Қоғам

Масаншы мен Сортөбе имамдары қазақ тілін үйренуде

Масаншы мен Сортөбе имамдары қазақ тілін үйренуде

«Діни мәселелер» тобының мүшелері Масаншы ауылында Қоғамдық қабылдау жүргізіп, кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен жиын өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов төрағалық еткен кездесуде Жангелді Омаров өздерінің ауданға келу мақсаттарын баяндап, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Оның сөзіне арқау болған алғашқы мәселе – Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы мешіттердің шамадан тыс көп болуы болды. Жиырма мыңдай халқы бар бір Масаншы ауылының өзінде 13 мешіт бар. Сортобе ауылында да дәл сондай – 13 мешіт қызмет етеді. Халық санына қарап аталмыш мешіттердің жамағатқа толмауы байқалып ақ тұр. Яғни, бұл ауылдарда мешіт салу ісі бәсекелестікке айналған сыңайлы. Сол себепті екі ауылда да жаңа мешіт құрылысына шектеу қою мәселесі көтерілді. Жангелді Омаров мешіт көтеруден бөлек жол, спорт алаңдарын, мектеп-балабақша салу сынды халық игілігіне жарамды істерді атқарып сауапқа жетуге де болатынын атап өтті. Жиында көтерілген келесі мәселе – шет елде діни білім алу турасында болды. Бұл бағытта дін істері басқармасы және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан біраз жұмыстар атқарылды. Жүйелі жұмыс, үгіт-насихаттың арқасында шетелде оқитын азаматтардың қатары айтарлықтай сейілді. Жангелді Омаров шетелде оқитын азамат діни біліммен қатар сол елдің салт-дәстүрін, ойын және сорақысы жағымсыз идеяологияны бойына сіңіруі ықтимал екенін атады. Сонымен қатар, жастардың интернет желісі арқылы діни бейнероликтер көруіне тыйым салу қажеттігін ата-аналары қаперде ұстау керектігі де айтылды. Себебі, жат ағымның арбауына қаншама қандастарымыздың алданып кеткені осыған дәлел. Жангелді Омаров мемлекеттік тілді үйрену мәселесіне де кеңінен тоқталып, еліміздің барлық халқы бір тілде сөйлесе, татулығы, бір-бірін түсінуі оңайлайтынын айтып, қазақ тілін үйрену заман талабы екенін жеткізді. Дәл осындай іс-шаралар Сортөбе ауылында да өтіп, «Діни мәселелер» тобының мүшелері халықпен кездесіп, сұхбаттасып, проблемалық мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.