Қос өзенді қашан кәдеге жаратамыз?

0 43

Біз бұл мақаламызда туған қаламыз Тараздың көркі мен өркениеттік сипатын көркемдеп, заманауи үлгіде дамыта берсек деген ұсынымызды білдірмекпіз. Кезінде қаланың көркін әрлендіре түсуге қатысты осы басылымның бетінен «Қаламызға көрік беретін қос өзен» деген мақаламызды да жариялап, өз тарапымыздан шаһардың жайын ойлайтын жергілікті қоғамдық белсенділеріміздің де бар екенін байқатып, көпшілікті, биліктегілерді идея — ұсынысымызбен құлақтандырған едік. Міне, содан бері 3 жыл өте шығыпты. Әрине, аз уақыт емес. Бірақ, айтылған ұсынысымыз сол күйінде қалып кеткендей…

Тараздағы Қос өзен идеясы көне шаһардың ажарын ашатын стратегиялық мәні бар эстетикалық және экологиялық жоба болуы тиіс деп ойлаймын. Сол себептен де бұл ойымыз құпталып, ертерек қолға алынса екен. Әрине, қаламыздың ішінде жазда шомылып, демалатын «Зербұлақ» атты кішігірім көлге ұқсайтын су тұрақтаған аймақ бар. Оның жағалауы бүгінде заман талабына сай жөнделді. Бірақ ол шағын көлге қаланың өзге шетіндегі тұрғындар арнайы келіп шомыла бермейді. Оның қызығын сол маңдағы тұрғындар ғана көреді. Көлден шыққан канал «Жеңіс саябағын» жанай өтіп ағып жатыр. Кезіндегі билік басындағы басшылар бұл каналды кәдеге жаратып, «Жеңіс» саябағынан жанға жылу сыйлайтын жағалау салды. Қазір ол маңай елдің бір сәт тыныстайтын мәдени демалыс орнына айналды. Бірақ бұл игілік қала қонақтары мен тұрғындары үшін әлі де аздық етіп, мұндай орындардың қажеттігін көрсетуде. Ал ондай орындарды көптеп ашуға мүмкіндіктің бар екенін Тараз қаласы табиғатының өзі көрсетіп тұр. Қаланың екі шетінен жылыстап Талас пен Аса өзендері ағып жатыр. Біздіңше, осы қос өзен жобасын қолға алып, абыроймен іске асыратын сәт туған сияқты. Бұл істі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қолдап, соңына дейін жеткізеді деген ойдамын.
Жалпы аталмыш жоба қолға алынатын болса, яғни белгіленген аймаққа бөгет салып, суды жинақтау әрекеттері осы күз айларынан басталса дұрыс болады. Өйткені көктемге дейін біраз су жинап, төменгі аймақтардың шаруашылығына қажетті суды жіберіп үлгеруге мүмкіндік болар еді. Ал күз, қыс бойы жиналған су деңгейі арқылы судың толу мөлшерін байқап, оның нақты жететін қажетті кемерін анықтап отыруға болады. Су болжанған деңгейге, толық кемеріне жетпей жатқан жағдайда оны мөлшеріне келтіру әрекеттері келер жылдарға жоспарлана берері анық. Бұл мәселе Тараздың шығысы мен батысында жатқан қос өзен Талас пен Аса арнасына қатысты. Аса өзені қала аумағына кірмейді дегеннің өзінде ол өзен мәселесі Таразға жапсарлас жердегі Жамбыл ауданының әкімдігімен келісім негізінде жүргізілетін жұмыс. Бұл жерде дауласатын дәнеңе жоқ. Ол мәселені дұрыс шешу облыс басшылығының өз құзырында екені белгілі. Аса өзенінің төмендегі соңғы ағып жеткен жерінің ахуалын, оның жерге, шаруашылыққа деген маңызын зерттеп қараған дұрыс. Алайда бұл өзеннің мәселесі созылып жатса, уақыт өткізбей Талас өзенімен шұғылдануды бастай берудің қажеттігін баса айтуымыз керек. Ондағы су белгіленген аумаққа су қоймасын жасауға жеткілікті. Тек қажетті су жинайтын бөгеттің қай жерге жасалу керектігін нақты шешу керек.
Талас өзені қала ішінің әр тұсында бөлініп, тарамдалып ағып жатқаны белгілі. Негізгі үлкен арнасы Қызыл жұлдыз бен Қазақ ауылы, «Қант зауытының» арасын бөліп жатыр. Міне, өзеннің осы тұсында көрініп жатқан кеңістіктегі арнасын кеңейтіп, ауқымын ашып, суын молайтып, қала экологиясына қатысты мәселені реттеуге болады. Бұл тұста өзен арнасы мен жиегі әртүрлі деңгейде, орталарында қоға, шөптер өскен аралдың қайырлары көтеріліп, жұлым-жұлымы шығып, суының түбі таяз болып жатқан жайы бар.
Өзен Тектұрмас жақтан келіп жатса, аяғы қалаға кіретін тас жол бойындағы көпірді кесіп өтіп, теріскейге қарай, Сарыкемер ауылына бет алуда. Міне, осы аумақты икемдеп алып, төменгі шет ағысы жағынан бөгет буынын жасап, белгіленген аумақтағы өзеннің суы жиналып, молайып тұратындай етіп, мүмкін түбін де тереңірек етіп қазып, дәл осы тұстың арнасын кеңейте ағызып, көркемдеп жіберсе деген ойымыз бар. Өзен арнасы кең болып, айдыны үлкейген сайын, онда жұтатын ауа ылғалдылығы молайар еді. Осы тұстағы өзен бойының жағалауына адамдар жүретін тротуар салып, электр шамдарын тартса, жағажайдың сәні кіретіні анық. Сондай-ақ, түрлі сәнді атрибуттар жасалып, ерекше сән беріп тұратын өзеннің арғы және бергі беттерінен адамдар жаяу өтетін көпір тұрғызылса, ұтымды дүниеге айналады.
Ол жерді қазіргі кезде көзге қораш көрінетін қоқыстардан тазарту керектігін де ескерте кеткен дұрыс. Көпірлердің көлемі – өзен арнасын қаншалықты кеңейтіп соққанына байланысты анық болады. Өзеннің кеңейтілген жақтарына жазда адамдар шомылатын тұрақты жағажай орны жасалса, қаланың бас жағынан ағып келетін өзеннің алдыңғы жағы, жағалаулары шашылып жатқан қоқыстардан қорғалып, экологиялық жағынан біршама тазаланар еді. Өзен бойын қыдырып демалғандардың назарына ілігетін неше түрлі ұлттық аңыз жырларындағы эпикалық кейіпкерлердің бейнелері сомдалған, сюжеттік композиция үлгісінде жасалған мүсіндер қойылып, ашық аспан аясындағы алаңқайда ертегілер айтылып, поэзия оқылса, өнерлілер өнерін көрсетіп, түрлі аттракциондар болса, өзен жағалауы демалушы адамдармен қоса суретшілердің, әншілердің, ақын-жазушылардың жиі тоқталып тамашалар мекеніне айналары хақ. Сөйтіп мұндай жер өнер туындыларын тудырса, өнер туындылары мәдениетті жасайтыны анық. Ал мәдениет өмірде ізгілік әрекеттерді жүзеге асырып, қаламыз өзіндік рухани ошағы жанып тұрған қызығы мен қуанышы мол мекенге айналады.

Әрине, біздің бұл ұсынысымызбен келісе қоймайтындар да табылар. Ал біздіңше өзен бойындағы лас қоқыстарға оранып, қаламыздың ажарын ретке келтірмей отыра беру жақсы тірлік емес.

Айдархан СИХАЕВ,
«Әруақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.