Медиация – бабалар дәстүрін жаңғырту үрдісі

15

Билер кеңесі — бұл қазақ билерінің дәстүрін жаңғырту, дауласушылық деңгейін төмендету, құқықбұзушылыққа төзбеушілік пен оның алдын алу мәселелері бойынша салт, ғұрып, озық дәстүрлерді сақтау жөнінде құрылған кеңесші орган. Билер кеңесінің тұрғындар арасында адами қарым-қатынастардың сақталуы мен әлеуметтік шиеленістерді болдырмауға тигізер септігі зор.

Осы орайда тиімді жұмыс істеп жатқан билер кеңесінің іс-тәжірибесімен бөлісу, кеңестің жұмысын жандандыру мақсатында аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында аудандық билер кеңесінің семинар-кеңесі өтті.

Осы орайда тиімді жұмыс істеп жатқан билер кеңесінің іс-тәжірибесімен бөлісу, кеңестің жұмысын жандандыру мақсатында аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында аудандық билер кеңесінің семинар-кеңесі өтті.

Оған облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған бір топ адагерлер, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, ауданымыздағы билер кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.

Семинар-кеңесті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков жүргізіп отырды. Семинарды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Маратұлы ашты.

-Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты – кейінгі кездерде өзінің тиімділігін көрсетіп жүрген алқа билер институтының оң тәжірибесімен бөлісу.

Бүгінгі таңда демократиялық даму, сот билігі жүйесін нығайту мақсатында бұрынғы дана, шешен билеріміздің өнегесін жалғастыра отырып, еліміздің сот жүйесіне алқа билер институтын енгізілуі — заман талабына сай қажеттіліктердің бірі,- дей келіп Ернұр Маратұлы аудандық алқа билер кеңесі туралы қысқаша тоқталды.

Облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов «Жамбыл облыстық билер кеңесінің жұмысы мен міндеттері» тақырыбында баяндама жасады.

Облыстық билер кеңесі 2018 жылы 22 қарашада облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған болатын. Оңласын Қарабайұлы билер кеңесінің Ережесі қалай қабылданғандығы туралы және бүгінгі таңда оның жұмысы қалай жүріп жатқандығы туралы жан-жақты баяндады. (Баяндаманың толық нұсқасы осы бетте жарияланған).

Аудандық билер кеңесінің жұмыс тәжірибесі туралы аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов баяндама жасады.

-Жалпы ауданымыздағы билер кеңесінің төрағаларынан сұранарым — атқарған жұмыстарыңызды қағаз жүзінде көрсете білсеңіздер.

Осы орайда мен Б.Момышұлы ауылының биі Шора Искаковтың атқарған жұмысын ерекше атап өткім келеді. Шора Искаков екі айда  12 іс бітірген. Және барлығы да дәлелді, қажетті құжаттарының барлығы бар. Сонымен бірге Қарасаз ауылдық округінің биі Нұртаза Омаровтың да жұмысын еркеше атап өтуге болады.

Қараша айының басында аудандық сот төрағасы Бақытжан Мүлкібаев ауданымыздағы билердің басын қосып, «Билердің жұмысын жандандыру үшін не істеуге болады?» деген тақырыпта семинар өткізді. Семинарда билер толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларының билермен санаспайтынын, билерде жұмыс істейтін арнайы кабинеттердің жоқтығы айтылды. Осы семинар жұмысының нәтижесінде аудан әкімінің қолдауымен сегіз ауылдық округте арнайы кабинеттер бөлуге қол жеткізілді.

Сот төрағасы Бақытжан Мүлкібаев сот ғимаратынан екі кабинет берді. Бірі медиаторлар кабинеті болса, екіншісі татуласу бөлмесі. Ендігі мәселе — осы бөлмелерді жабдықтау мәселесіне қолдау қажет,- дей келіп, баяндамашы билердің он айда атқарған жұмысына тоқталды.

Аудандық соттың судьясы Байжан Жамалбекұлы медиацияның тиімділігі, аудандық соттың алдағы уақытта да медиаторлармен тығыз байланыста жұмыс жасайтындығы жайлы айтып өтті.

Қарасаз ауылының билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров «Медиация — бабалар дәстүрін жаңғырту үрдісі» тақырыбында баяндама жасап, өз іс-тәжірибесімен бөлісті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та билер кеңесінің жұмысы жайлы өз пікірін білдірді.

-Жалпы Жуалы ауданының билер кеңесінің жұмысы қанағаттанарлық. Алайда тоқмейілсуге болмайды. Ел болған соң ел арасында дау-дамай деген болады. Оның жолын тауып, әділ шешу — үлкен іс, үлкен жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта да жұмыстарыңызды жетілдіре түсіңіздер.

Облыс әкімінің бастамасымен облысымызда «Бейбітшілік және келісім», «Ғибратты керуен», «Асарлатып үй салу» жобалары қолға алынды. Мұның барлығы салт-дәстүрімізді жаңғырту, жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәрбиені жандандыру мақсатында атқарылуда,- деді Еркінбек Солтыбаев.

Семинар барысында сонымен бірге Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Жұмабек Талғат «Билер кеңесі — дауды шешудің тиімді жолы» тақырыбында, облыстық билер кеңесінің мүшесі, «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков «Билер институты — ұлттық тәжірибе негізі» тақырыбында баяндама жасады. Ал, Ойық ауылы билер кеңесінің төрағасы Пана Рахымбердиев өз тәжірибесімен бөлісті.

Оңласын Есіркепов аудан басшылығына алығысын жеткізе келіп, облыстық ардагерлер кеңесінің ұстанған бағытын насихаттап, облыста қоғамдық ахуалдың тұрақтылығын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Қарасаз ауылдық билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаровқа облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Семинарды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев қорытындылады.

-Басты мәселе тәрбие мәселесі. Жас ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйрету, қайта жаңғырту — ол баршамыздың міндетіміз. Бұл мәселеде әрине, сіздердің орындарыңыз бөлек.

Ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесі жөнінен біздің ел оныншы орында екен. Бұл деген — үлкен проблема. Сондықтан сіз бен біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек,- дей келіп Ернұр Маратұлы ел ағаларына алғысын білдірді.