Қала тұрғындарына атпен серуендейтін орталық қажет

57

Адамзат өркениетінің дамуына жылқының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ал қазақ ат десе, ішкен асын жерге қояды. Тіпті жылқының дүбірінен делебе қозып, Алаштың жұрты алқынып, айқайға басып тұрады. Бұл тұрғыда Елбасының өзі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне қатысты сөзбен ғана айтып қоймай, оны ат әбзелдерімен, әскердің киген киімдерімен үйлестіре зерттеу керектігіне баса тоқталған. Бұл өз алдына бір мәселе. Бір айта кетерлігі, кезінде аттың құлағында ойнаған бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары қазір атқа мініп-түсудің өзін ұмыта бастағаны шындық. Сондықтан қазақы қаймағы бұзылмаған облыс орталығы Тараз қаласына ең болмаса атпен серуендейтін бір алаң ашу қажет-ақ.

Шындығында, біздің өңір ат спортының қай түрінен болмасын еліміз бойынша көш ілгері. Аймақтың мұндай дәрежеге жетуіне ауылдың қарапайым қарадомалақтары үлес қосып жүр. Рас, олар көзін ашқалы аттың жалында өседі. Ал қала балалары ше?!
Олар компьютер клубтарында кибер ойындардың қызығына батып, уақыттарын зая кетіріп жүр. Себебі жылқыға мінетін шаһарда мүмкіндік жасалмаған.
Иә, қазір бала тұрмақ, үлкендердің өзі атқа мінудің не екенін ұмыта бастағандай. Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, қайталанбас мәдениет пен өнердің ғажайып үлгілерін қалыптастырған халқымыз аттың қыр-сырын жетік білген еді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін шаһарға арнайы жабдықталған алаңша мен қыстық жабық манежі бар ат спорты кешені салынса деген ойда арман бар.
Бүгінде отбасымызбен жолдастарымыздың алыстағы қожалықтарына барып атқа мінеміз. Менің бұған жағдайым келіскенімен, алайда өзгенің оған мүмкіндігі келе бермейтіні шындық. Ағайындарым мен дос-жарандарымның арасында атқа мінгісі келетіндердің қарасы қалың. Егер осы қаладан иппотерапиялық қызметтер көрсетіліп, тұрғындарға атпен серуендеу мүмкіндіктері қарастырылатын болса, жағдай мүлде басқаша болады. Оны ашу да кәдімгі бизнес екені белгілі. 400 мыңға жуық халқы бар қалада бұл кәсіптің өзін-өзі ақтайтынына сенімдімін.
Жалпы атқа мінудің қазақы болмысымыздан бөлек, денсаулыққа да пайдалы екенін ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған. Рас, соңғы жылдары елімізде жиырмаға толмаған жігіттер де белсіздікке ұшырап жатыр. Мамандардың сөзінше, тепсе темір үзетін 22-24 жастағы жігіттердің 30-40 пайызы импотент, яғни енжар көрінеді. Олар тиісінше демографияға да үлес қосуға қауқарсыз. Әрине, бұл – ойланарлық жағдай. Сондықтан атқа мінудің бүгінгі қоғам үшін маңызы зор.
Сонымен қатар атқа міну – тәрбиенің айнымас бөлігі. Қалалық мәдениетке бой ұрғаннан кейін далалық салтты ұмытып, ұлттық дүниетанымнан қол үзе бастағанымыз шындық. Өмір салтының өзгеріп, тұрмыс-тіршіліктің басқа арналарға бұрылып кетуінен болар, атқа мінбек түгілі, оған жақындауға қорқатын болдық. Дүрбелең уақыттың, аласапыран заманның ағымымен қалада балалардың бос уақытын алатын түрлі компьютерлік ойын залдары мен адамды дімкәс етерлік кафелер көп. Оның орнына сол өскелең ұрпақ пен замандастарым атқа мінетін орталықтар ашылса, көбірек пайдалырақ болар еді.

Файзулла САҒЫМБАЕВ,
Тараз қаласының тұрғыны