Қордайлықтардың әл-ауқатын арттыруға 35 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды
Қордайлықтардың әл-ауқатын арттыруға 35 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды
Жамбыл облысы әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті жиында Мемлекет басшысының Қордай ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу мәселелері қаралды.
Аудан әкімі Рүстем Дәулет жалпы сомасы 35,1 миллиард теңгені құрайтын 392 жобаның 366 нысанында жұмыс аяқталғанын жеткізді. Қалған нысандар жыл соңына дейін аяқталмақ. 4627 жұмыс орны құрылған.
7,4 шақырым жаңа автомобиль жолдары салынып, 343,6 шақырым жол жөнделген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 90 пайызға, ал ауылішілік көшелердікі 75 пайызға жетті.
Тоғыз ауылда (Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Аухатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай, Еңбек) көшелер асфальтталып, 373 жол белгілері орнатылды. Жол-көлік оқиғаларының саны 39,7 пайызға азайды.
Жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ауылдарда жеті спорттық және сегіз ойын алаңдары орнатылған.
Төрт мектеп және үш денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеуден өтті.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев 22 ауылда газбен қамту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда 10 ауылға магистральды газ құбыры тартылуда десек, Қарасу мен Өтеген ауылдары көгілдір отынға қосылып үлгерді. Қалған сегіз ауылда ауылішілік желілер тартылуда.
Қазіргі таңда Отар аулының маңынан автоматтандырылған газ тарату стансасы салынуда. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгеден асады.
Биыл орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесі төрт ауылға тартылады. Осы мақсаттарға облыстық және республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов «Бейбітілік пен Келісім» жобасының іске асу барысын баяндады. Жоба аясында өткізілген кездесулер кезінде 16 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 18 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Тағы 44 адам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы жұмысқа орналасыпты.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарамасы аясында 222 миллион теңгеге жеті жоба субсидияланды, 121,5 миллион теңгеге жеті жобаға ішінара несиелік кепілдіктер берілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеті жобаға жалпы құны 119,7 млн.теңгені құрайтын қаржылық қолдау көрсетілді.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша 72 кәсіпкер 296,2 млн.теңгеге несие алса, 584 ауыл тұрғынына жалпы 314,1 млн.теңгеге гранттар берілді. 250 ауыл тұрғыны «Бастау бизнес» бағыты бойынша оқытудан өткен.
Жаз маусымында қордайлық 500-ге жуық отбасы ауыл шаруашылығымен айналысу үшін уақытша көрші Шу ауданына аттанса, 117 отбасы - Алматы облысына, 74 отбасы - Қарағанды облысына барған.
Бердібек Сапарбаев ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және нығайту бағытындағы жұмыстар негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін ескертті. Сонымен қатар жұмыссыздық, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне де баса назар аударуды тапсырды.