Қан қақсатқан қаржы пирамидасы

44

Уақыт озған сайын отандастарымыз білек сыбана еңбек етуге емес, қандайда бір қаржылық ұйымға салым жасап, жылдам әрі жеңіл пайда табуға әуестеніп бара жатқан сыңайлы. Алайда мұндай ұйымдардың барлығы бірдей адал қызмет етеді деп айту қиын. Алаяқтыққа еті үйренген әккілер мен олар құрған қаржы пирамидалары қаптап барады. Тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын айта-айта ауыз талғанымен, қалтасы қағылып, қан қақсап қалғандар көбейіп тұр.

 

Салымыңды екі-үш есе өсіріп қайтаратын ұйымдар барын есті­генде «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?!» деуші едік. Соған қарамастан арбауға көніп, ал­дау­ға сенетіндердің қатары көбейіп барады. Осы мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан да тыс қалған жоқ. Жыл басында Президент құқық қорғау құ­ры­лым­дары мен қаржы нарығын қадағалайтын және мониторинг жасайтын мемлекеттік органдар басшыларымен өткіз­ген кеңесте ел азаматтарына айтарлықтай материалдық шы­ғын келтірген қаржы-несие ұйым­­дарының заңсыз қызметіне тос­қауыл қоюға байланысты мәселені қарастырған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда наразылық тудырған жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді, аза­мат­тардың құқықтарының бұзы­луы­на жол бермеу үшін шаралар қабылдауды және кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырған еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы болашақта мұндай жағдайға жол бермеу керектігін және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстарының маңыз­ды­лы­ғын атап өтті.

«Қаржы пирамидасын құ­ру­мен байланысты қылмыстар әрқашан үлкен қоғамдық резонанс тудырады. Сондықтан Ішкі істер органдары үшін осы заң бұзушылыққа қарсы әре­кет ету басты бағыт болып сана­лады. Осы жылдың басынан бері құ­қық қорғаушылар қаржы пирамидасын құруды ұйымдастыру мәселесіне қа­тыс­ты 217 қылмыстық іске тергеу жүргізді. Соның ішінде, 116 іс сотқа жіберілді. Осы күні барлығы 79 күдікті қыл­мыс­тық жауапкершілікке тар­тылуда. Бүгінде ішкі істер ор­ган­дарының Тергеу депар­та­менті түрлі қаржылық пира­мидаларға қатысты 13 қылмыс­тық істі тергеп жатыр», дейді Ішкі істер ми­нис­трлігі Тергеу депар­та­мен­ті­нің басшысы Санжар Әділов.

Оның айтуынша, «Гарант-24» ЖШС, «Тиімді займ», «ESTATE ломбард» ұйымдарына қатысты ішкі істер органдарына жапа шек­кендерден 17 мыңнан ас­там арыз келіп түсіпті. Аталған ұйымдар келтірген материалдық шығынның көлемі 22 млрд теңгеден асады. Құқық қор­ғау органдары осы ұйымдардың басшы­ларына қатысты 32 қыл­мыс­тық іс тірк­еп отыр. Сонымен қатар 51 күдікті қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылуда. Бұдан бөлек, 7 күдіктіге қа­тысты іздеу жария­­ланыпты. «Қаржы пирамидасына қатысты бұл қылмыстық істі тер­геу ке­зін­­де қылмыскерлерді құ­рық­­таудың тең­дес­сіз тәсілдері қолданылғанын алға тартқым келіп отыр. Соның ішінде, қыл­мыс­керлерді Қазақстан аума­ғы­нан тыс жерлерде де қолға түсіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Молдова, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен Ұлттық ұланның арнайы бортымен 3 күдікті Қазақстанға жеткізілді. Бүгінде аталған күдік­ті­лерге қатысты тергеу амал­дары жүргізілуде», деп отыр С.Әділов.

С.Әділовтің айтуынша, күдіктілерден 70 млн теңдеген астам қолма-қол ақша тәркі­ле­ніп­ті. Сонымен қатар тергеу амалдары барысында Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы күдіктілердің жалпы құны 2 млрд теңдеген асатын мүлі­гін анықтап, тәркілеген көрінеді. Бұл мүліктер сот шешіміне сәй­кес алаяқ­тар­дың кесірінен зар­дап шеккендерге қайтарылуы мүмкін. «Қылмыстық істер­ді тергеу тәжірибелері қаржы пирамидалары – тез байып кеткісі келетін отандастарымыздың көзсіз сенімділігінің және салым­ның жоғары табыс әкеле­ті­ніне кепілдік беретін тартымды жарнамалардан бас тарта алмайтындығының нәтижесі екенін айғақтап отыр. Біз отан­дас­тарымызға БАҚ арқылы үнемі түсіндіру жұмыстарын жүр­гіземіз. Мұндағы басты мақ­сатымыз халықты алаяқ­тар­дың азғыруынан қорғап, тұр­ғын­дарымыздың сенгіштігі – қылмыскерлерді байытудың бір жолына айналуын болдырмау», дейді полиция қызметкері.

Оның айтуынша, бұл кең ауқымды жұмысты өзге де мүдделі мемлекеттік органдар атқарып келеді. Ондай орган­дар­дың қатарында Ұлттық банк, Қаржы министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлі­гі бар. Жалпы, мемлекеттік органдардың барлық жұмысы тұ­р­­ғындарға қаржылық пирамиданың шынайы бет-бейнесін көрсетіп, оның қаупі мен мұндай ұйымдарға қаржы салымын жасау шығынға батыратынын түсіндіру болып отыр. Қаржы пирамидалары тұрғындарға жылдам әрі жеңіл ақша табуға уәде берумен ерекшеленеді. Бұл ретте, қаржы пирамидалары ешқан­дай да заңды қаржылық ұйым­ға жатпайтындығын, жеке тұлға­лар­дың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге реттеуші берген лицензиялары жоқ екенін есте сақтау қажет.

Қаржы пирамидаларының бірнеше түрін олардың қызмет бағыттарына байланысты бөліп көрсетуге де болар еді. Мәселен, ұзақмерзімді жобаларға инвестиция салу. Осы процеске сәйкес компания (компаниялар тобы) азаматтарды инвестициялық жобаларға тарту жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Мұндай бағдарламалардың негізгі белгілері 3 айдан 120 айға дейінгі кезеңге (орташа 2-5 жылдан бастап) тұрақты ақша салу, кіріс алуға кепілдік беру (уәде беру), сондай-ақ туристік жолдамалар мен ұтыс ойындары түріндегі бонустар саналады. Қатысушы 3-4 жыл бойы ай сайын немесе тоқсан сайын ақша салады. Осылайша компанияның алдыңғы қатысушылар алдын­дағы міндеттемелерін төлейді.

Қаржы пирамидасының енді бір түрі – қысқамерзімді жобаларға инвестициялау. Пира­мидалардың осы түрі ха­лықтан қысқа мерзімде ақша­ны жылдам жинап алуға бағыт­талған (жарнасы аз адам­дар көп). Алаяқтар онлайн чаттарға, топтарға және арналарға шақыра отырып әлеу­мет­тік желілерде жаппай жарнама береді. Бағдарламаға кіру үшін қатысушы 500 теңге немесе одан көп ақы төлейді. Өз кезегінде алаяқтар жоғары кіріс болатынына уәде беріп, басқа қатысушыларды тартуға (адам неғұрлым көп болса, пайда табу мүмкіндігі де көп) үгіттейді. Мәселен, 5 000 теңге салып, 3 қатысушы шақырған кезде, қатысушы 15 000 теңге алады (соның ішінде 5 000 теңге салынған сома, 10 000 теңге басқа екі қатысушының салымы, 5 000 теңге үшінші қатысушының ұйымдастырушыларға түсетін салымы). Тағы бір мысал келтірелік. Қатысушыға 1 000 теңге салу талап етіледі және басқа қатысушыларды тартуы қажет болады. Оған әрбір қатысушыдан 500 теңге төленеді.

Қаржы пирамидаларының қызметтік бағыттары осымен шектеліп қалған жоқ. Желілік маркетингті заңсыз қызметті жасыру ретінде пайдалану да алаяқтардың сүйікті тәсілі саналады. Қаржы пирами­да­сының мұндағы басты қағидаты – қа­ты­сушыларды тарту. Осы мақсаттар үшін әртүрлі сертификаттар, зергерлік бұ­йымдар, боянуға арналған заттар, дене кү­туге арналған тауарлар пайдаланылады.

Біз қаржы пирамидаларының кейбір түрлерін ғана тілге тиек етіп отырмыз. Бұдан өзге жылжымайтын мүлікті, авто­мо­бильді және басқа қымбат мүлікті сатып алуға ақша жинауға көмек; Эксклюзив клубқа мүшелік; Бинарлық опциондарға арналған платформа; Тұтынушылық кооператив нысанындағы қаржы пирамидасы сынды түр­лері де көптеп кездеседі. «Тұр­ғын­да­ры­мыз қаржы пирамидасына кіру, әдетте, ерікті негізде және құқықтық ілеспе қызметінсіз жүргізілетінін есте сақ­таулары қажет. Сондықтан са­лынған қаражаттың ­қай­та­рылуына еш­кім кепілдік бер­мейді», деп отыр С.Әділов.

Ең бастысы, алаяқтар қан­дай да бір шартқа жедел түрде қол қойғызуға және ақша ен­гізуге асықтырса, аранда­ту­шы­­лыққа жол бермеу қажет. Ал қаржы пирамидасын ұйым­дас­тыру­шылар­дың алдауына түсіп қалып, салынған қаражатты қайтарып алу үшін дереу құқық қорғау органдарына (барлық құжаттарды қоса бере отырып) хабарласқан жөн. Алайда сан соғып қалған азаматтардың арасында аз сома жоғалтқан адамдар көп кездеседі. Жоғалт­қан қаражат мөлшері аз бол­ған­дық­тан, көбісі оған көп көңіл аудара бермейді. Бұл – дұрыс емес. Себебі осындай немқұрайдық алаяқтардың бұдан әрі де адамдарды алдауына жол ашады. Сондықтан, үнсіз қалмай, әрекет ету қажет. Өйткені Қазақ­стан­дағы әр азаматтың құқығы заңмен қорғалады.

Мәселен, елімізде қаржы пира­мидасын құрғаны және (немесе) оған басшылық еткені үшін қылмыстық жауап­кершілік (Қылмыстық кодек­сінің 217-бабына сәйкес); қаржы­лық (инестициялық) пирамида қызметінің жарнамасын шығарғаны, таратқаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодек­сінің 150-бабына сәйкес) көзделген. Бұл ретте, қаржы пирамидасын құрушылармен қатар, оларға көмектескен серіктестер де жауапқа тартылатын болады.

 

egemen.kz
© egemen.kz