Қоғам

«Мейірім» жобасы Жамбылда жалғасын тапты

«Мейірім» жобасы Жамбылда жалғасын тапты

Осыдан 10 жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Мейірім» жобасы қолға алынған болатын.  Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдауды мақсат еткен жоба Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында іске қосылып, өзінің тиімділігін көрсеткен еді. Бүгін аталмыш жасампаз жоба Жамбыл облысында жалғасын тапты. Осыған орай М. Үркімбаев атындағы Жастар сарайында жиын өтіп, жобаның тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Б. Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасары Е. Жылқыбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Қарашолақов және әкімдік басқармалары мен өзге де мекемелердің басшылары қатысты.

Жиын Тараз қаласындағы «Мейірімділік мекені» балалар әлемінің тәрбиеленушілері туралы дайындалған бейнероликпен ашылды. Онда балдырғандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі көрсетілді. Ананың аялы алақанын, әкенің мейірім толған көзін көре алмай өсіп жатқан жеткіншектерді туған үйінен кем қылмай, қамқорлығына бөлеп отырған орталықтың жан-жақты жұмысы таныстырылды.

Сонан соң сөз кезегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа берілді.

Аймақ басшысының айтуы бойынша, жоба тұжырымдамасына сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердегі асыраушысынан айрылған 134 балақайдың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілмек. Бұл мақсатта 87 мемлекеттік мекеме мен ірі кәсіпорындардың басшылары жауапты тұлға есебінде бекітілген екен. Бұл азаматтар балалардың қанаты қатайып, үлкен өмірге қосылғанынша есепшоттарына қаржы құйып, өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуын да өз бақылауларына алады.

Келесі кезекте сахнаға балалар үйінің тәрбиеленушісі Альбина Қадырова көтеріліп, аймақ басшысына өзі секілді бүлдіршіндерді қамқорлығына алғаны үшін алғысын айтты.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» шотына баспана алу үшін Альбинаның есепшотына бастапқы жарна есебінде құйылатын 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Сондай-ақ, балаларды өмірлік сүйемелдеу туралы үшжақты әлеуметтік келісім шартқа қол қойды.

 width=

Бұдан бөлек, жиын барысында ҚР Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров  Данил Котурбаевқа және Татьяна Шевелеваға, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов Аркадий Овчинниковқа, «Altais Grop» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев Николай Морозовқа, «Арайстроймаркет–2003» ЖШС директоры Арман Еділбаев Виктория Онищенкоға да осы сомма көлеміндегі сертификаттар табыстады.

 width=

Сонан соң балалар үйіндегі жеткіншектерге жәрдемін беріп жүрген жамбылдық жомарт жандар туралы дайындалған бейнеролик көрсетілді. «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» басшысы Айжан Мейірханова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа баянды бастаманың Жамбылда жалғасын тапқаны үшін алғысын айтып,  барша жүрек жылуын аямаған азаматтарға ізгі тілегін білдірді.

Шара соңында орталық тәрбиеленушілері өз алғыстарын әнмен жеткізіп, жиылған жұрттың жүрегін тебірентті.

 width=