Кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді

35

Bolashaq қауымдастығы жастарды кітап оқуға баулитын Bolashaq Books және іскер өрендерді қолдауға бағытталған «Жастар және инновациялар» жобаларын қорытындылады.

Қос жоба да Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен іске асқан. Халық арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған Bolashaq Books жобасы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды ғана емес, сондай-ақ жас азаматтардың білім көкжиегін кеңейтуді көздейді. Ол үшін еліміздің барлық өңірінде қоғамдық кітап сөрелері орнатылды. Жоба үйлестірушісі Жұлдыз Жүнісова биылғы жылдың қорытындыларын шығара келе, алдағы жоспарларына тоқталды.

«Қауымдастық бұл жобаны әрі қарай да жалғастыруды көздеп отыр. Осы жылы құрылған әуесқойлар клубы мен әлеуметтік желілердегі парақшалар жұмысын жалғас­тыра береді. Сондай-ақ қауымдастық аймақ­тарда қойылған сөрелердің жаңа кітаптармен толықтырылуына және олардың сақталуына жауап береді», деді жоба үйлестірушісі.

Отандастарымызды кітап оқуға қызық­тыру үшін жаңа технологиялар арқы­лы ақпарат беріп, әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларда пайдалы мәліметтер жарияланып отырған. Одан бөлек Ұлттық аударма бюросы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі және Қазақстан волонтерлер лигасымен ме­морандумдарға қол қойылған. Сауда және ойын-сауық орталықтарында және жоғары оқу орындарында kitap.kz электронды кітапханасындағы кітаптарға сілтемелер ілінді. Бұл – арнайы QR код арқылы қалаған кітапқа жедел қол жеткізуге ыңғайлы. Сөре­лерді жаңа кітаптармен толтыруға облыстық кітапханалар да атсалысқан екен. Жастарға кітап оқып қана қоймай, ол туралы пікір алмасу да қызықты екені сөзсіз. Сол себепті өзі оқыған кітапты алмастыруға мүмкіндік беретін шаралар да ұйымдастырылған. Жоба авторлары осы секілді қызықты шаралар арқылы жастар арасында кітап оқуды қызық әрі пайдалы дағдыға айналдыруға болатынына сенімді.

Жұлдыз Жүнісова жастарды ынталан­дыру үшін арнайы байқаулар да ұйымдас­ты­рылғанын айтып берді.

«Әлеуметтік желіде «Кітап әлемінен сү­йікті кейіпкеріме косплей» атты бай­қау өткіздік. 123 жұмыс қабылданды. Нәти­же­сінде, ақтық сында 30 туынды жүл­деге та­ласты. Жеңімпаздарға ноутбук, план­шет, ұялы телефон секілді қажетті гаджет­тер мен кітап дүкендеріне арнайы сертифи­кат табыс еттік. Бұл кішігірім шара қатысу­шылар­дың шығармашылық қабілеттерін дамытып, қатарластарымен бөлісуіне сеп болады», деп атап өтті Ж.Жүнісова.

Пандемияға дейін тұрғындар сөрелердегі кітаптарды үйіне алып кетіп, не сол жерде оқуға мүмкіндік алса, карантин кезінде оқырмандарға арналған онлайн шаралар өте бастаған. «Кітапқұмарлар» клубы жиі кездесіп, сүйікті кітаптарын, қай кітап бо­йынша кино түсіруге болатынын және өзге де тақырыптарды талқылап тұрған. Бұл шаралар жастарды кітап оқуға ынталандырып, ортақ қызығулығы бар өрендердің басын қосуға таптырмас алаңға айналды.

Іс-шарада тағы бір жобаның қоры­тын­­дысы таныстырылды. «Жастар және инно­вациялар» жобасы іскер жастардың деге­ні­не жетіп, өз арасында кәсіби қоғам­дас­тықтар қалыптастыруына жағдай жа­сауға бағытталған. 29-30 қазанда Bolashaq қауым­дастығы осы мақсатта онлайн форум өткізді. Спикерлер инновация және кәсіп­керлік саласындағы соңғы жаңалықтарды айтып, өз тәжірибелерін ортаға салды.

Bolashaq қауымдастығы атқарушы дирек­то­рының орынбасары Әлішер Дунгенин фо­румның халықаралық сипатқа ие бол­ға­­нын атап өтті. «Шараға қатысуға Ре­сей Федерациясы мен Өзбекстан Респуб­ли­­ка­­сының азаматтарынан 500-ден астам өті­нім келіп түсті, бұл ТМД елдері жаста­ры­­ның инновацияны оқуға және зерделеу­ге қызығушылығын көрсетеді», деді Ә.Дунгенин.

Қорытынды презентацияға 50-ден астам көрермен қатысты, олардың ішінде жобаның қатысушылары мен волонтерлер, әріптес ұйымдардың өкілдері бар.

egemen.kz
© egemen.kz