Қоғам

Салтанат Нүкенованы алаяқ, ішімдік ішеді деп айыптаған блогер сотпен жазаланды

Блогердің аты Антон Бударов

Өз әлеуметтік желісінде марқұм Салтанат Нүкенованы алаяқ деп айыптаған блогер Антон Бударовқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде Айтбек Амангелдінің адвокаты Дамир Ишмамбетов хабарлады. Адвокаттың айтуынша, Антон Бударов 2023 жылдың 14 желтоқсаны күні Instaqram әлеуметтік желісіндегі «budarov_anton» парақшасында Салтанат Нүкенова туралы жалған ақпарат жариялаған.

Осыған байланысты зардап шегуші тарап, яғни, Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді блогердің үстінен арыз жазған. 2024 жылдың 20 мамыры күні Алматы қаласы Бостандық ауданының соты блогерге қатысты үкім шығарған.

Бұл ақпаратты хабарлап отырған Дамир Ишмамбетовтің айтуынша, Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін марқұмның ар-намысын қаралайтын жазбалар көп кездескен.