Сиыр жылын қалай қарсы аламыз?

63

Елімізде 2020 жылдың 25 желтоқсанынан бастап 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін шектеу шаралары күшейтілді. Осыған орай Жаңажылдық ертеңгіліктер мен мерекелік кештер өткізуге тыйым салынды. Осылайша Үкімет мерекені отбасы мүшелерімен қарсы алып, коронавирус індетіне байланысты сақтық шараларын қатаң ұстануға үндеп отыр. Ал енді әлемдік пандемия жағдайында өзге елдер Жаңа жылды қалай қарсы алмақ?

Алғашқылардың бірі болып Ресей мемлекеті жаңажылдық іс-шаралар өткізуден бас тартты. Алайда көршімізде 7 жасқа дейінгі балаларға мерекелік сыйлық ретінде 5000 рубльден таратылады.
«Еріктілер маған Жаңа жыл қарсаңында балаларды қолдауға арналған сан алуан идея ұсынды. Биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңажылдық шыршаға арналған шаралар өтпегенімен мерекелік сыйлық ретінде балаларға 5000 рубльден тағайындап отырмыз. Бұл кеңесе отырып қабылданған шешім», – деді Ресей Президенті Владимир Путин.
Нидерланды елі болса, мерекелік отшашулар болмайтындығын ресми түрде мәлімдеді. Олар отшашудан бас тартуларының бір сырын пиротехниканы дұрыс пайдаланбаудың салдарынан ауруханаға әдеттегіден 3 есе көп адам түсетіндігімен түсіндіруде. Қазір дәрігерлер коронавируспен әлек болып жатқанда емханалардағы жүктемені арттырмас үшін олар осындай шешім қабылдаған. Билік тауарды алдын ала сатып алып қойған кәсіпкерлерге алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Себебі саудагерлердің өнімдерін келесі жылға дейін сақтау үшін арнайы қоймалар беріліп, қолдан келгенше көмек көрсетілуде. Ал тәртіпке бағынбағандар болса, 100 еуро айыппұлмен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.
Чехия астанасы Прагада да биыл мерекелік отшашу атылмайды. Қазір мұндай шектеу шарасын Испания мен Франция мемлекеті де қарастыруда. Францияда қазір локдаунға байланысты ең қажетті тауарлар сататын дүкендер ғана жұмыс істеп тұр. Қалғандары жабық. Дегенмен Париждегі сауда орындары мерекелік безендіруден бас тартпауда. Бұны билік те қолдап отыр. Себебі індеттен әбден шаршаған халықтың ойын бір мезгіл басқа арнаға бұру үшін сауда орындарының қызыл-жасыл күйге енгенін ел басшылығы құп көруде.
Біріккен Араб Әмірліктерінде жабық сауық кештерін өткізуге рұқсат жоқ. Сирия билігі де Жаңа жылды тойлауға тыйым салды. Сондай-ақ коронавирус індетіне байланысты Латвияда жаңажылдық іс-шараларды өткізуге болмайды. Ал АҚШ мерекелік жиындар өткізбеу туралы шешімді әлі қабылдаған жоқ. Бұл елде балалар мен тұрғындардың көңіл-күйін түсірмеудің тың жолы жасалған. Мәселен көпшілік орындарда отыратын Санта-Клаус пен оған келетін балақайлардың арасын органикалық әйнек бөліп тұрады. Бұл бір жағынан мерекелік көңіл-күйді түсірмеу үшін жасалса, екіншіден кәсіпкерлерге көмек. Өйткені Санта-Клаусты көру үшін мереке күндері сауда орындарына көп адам келетіндіктен кәсіпкерлердің табыс табуы үшін тамаша мүмкіндік.
Британдықтар да балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлаудың амалын тапқан. Жергілікті өнертапқыштар мобильдік қосымша жасап шығарып, сол арқылы Санта-Клаус балалармен жеке жолықпаса да онлайн кездесе алады.
Италия мемлекеті болса, Жаңа жыл мерекесі кезінде жалпыұлттық карантин енгізіп отыр. Жаңа тәртіпке сай желтоқсанның 24-інен қаңтардың 6-сына дейін аймақаралық қатынасқа тыйым салынады. Тұрғындардың үйден тек жұмысқа немесе аса қажет жағдайда ғана шығуына рұқсат. Мейрамхана мен дәмханалар жабылып, сауда орталықтары, дүкендер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Италия премьер-министрі Джузеппе Конте: «Елде індеттің таралуы бәсеңдемей тұр. Мереке күндері вирусты жұқтыру күрт өсуі мүмкін. Сондықтан шектеу шаралары қатаңдатылатын болады», – деп халықты сабырға шақыруда. Биліктің мұндай қадамға неліктен барып отырғанын түсінуге болады. Себебі Апеннин түбегіндегі елде бүгінде вирусты жұқтырғандар саны 2 миллионға таяды.
Ал кейбір елдер халықты жаппай тестілеуден өткізу арқылы Жаңа жыл мерекесін тойлауды ойлап отыр. Олардың қатарында Словакия, Австрия сынды мемлекеттер бар. Австрия канцлері Себастьян Курц : «Австрия халқын жаппай тестілеуден өткізу жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл індетті еңсеріп, мейрамды қауіпсіз ортада тойлау үшін жасалады. Жаппай тестілеуден алдымен мұғалімдер өтеді. Өйткені көптеген шаралар мектеп қабырғасында ұйымдастырылмақ. Егер жоспарымыз жүзеге асса, мерекені қауіпсіз қарсы алуға мүмкіндік туады», — дейді канцлер.
Міне, осылайша әлем елдері биылғы Жаңа жылды әрқалай қарсы алмақ. Бұл шынында соңғы ғасырда болмаған мереке болғалы тұр. Елімізде шектеу шаралары күшейтілгенімен отшашулардың сатылуына тыйым салу немесе халықты жаппай тестілеуден өткізу сынды бастамалар көтерілмеуде. Десе де биылғы Жаңа жылда босаңсымай, өзіміз және жақындарымыздың саулығы үшін барынша сақ болайық!

 

Саян Тілеужан