Суық үйде береке болмайды

0 89

Биыл өңір табиғаты жылдағыдан ерекше тосын мінез танытты. Шаһарымыз бір-ақ күнде ақ ұлпа қарға оранып, ызғарлы суық жұртшылықты дірдек қақтырды. Таңғы және кешкі аяз қаңтардағы шекені тесіп өтердей сары аяздан кем болған жоқ. Көпқабатты тұрғын үйлерге берілетін жылу жүйесіне қатысты да тараздықтар арасында шағым көбейді. Пәтерінде бүрсең қаққан жұрт «Тараз қаласы жылыту маусымына дайын емес» деген ойға қалды.

Суықтан қабат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр болғандардың бірі – «Қаратау» ықшамауданы 11-үйдегі 28-пәтердің тұрғыны Феруза Әтешова.
– Қыс түспей жатып жаурап отырмыз. Суық үйден бойымыз бір жылымады. Жылу батареясы бірде ысып, ал бірде қанжылым болып тұрады. Қазір қайта күн жылынып, білінбей отыр. Әйтпесе бір қалыпты жоғары температура берілмейтін пәтерде шыдау мүмкін емес. Үш бөлмелі пәтерде жолдасым және 2 баламмен тұрамын. Балаларым тым жас. Бірі 4 айлық нәресте болса, үлкеніміз 3 жарым жаста. Суық үйден ауруға шалдығу қаупі туған соң, Байзақ ауданындағы ата-енемнің үйіне барып паналадық. Қалтамыздан ақы төлеп отырып, үйде бүрсең қағу әділетсіздік деп ойлаймын, – дейді Ф.Әтешова.
Мұндай шағым «Қарасу» ықшамауданының тұрғындарынан да түсті.
– «Жамбыл-Жылу» мекемесі таратып отырған жылудың қуаты төмен. Осы жылға дейін мұндай мәселе бұрын болмаған. Биыл «Жамбыл–Жылу» мекемесі жылыту қазандығын ауыстырды деп естідік. «Бар кінәрат осы қазандықта ма?» деген күдігіміз бар, – дейді аталған ықшамаудандағы №8 үйдің тұрғындарының бірі – Қ.Рахметуллина.
Осыдан кейін біз аталған мекеменің №2 аудан бойынша №1 жылыту қазандығына барып, мән-жайды білдік. «Жамбыл-Жылу» мекемесінің бас инженері Бөріхан Ниязқұлов шаһарда өздеріне тиесілі жылу құбырының ішіндегі тозығы жеткендерін, яғни екі шақырымға жуығын жаңғыртқандарын, №2 аудан бойынша №1 жылыту қазандықтың екеуін де жаңасына алмастырғандарын айта келе, қазандыққа қатысты шағым орынсыз екенін жеткізді. Оның айтуынша №1 жылыту қазандығы арқылы таратылған жылу қуаты қазір әр тұрғын үйдің іргесінде +62-63°С температураны көрсетіп тұр екен. Өткендегі суықта бұл көрсеткіш +70-75°С болған.
– Облыс орталығында бізден де басқа «ТаразТрансЭнерго» кәсіпорны, «София» серіктестігі секілді жылу тарататын мекемелер бар. Мұны сөз етіп отырған себебім, жалғыз «Қаратау», «Қарасу» ықшамаудандары ғана емес, аязды күні қаланың бірнеше ықшамауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде температуралық режим сақталған жоқ. Басты себеп – кейбір тұрғын үйлердің келетін жылуды қабылдауға дайын болмауынан, өз кезегінде тұрғындар тарапынан үй ішіндегі тік құбырларды (стояк) тазаламағанынан, құбырлардан, батареялардан ауа шығару жұмыстарының жүргізілмеуі. Мәселен бізге тиесілі «Қарасу» ықшамауданы №20 үйдің 2-блоктағы көпбалалы отбасы тұратын №17 пәтердің ішкі жылу жүйесі жұмыс істемей тұрғаны жөнінде шағым түскен. Ондағы жылу жүйесін тексеріп, көмек ретінде ақауы бар ішкі жылу жүйесін өзіміз қалпына келтіріп бердік. Бұл мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткізген арнайы жиында да айтылды. Қысқаша айтқанда, біздің тарапымыздан жылуға қатысты еш кемшілік жоқ, – деді бас инженер.
№1 жылыту қазандығының басшысы Қайрат Кенжебековтің айтуынша, олар тұрғын үйге дейінгі келетін жылудың температурасына ғана жауапты. Одан кейінгі, яғни жертөледегі жылу жүйесінің қалыпты болуы пәтер иелері кооперативінің міндеті. Ал одан шыққан жылудың әркелкі болуы тұрғындардың өзінен.
– №2 аудан бойынша №1 жылыту қазандығы үш бірдей ықшамаудандағы 91 нысанға жылу беріп отыр. Тұрғындар шағымы бойынша біз міндетімізге жатпаса да, бірқатар көппәтерлі үйлердің жертөлесін тексеріп шықтық. Көбіне ақау тұрғындардың кінәсінен болып шықты. Мәселен әр бөлмедегі жылу батареяларының температурасы әркелкі болуы немесе бірде ысып, бірде сууы құбырдағы ыстық су айналымының жүйесіздігін көрсетеді. Егер жылу батареясы қоңыр салқын немесе мұздай болып тұрса, ең алдымен бесінші қабаттағы пәтердің және сол жерден яғни жоғарыдан төмен түскен жертөледегі жылу құбырының ауасын шығару керек. Кейде пәтерден-пәтерге өтетін және тік тұрған жіңішке жылу құбырларының бойына қақ толып қалады. Сол үшін негізгі тік құбырларды жаңасына алмастыру қажет. Бұдан нәтиже шықпаса, көршілер бір-бірінің үйін тексеруі керек. Мәселен тұрғынның бірі өз пәтеріндегі жылу батареясына ыстық суды бөгеу, қайта ашу үшін кран орнатып қоюы мүмкін. Бұл оның керек кезінде жылуды өзінде ұстап тұрып, үйі қатты ысығанда ғана көршілеріне жіберіп отыруы үшін қажет. Заңға сыймаса да мұны кез келген адам орнатып алуы мүмкін. Әсіресе мұндай жайт еденіне жасырын жылу жүргізілген пәтерлерде міндетті түрде кездеседі. Тұрғындардың кейбірі көршісінің еденге жылу жүргізгенін біле тұра көз жұма қарайды. Салдарынан оның асты немесе үстінде отырған көршілері зардап шегеді. Ал бұған заңда рұқсат жоқ. Оған салынатын айыппұл қомақты. Қазіргі жылуға қатысты айқай-шу осы секілді мәселелерден туындап отыр, – деді Қ.Кенжебеков.
«Қаратау» ықшамауданы бойынша «Даму» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Жандос Жарасов та «Жертөледе ешқандай мәселе жоқ, жылуға қатысты шағым түсірген тұрғын үйлердің көбісінің тік құбыры ауыспаған», деген уәж айтып отыр.
Біздің бір түсінгеніміз, жылу жүйесіне жауаптылар бар кінәні тұрғындарға артады. Сонда олар қарамағындағы тұрғын үйлердің жылу қабылдауға дайын-дайын еместігіне зерделеу жүргізбейтін болғаны ма? Ең болмаса пәтер иелері кооперативі ауыстыруды қажет ететін тік құбырларды анықтап, жылу қабылдауға кедергі келтіретін жайттар бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын неге жүргізбейді? Жылу тарату мекемелері осыны талап етсе, мәселе туындамас еді. Әлде «Үйді иесіне қарап қадірле» демекші, бұл жерде тұрғындар арасынан сайланған кейбір тұрғын үй басқарушылары осалдық танытып жүр ме екен?

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.