Қордайлықтардың көздегені – қарқынды даму
Қордайлықтардың көздегені – қарқынды даму
Биылғы жылы Қордай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын дүйім жұрт естіп, көріп жүр. 150 мыңға жуық тұрғыны бар Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ілгерілетуге үстіміздегі жылы мемлекет қазынасынан қосымша 35 миллиард теңге бөлінген. Бұл мемлекеттің өңірлер мен аудандардың дамуына ерекше көңіл бөлгенінің айқын көрінісі болса керек. Бейсенбі күні ауданға облыстық қоғамдық кеңес мүшелері келіп, бірнеше елді мекенді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың куәсі болды.
Әмзебек Жолшыбеков және облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған қоғамдық кеңес мүшелері іссапарын Арал ауылынан бастады. Арал ауылында су қабылдағыш нысан және су құбырының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш нысанда тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі Арал ауылынан 1,2 шақырым жерде орналасқан. Орталықтандырылған су құбыры 280 абонентке қызмет көрсете бастамақ. Мердігер «ТемірСтройСервис и К» ЖШС. Қазір аумақты жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көп ұзамай аяқталмақ.
Сортөбе ауылындағы газдандыру жұмыстарын көрген қоғамдық кеңес өкілдері өздерінің таңданысын жасырмай, ауыл тұрғындарын бұл қуанышты жаңалықпен құттықтап, ізгі тілектерін айтты.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қордай ауылына барып, көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. Атап өтсек, аудан бойынша көп қабатты тұрғын үй құрылысын 2023 жылға дейін дамыту картасы әзірленіп, бекітілді. Бекітілген карта бойынша Қордай ауылында 22 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды. Ауданның біраз жерін аралап, қарқынды құрылыстарды көрген облыстық қоғамдық кеңес мүшелері игі жұмыстарға оң бағасын берді.
Келесі күні облыстық қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімдігінде көшпелі отырысын өткізді. Іс-шараға аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған басшылық өкілдері де қатысты. Әмзебек Жолшыбеков төрағалық еткен жиында күн тәртібінде бір сұрақ тыңдалды. Ол – Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында, оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының орындалуы туралы болды. Кеңес төрағасы алғысөзді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға беріп, өз кезегінде басқарма басшысы үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды жіпке тізді.
Кеңес отырысында бірқатар ұсыныстар түсіп, көпшіліктің қолдауына ие болды.