Мемлекет ардагерлер алдындағы борышын түсінеді

28

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халықтың түрлі топтарының өкілдерімен тұрақты түрде кездесіп отыруды дәстүрге айналдырған. Осындай кезекті кездесу Тәуелсіздік күні қарсаңында өтті. Өңір басшысы бұл жолы ардагерлермен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, аудандардағы ардагерлер бейнеконференц-байланыс режимінде қатысты.

Бердібек Сапарбаев кездесуде облыстың биылғы жетістіктері туралы әңгімелеп, әр салаға толығырақ тоқталып өтті. Сондай-ақ, жас ұрпақтың рухани өміріне қатысты мәселелер талқыланды.

Аймақ басшысы карантин мен пандемияның әсеріне қарамастан, облысымызда ағымдағы жылы жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенін тілге тиек етті. Ол ардагерлердің облыс экономикасының дамуына қосқан үлесін де ерекше атап өтті.

— Мемлекет сіздердің алдарыңыздағы парызын түсінеді. Ардагерлерге қамқорлық көрсету көптен бері еліміздің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл кездесу еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қарттардың еңбегін елеп-ескеру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сіздердің жанқиярлық және қажырлы еңбектеріңіздің арқасында біз қазір гүлденген мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ардагерлердің тұрақтылықты сақтауға және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесін сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Оның бір жарқын көрінісі – «Бейбітшілік пен келісім» жобасы. Сіздердің көпті көрген өмірлік тәжірибелеріңіздің өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы орасан, — деп атап өтті ол.

Облыс әкімі оларды азаматтық қоғамды, халықтың өзара түсіністігі мен бірлігін нығайту үшін әрі қарай да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Өз кезегінде аға буын өкілдері де барлық игі бастамаларда облыс басшылығына қолдау көрсететіндіктеріне, толеранттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмыс істеуге әрқашан дайын екендіктеріне сендірді.

Кездесуге қатысушылардың барлығы дерлік қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, кез келген мәселеде берік ұстанымға ие, есімдері мен еткен еңбектері көпшілікке белгілі ардагерлер.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өдерінің қатысуынсыз жүзеге асырылатын жобалар жоқтың қасы екенін айрықша атап өтті.

— «Ғибратты керуен», «Асарлатып үй салу», «Үлгілі ауыл»… Бұл тізімді әрі қарай жалғай беруге болады. Мемлекет бізге барлық тиісті жағдайды жасауда, зейнетақы артуда. Бұл қарт адамдарға үнемі сапта болуға көмектеседі. Келер жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту жоспарлануда. Біз қазірдің өзінде осы маңызды оқиғаға белсенді дайындалудамыз, — деді ол.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов жастар жайына баса назар аударды.

— Біз жастарға Тәуелсіздігімізге қандай бейнетпен жеткенімізді және оны сақтаудың қаншалықты маңызды екендігін үнемі айтып отырумыз керек, — деді ол.

Басқосу барысында қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, еңбек ардагері Любовь Накарякова да өз ойларын ортаға салды. Ардагерлердің міндеті – жастарға рухани құндылықтарды сіңіру, отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісін ұсыну. Себебі ардагерлер ұлттың негізі және тірегі болып қала бермек.