Қоғам

Құрылыс қарқыны қалай жүріп жатыр?

Құрылыс қарқыны қалай жүріп жатыр?

Бүгінде Тараз қаласындағы 15-ықшамаудан үлкен құрылыс алаңына айналған. Мұнда қазір 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 15-ықшамауданда болып, мердігерлермен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысын талқылады. Өткен жылы мұнда 26 тұрғын үй бой көтерген еді. Тұрғын үй алқабына электр желісі, таза ауызсу мен газ құбыры тартылған. Ықшамауданда бой көтеріп жатқан 44 көпқабатты тұрғын үйдің 37-сі жоспар бойынша жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондықтан да құрылысқа бірнеше мердігер компания тартылған. – Әлеуметтік нысандар тұрғын үйлермен қатар бой көтеруі керек. Мектеп, балабақша, дәріхана, учаскелік полиция инспекторының тірек пункті сынды маңызды нысандар тұрғындарға қол созым жерде орналасуы қажет. Коммерциялық нысандардың құрылысын да ұмыт қалдыруға болмайды. Мұнда кәсіпкерлерге жер бөлу мәселесін шешкен жөн, – деді облыс әкімі. Өңір басшысы мердігерлердің өз міндеттемелерін тиісті деңгейде атқара алмай отырғанына да назар аударды. – Жылдың соңына дейін 2 айдан аз уақыт қалды. Қазірдің өзінде мердігерлердің көбі бекітілген кестеден кешігіп қалғаны белгілі болып отыр. Көптеген үйлерде әлі де ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының қарқынын жоғалтуға болмайды, – деді облыс әкімі. Өңір басшысы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аулаларды көгалдандыру және инженерлік-инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарының қатар жүргізілуін бақылауда ұстауды тапсырды.

  Облыс әкімінің баспасөз қызметі