Мың бір дертке шипа Меркі суын дубайлықтар да тұтынбақ

0 79

Меркі жері емдік шипалы су көздеріне бай өлке. Жер асты шипалы суы ұңғымалардан шығарылады. Кезінде ауданның аты осы минералды суымен шыққан болатын. Дегенмен минералды су шығаратын ондағы зауыт кейіннен шығынға ұшырап, шаруасы аяқсыз қалған болатын. Енді меркілік жас кәсіпкер Нұрсұлтан Жамбылов Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жеміс-жидек ауылындағы бұрынғы минералды су шығаратын ұңғыманы сатып алып, табиғи жер асты суын өндіруде.

Жас кәсіпкер «AISARA» жеке кәсіпкерлігін құрып, табиғаты тамаша, ауасы саф, жері тарихқа толған Меркі жерінен «Меркенское» суын бөтелкеге құйып, табиғи өнім шығаруды қолға алған. Қытай елінен 25 миллион теңгеге әкелген құрылғылары арқылы тереңдігі 250 метрге жететін ұңғымадан табиғи су шығаруда. Кәсіпкер тәулігіне 2 тонна су өңдейтін құрылғыларға қол жеткізу үшін мемлекеттен ешқандай да көмек алмаған яғни, барлығын өзінің күшімен бастаған. Ол өндіріп отырған судың минералдануы литріне 250 миллиграммды құрайды екен. Сондай-ақ оның құрамында Менделеевтің химиялық элементтер кестесіндегі барий, бор, марганец, никель, азот қышқылы, берилий, қорғасын, стронций, фтор, ционид бар.
– Былтырғы Жастар жылына орай өңірде жас кәсіпкерлерге берілген бағдарламаға қатысуға үлгермедім. Дегенмен биыл аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке бизнес жоспарымды көрсетіп едім, бірден қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде ауданда бірнеше жыл тұралап қалған минералды су өндірісіне жан бітірдім десем де болады. Бұл кәсіп түріне келуім кездейсоқ емес. Олай дейтінім осы уақытқа дейін еліміздің әр өңірінде болып, табиғи суларын зерттедім. Дегенмен Меркінің суына жететінін кезіктірмедім. Сондықтан осындай артық­шы­лық­тар­ды ескере келе минералды су өндірісін қайта өндіруді бастап кеттім. Әрине бұл іске ағаларым да көмек көрсетіп, ұңғыманы алып берді. Осыны тиімді пайдалану мақсатында өзімнің 25 миллион теңгеме су өңдейтін құрылғы сатып алдым, – дейді Н.Жамбылов.
Кәсіпкердің айтуынша, Меркіден шығатын минералды судың артықшылықтары көп екен. Тіпті ол сапасы жағынан әлемдегі теңдесі жоқ су екенін де алға тартады. Олай деуінің басты себебі өткен ғасырдың 80-жылдары Франциядан арнайы ғалымдар келіп, су өндіріп жатқан ұңғымадан сынама алып, бірқатар мемлекеттерге кеңінен танымал грузиндердің «Borjomі», орыстардың «Ессентуки» минералды суларымен салыстырыпты. Нәтижесі бойынша француз ғалымдары Меркі минералды суының әлемде теңдесі жоқ екеніне көз жеткізіпті. Жас кәсіпкер бұл мәліметті кезінде минералды су өндірген аудандағы «Спирт» зауытының мұрағаттарын ақтару барысында білгенін айтады.
– Жалпы Меркі жерінің табиғаты ерекше ғой. Ауданның суынан бөлек, ауыл шаруашылығына қатысты кез келген сала өңір бойынша алдыңғы қатарда. Мұны табиғаттың керемет сыйы деп түсінсек те болады. Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырсам, әзірге олардың жалақысы 40 мың теңгені құрайды. Жыл соңына қарай қуаттылығымызды 3-4 тоннаға дейін жеткізсек, жұмысшылардың айлығын 100 мың теңгеге жеткізу жоспарда тұр. Бұдан бөлек оларға түрлі әлеуметтік көмек көрсетудің жолдарын да қарастырып қойдық, – деген Нұрсұлтан Русланұлы аталған минералды су бауырды тастардан тазалап, асқазан ауруына шипа екенін айтады. Сонымен қатар өт және өт жолдары мен қуық ауруларын емдейтін қасиетке ие. Егер адам 40 күн аталған минералды суды тұтынатын болса, ішкі органдардың барлығын тазалап шығатын көрінеді.
Бүгінде 1 және 5 литрлік құтылар арқылы тек өзіміздің облыстың нарығына ғана шығарылып жатқан өнім алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлеріне жөнелтілмек. Ауыз толтырып айта кетерлігі, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласынан Меркі суына сұраныс түсіп, қазіргі таңда экспорттау жолдары қарастырылып жатыр екен. Бұл жөнінде кәсіпкер еліміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Мадияр Меңілбековпен жолығып, біраз жайтты пысықтап келген. Сәтін салса кәсіпкер алдағы уақытта аптасына бір рет Дубай қаласына минералды су жіберіп отырмақ.
Осылайша кәсібін енді ғана ашып, табиғаттың ырзығын кәдесіне жаратып отырған кәсіпкердің жоспары да айқын. Ол тек өнімнің бір ғана түрімен шектеліп қалмай, бұйыртса алдағы уақытта ас суын, лимонад, компот және шырын шығаруды да ойластырып қойыпты. Бұл мақсаттағы бизнес жоспарын аудандық кәсіпкерлер палатасына ұсынған. Енді палатадан қолдау болса, жас кәсіпкердің жұмысы жүйеленіп, тұрақты жұмыс орындары құрылар күн алыс емес сияқты.

Шынболат Сейдуалиев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.