Мемлекеттік туды қолдану аясы кеңейеді

34

Елордадағы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен Мемлекеттік туды пайдалануға қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында министр Мемлекеттік туды заңсыз жасап шығару, жеке және заңды тұлғалардың қолдануы, ұлттық стандарт туралы айтты. «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік туы көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың ұлт­тық стандарт талаптарын бұзып, Мемле­кеттік туды пайдалануына жол беріл­мейді. Ұлттық стандартқа сай келмеу дегеніміз – мемлекеттік тудағы нысанды, мөлшерді және техникалық талаптарды бұзу. Мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, Үкімет айқындаған тәртіппен ауыстырылып, жойылуы керек», деп атап өтті министр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сай келмейтін Мемлекеттік туды заңсыз дайындағандарға әкімшілік айыппұл салынады. Министрдің айтуынша, Үкіметтің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысына сәйкес Мемлекеттік туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін, Мемлекеттік гимннің мәтінін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте бұл өзгерістер арқылы азаматтарымыз үшін Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр. Ең алдымен Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орын­дарда патриоттық сезімдерін, қазақ­стан­дық бірегейлігін білдіру үшін, ел азамат­тарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

«Бүгінгі таңда Конституциялық заңға сәйкес, Мем­лекеттік ту бейнесі өзге де материалдық ны­сан­дарда салынуы мүмкін. Алайда бір рет пайда­ланылатын заттар бұл материалдық нысан­дардың қатарына жатпайды. Сонымен бірге Мемлекеттік ту Қазақстан Республи­касының №988-2007 ұлттық стандартын сақтай отырып жасалған және оны лицензиясы бар уәкілетті ұйымдар ғана жасай алады», деп жауап берді министр журналистердің конфет сыртындағы Мем­лекеттік тудың суреті жайындағы сұраққа.

Сонымен бірге министр Мемлекеттік туды қолдануға болмайтын жайттарды айтып берді. Ашып айтар болсақ, адамға немесе затқа деген құрмет ретінде ту төмен түсірілмеуі керек, ту қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі керек. Сондай-ақ ту­дың сабы көлденеңінен көтерілмейді. Туға жазу жазуға немесе сурет салуға болмайды, ол киім немесе төсек, шымылдық ретінде пайдаланылмайды. Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсететін спортшылардың киімінде Мемлекеттік тудың бейнесін пайдалану айрықша жағдай саналады.

«2020 жылғы 27 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік туды пайдалануға қатысты мемлекеттік рәміз­дерді пайдалану қағидаларын қайта қарау тапсырмасы берілді. Аталған тапсырмаға сәйкес, Мемлекеттік туды, Елтаңбаны және олар­дың бейнелерін, Мемлекеттік гимннің мәті­нін пайдалану қағи­даларына өзгерістер енгі­зілді. Ендігі кезекте азаматтарымыз үшін Мем­ле­кеттік туды пайдалану аясы заңна­малық тұр­ғыда кеңейтіліп отыр», деп атап өтті министр.

«Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мем­­лекеттік туды бір қабатты немесе көп қа­­батты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада ор­на­ластыру кезінде ғимараттың сәулет ерек­­ше­ліктеріне қарамастан пайдалану мүм­­кін­дігі берілді. Бұдан былай жеке тұлға­лар ғимараттарда орналастырылатын Мем­ле­­кеттік туды қараңғы уақытта жарық құрал­дарын қолданбай-ақ пайдалана алады. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер Мемлекеттік тудың қолданылу аясын едәуір кеңейтеді», деді Ақтоты Райымқұлова.

egemen.kz