешкімнен қысылмай айтуға кеңес береді. Тіпті, мұндай жағдайда аз уақыт интернеттен қол үзе тұру да артық болмайды.
Педагог-психологтың айтуынша, кибербуллингтік шабуылға ұшыраған жағдайда әбігерге түсудің қажеті жоқ. Керісінше шабуылға тойтарыс берудің қамын жасау керек.
Біздің қоғам мәнін, себеп-салдарын енді-енді түсіне бастағанымен кибербуллинг ғаламдық мәселеге айналып келеді. Оған қоса әлемдік пандемия салдарынан қашықтан оқыту жүйесіне көшу де интернетті балалар үшін қауіпсіз етуді мұқият ойластыруға міндеттейді. Жарық жылдамдығымен қарыштап дамыған технологияның озық үлгісін кәдеге оңтайлы жаратып, оның теріс салдарына тыйым салу күн тәртібіне қойылған сәтте ғаламторға үңілген баланың қауіпсіздігі үшін әрқайсысымыз жауапты екенімізді ұмытпайық!