Көріпкел мен коронавирус: Наурыз айында қауіпті кеселдің кісенделетіні қаншалықты рас?

49

Тышқан жылы төрткүл әлемді үрей құшағында ұстағаны жасырын емес. Пандемияны айтпағанның өзінде Аустралия құрлығы отқа оранып, Таулы Қарабақта соғыс өрті лаулады. Сондай-ақ бірқатар елде табиғи апаттар орын алып, саясат сахнасы да шатқаяқтады. Ал мұның барлығын әйгілі болгар көріпкелі Ванга болжап кеткенін білесіз бе?

Осыдан 24 жыл бұрын қайтыс болған Ванганың болжамдары осы күнге дейін дәл келуде. Көріпкелдің болжамдарын көзі тірісінде досы болған Сергей Косторной жазып алып, бізге жеткізіп келеді. Косторной 2019 жылдың аяғында Ресей телеарнасының бірінен Ванга әлемді пандемия жайлайтыны туралы болжағанын, індет оңтүстіктен бастау алып, төрткүл әлемге таралатынын айтты. Сондай-ақ Ванганың жеке аудармашысы Стоян Петров көріпкел індеттен миллиондаған адам қайтыс болатынын айтқанын жеткізген. Статистикаға сүйенсек, бүгінде коронавирустан көз жұмғандардың саны 2 миллионға жуықтады. Сондықтан Ванганың болжамы дөп келгенін мойындау керек.
Ал 2021 жылы адамзатты не күтіп тұр? Көріпкел не дейді? Сергей Косторнойдың жуырда ресейлік телеарнаға берген сенсациялық сұхбатына сүйенсек, сәуегей биыл коронавирус індеті «кісенделетінін» болжаған. Індетті жеңуде Ресей мемлекетінде жасалып жатқан вакцина ерекше роль ойнайды екен. Тіпті көршіміз әлемді құтқарушы ретінде танылып, беделі тағы биіктей түсетін көрінеді. Ал Ванга 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінде адамзат әлемдік пандемиядан құтылатынын айтқан. Ванганың болжауынша, вакцина Орта Азия мен Ресейдің өзін құтқарғанымен Еуропадағы бірқатар елдер жылдың соңына дейін індетпен күреседі. Дегенмен Қазақстанның коронавирусты жеңетін елдердің қатарында екені қуантады.
Ванга болжамында ағымдағы жылы Америка құрлығының бірқатар жағалауы су астында қалатынын айтқан. Бұл құрлық тұрғындарының тұтас тіршілігін өзгертетін көрінеді. Сонымен қатар болгар көріпкелі болжамында Қытай елі әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге баратынын айтқан.
Ванга 2020 жылдың аяғында Жер шарына ғарыштан да қауіп төнетінін болжаған. Қазір NASA ғалымдары жыл соңында жерге жақын үлкен метеорит ұшып өткенін жоққа шығармай отыр. Енді аталған ғарыштық дене 55 жылдан кейін жерге қайта жақындай түсетін көрінеді. Осы ақпарға сүйенсек, көріпкелдің бұл тұста да айтқаны айдай келді.
Негізі Ванга 02.02.2020 – екі цифры қайталанатын күннің қауіптілігі туралы көп ескерткен. Тіпті бұл сандар ақырзаман күнін жақындатып, тірі қалғандар жер бетінде жүргені үшін өкінетінін болжаған. Алайда Аллаға сансыз шүкірлік, бұл күні әлемде айтарлықтай тосын жағдайлар орын алған жоқ. Десе де ғалымдар Ванга 02.02.2022 датасын айтуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Сондықтан олар қазір Ванганың соңғы жылдардағы болжамдарын жіті зерттеуде.
Ал скептиктер Ванганың барлық болжамы тура келмейтінін айтады. Бұған негіз де жоқ емес. Олай дейтініміз, ғалымдар балгер болжамдарының 20 пайызы шындықпен жанаспағанын алға тартады. Бірақ бұл болгар көріпкелінің болжамдарын жоққа шығаруға негіз бола алмайды. Себебі 80 пайыздық дәлдік математика мен геометрияның өзінде үлкен маңызға ие.
Әрине, адамның айтқаны емес, Алланың дегені болатыны түсінікті. Бірақ Ванганың осы күнге дейін айтқан болжамдарының көбі тура келіп жатқаны терең ойға қалдырады. Ең бастысы сол, биыл болгар көріпкелі болжағандай ешқандай соғыс өрті тұтанбай, 22 наурыз күні коронавирусты жеңсек, содан асқан бақыт жоқ екені анық. Лайым, сол күнге дін аман жетейік.

Дайындаған С.Жапарұлы