Мектептегі құрылыстың мерзімінде бітпеуіне кім кінәлі?
Мектептегі құрылыстың мерзімінде бітпеуіне кім кінәлі?
Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Онда облыста құрылысы аяқталмай жатқан білім нысандарының мәселесі қаралып, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 8 айдағы атқарған жұмысының қортындысы тыңдалды.
Апараттық кеңесте білгеніміздей, Тараз қаласы мен аудандардағы құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар білім нысандарындағы жұмысқа көңіл толамай тұр. Өйткені, мердігерлердің дені өндірістік кестеден кешігіп келеді. Техникалары мен жұмысшыларының саны жеткіліксіз. Құрылысқа қажетті материалдардың уақытылы жеткізілмеуі секілді мәселелер жетерлік. Мұны облыс әкімінің өзі тілге тиек етті. Аталған мәселе жөнінде осы уақытқа дейін бірнеше мәрте жиын өтіп, аудан, қала әкімдері мен мердігерлерге тиісті тапсырма берілсе де нәтиже болмай отырған сыңайлы. Кейбір жаңа мектептердің құрылысы, басқа да білім ошақтарында жүргізіліп жатқан күрделі, ағымды жөндеу және санитарлық тораптардың жұмысы келісімшарт бойынша бірінші қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс еді. Бірақ, облыс бойынша жаңадан салынып жатқан 9 мектептің құрылысы бітпей тұр. Кейбірі жұмыстың 50 пайызы да еңсерілмеген. Одан бөлек, тағы осыншама мектептің санитарлық торабы әлі дайын емес. 13 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әзірге бітетін түрі жоқ.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, Тараз қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысы шілде айының соңында тапсырылуы тиіс болған. Қазір мұндағы жұмыстың орындалуы 50-ақ пайыз. Өндірістік кестеден қалып келе жатқан нысанның бірі – Тараз қаласындағы саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» мектеп-интернатына тиесілі 80 орындық қосымша ғимарат. Бұл нысанның құрылысы жыл соңында тапсырылады десек те, жұмыс әзірге 24 пайызға ғана орындылған. Осы тектес олықылықтар әр ауданда бар.
Облыс әкімі өз кезегінде тисті мердігерлер мен аудан әкімдерінен жауап алды. Барлық мектептің құрылысын, күрделі жөндеу жұмысын жыл аяғына дейінгі болжамды мерзімде аяқталуы керек екенін қатаң ескертті. Кейбір құрылыс компанияларын сотқа беру арқылы жосықсыз мердігер деп танып, келер жылы тендерге қатысу құқығынан айыру жайын еске салды.
Жиында екінші мәселе бойынша «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекешісі Назима Дәрменқызы сөз алып, аталған жобалық кеңсенің 8 айда атқарған жұмысын баяндады.
Нұрым Сырғабаев