Қоғам

«Науқастарды дәретке отырғызып, астын тазалайды». Депутат санитарлардың жалақысын өсіріп, пәтер алуда жеңілдік беруді сұрады

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Қазақстанның ауруханаларында ең ауыр жұмыстардың бірін атқаратын санитар қызметкерлердің жалақысын екі есе өсіріп, жылына бір рет демалысқа жіберу керек деген ұсынысын жария етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына медициналық әлеуметтік мекемелердің кіші персоналдардың әлеуметтік жағдайы туралы депутаттық сауал жолдаған ол жұмысшылардың осы санатына баса назар аудару керек деген пікірін жеткізді.  


Таңсәуле Серіковтің айтуынша, реанимацияда жұмыс істейтін де осы кіші медициналық персонал қызметкерлері, ауыр халде жатқан адамдарға, жандарын шүберекке түйіп, көздері жәутеңдеп көмек күткен науқастарға көмектесетін де осы кіші қызметкерлер. 


Серіков осынша ауыр жұмыс жүктелген санитар дәрігерлердің жалақысы тіпті 100 мың теңгеге де жетпейтінін айтып, мәселе көтрді. 

Осыған байланысты ол Үкіметке мынандай ұсыныстарын жария етті: 

 

  •  Осы қызметкерлердің жалақысы кем дегенде 2 есе көтерілсін. 
  •  Жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін.
  •  Пәтер алу үшін жалақысын ескере отырып, жеңілдетілген несие берілсін.

Бұл ретте шетелдің тәжірибесіне сүйенген Таңсәуле Серіков Германияда санитар дәрігерлерге медбикелердің көмекшілері (ассистенттері) деген мәртебе берілгенін, мұндай мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысы 1800-ден 2600 еуро, яғни, теңгемен есептегенде 900 мыңнан 1 млн 300 мың теңге аралығында екенін атап өтті. 


«Германияның мемлекеттік бюджетінің деңгейі Қазақстанның республикалық бюджетінің деңгейімен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Алайда, Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарға көңіл бөлінбейінше, еңбекке қабілетті азаматтар шетелге кете береді. Және де санитар атауын медбикенің көмекшісі немесе ассистенті атауына өзгерту керек деп санаймын. Себебі, санитар дегенде қоқыс жинап, тек тазалық жұмысын атқаратын сияқты көрінеді. Керек десеңіз санитарлар науқасқа екпесін да салып, берілген дәрісін де ұсынып, медбике қызметін де атқарады», - дейді ол.