Құс тұмауынан зардап шеккендерге өтемақы төленді

44

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жоғары патогенді құс тұмауынан қырылған құстарға байланысты өтемақыны толық көлемде өтеді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Былтыр тамыз-қыркүйек айларының басында еліміздің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Феде­ра­циясының кейбір аймақ­тарынан Қазақстан аумағына тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерін алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеу енгізген еді. Бірақ салалық министрлік тарапынан жүргізілген жедел шараларға қарамастан жоғары патогенді құс тұмауы еліміздің 8 өңіріне жабайы құстардың қоныс аударуы салдарынан тараған болатын.

Эпизоотияға қарсы іс-шара­лардың аяқталуына орай және құстар өлім-жітімі­нің жаңа жағдайлары тіркел­ме­гендіктен қазір осы өңірлерде карантин алынып тасталды.

Ауру ошақтарын оқшаулау және жоюға байланысты іс-шаралар барысында 1,9 млн құс жойылды, оның 97%-ы 4 құс фабрикасына тиесілі.

2020 жылдың желтоқсанын­да Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» кәсіпорны орташа айлық нарық құны бо­йынша індеттің кесірінен шы­ғынға ұшыраған құс иелеріне өтемақы төлеу жұмыстарын жүргізді.

Ветеринарлық-санитарлық қағидаларға сәйкес, тәркілен­ген және жойылған құстардың құнын өтеу «Жоғары пато­ген­д­і құс тұмауы» індетінен өлгенін растайтын құжаттар негізінде атқарылды. Құжат болмаған жағдайда төлем жүргізілмейтінін ескертті ведомство өкілдері.

«Барлық ұсынылған құжат бойынша төлем толық көлем­де жүргізілді. Атап айтқанда, же­ке қосалқы шаруашылықтар­ға 94 470 бас үшін 295,3 млн тең­ге төленді. «Агроинтерпти­ца» ЖШС-на 433 066 құс үшін 445,9 млн теңге берілді», делін­ген таратылған ақпаратта.

Құзырлы органның мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде Вете­ри­­нарлық бақылау және қа­дағалау комитетінің «Респуб­ликалық эпизоотияға қарсы отряд» кәсіпорнында төленбеген қарыз қалған жоқ.

egemen.kz